«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҒАЛЫМҒА – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Жастар және ғылым – 2021» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ету мақсатын көздеген дәстүрлі шара «ZOOM» платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.

Конференцияны ашқан университет ректоры Ерлан Шуланов соңғы жылдары ел жастары инновациялық жобаларды ойлап тауып, отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүргенін атап айтты. Бұдан кейін Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері, еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттері баяндамаларын оқыды. Олардың ғылыми еңбектерінде ауыл шаруашылығы, жаратылыстану, педагогика, психология, экономика, құқық және тарих ілімдеріндегі өзекті мәселелер қамтылды.
Жиын барысында Түркияның Денизли қаласынан тікелей байланысқа шыққан Памуккале университеті қоғамдық ғылымдар институтының докторанты Айнұр Архыматаева «Түркия Республикасындағы «Ортақ түркілік» мәселесінің зерттелуінің кейбір жақтары» атты еңбегін таныстырды. Шетелдік маман ғылыми жұмысында Орта Азия елдерінің Қазақстанмен тығыз байланысы жайлы айтып, түркі әлемі үшін ежелгі Түркістан шаһарының маңыздылығын атап өтті. Ал жергілікті университеттің магистранты Сабина Қамзинова Александр Островскийдің пьессаларындағы «ақша» сөзінің қолданылуы аясы жайындағы баяндамасын оқыды.
Шараны қорытындылаған ұйымдастыру комитеті конференция нәтижесі бойынша ғылыми мақалалар жинағы шығарылатынын мәлімдеді.

Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының
бас редакторы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp