«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бәрімізге үлкен сын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ тілін бүкіл халқымыздың біріктіруші факторына ай­налдырудың бар­лық құқықтық тәсілдері мен кепіл­дік­тері қарастырылғанына қарамастан, өзге этнос өкілдерін айтпай-ақ қояйық, ана тілін меңгермегендердің арасын­да өз ағайындарымыздың үлесінің көптігі ойландырмай қой­майды. Бүлдір­шін­дердің тіл игеруінде балабақшалар мен мектептердің өлшеусіз рөл ат­қаратыны белгілі, алайда, әлі күнге дейін аралас білім ошақтарының азаймай отыр­ғанына, орыс сыныптарындағы оқушылар ішінде қазақ бала­ларының ба­сымдығына не себеп? Газетімізде жарық көр­ген “Етектен тартқан, еңсені ез­ген енжарлық” атты ма­қала осындай сансыз сауалдардың астарына үңі­ліп, себеп-салдарларын тарқатуды мақсат еткен. Мақала оқырман­да­­ры­­мызды бей­жай қалдырмаған сияқты. Тіл жанашыры Қажымұрат Нәсиев мақалаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісуді жөн көріпті.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілге де­ген көзқарас түбегейлі өзгеріп, қоғам­да­ғы орны мен мәртебесін орнықтыру бағы­тында атқарылған ұлан-ғайыр жұмыстар­ды жоққа шығарудан аулақпын. Алайда, те­ріскей жақтарда тасбақаның мимырт жү­рісіне ұқсас ана тіліміздің қазіргі ахуалы қа­радай қарын аштырады. Аққайың ауданы, Ленин елді мекенінде ана тіліне жүрдім-бар­дым қарап, құлдық сана қамытынан шы­ға алмай отырған қандастарымыздың нем­құрайдылығын ешнәрсемен ақтауға бол­майды.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы бір оқиға ойыма оралып отыр. Осы ауыл­дық кеңес аумағында орналасқан Дайын­дыққа студенттік кезде ауыл шаруашылығы жұмыстарына барған кезім. Таза қазақ ауы­лында мектеп орысша, барлық қазақ бала-ларының жат тілде оқығаны мені қатты таң­ғалдырған. Кеңестік идеологияның қылы­шы­нан қан тамып, “совет халқы бір тілде ға­на сөйлейді” деген астамшыл саясаттың үс­темдік құрып, не орыс емес, не қазақ емес дүбәрә ұрпақты тәрбиелеп жатқаны жө­нін­де мақала жазғаным бар. Егемендіктің ар­қа­сында, Біржан Шаймерденов сияқты азамттардың қолдауымен қазір Дайындық ауылы адам танымастай өзгеріп, балалар тек ана тілінде ғана білім алып жатқаны қуантады. Ал округтің орталығы кеңестік дә­уірдің елесінен құтылуға асығар емес. Жер­гілікті атқамінерлердің ұлттық идеологияны әлсіретіп жіберуі, мемлекеттің басты ныша­ны – мемлекеттік тілдің басымдығын қамта­масыз ете алмауы – үлкен сын. Ата-аналар­дың ел келешегі саналатын ұрпағының ана тілінде білім алуына қолдау көрсетпеуі, мемлекеттік тілдің келешегіне сенбеуі ұл­тымыз үшін қауіпті жағдай дер едім. Отыз жыл өтсе де, әсіресе, мен қазақпын деп, ата-тегін құжатта жаздыртқан азаматтар­дың ұлттық санасының өзгермеуі рухани дағдарысқа соқтыруы ғажап емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғы­ру” бағдарламасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа тарихи сана қалып­тас­тыру идеясы бұл ауылға жетпеген сияқ­ты. Мұның өзі жауапты мемлекеттік қыз­меткерлердің жұртшылықпен саяси-идео­логиялық түсіндіру жұмыстарын пәрменді түрде жүргізбей отырғанын айғақтайды. “Таяқтың екі ұшы бар” демекші, қарапайым ха­лық пен ата-аналарды біржақты кінәлай беру орынсыз. Мақалада атап көрсетіл­ген­дей, мемлекеттік тілдің рухани-мәдени кеңістігінің кеңінен қанат жаюына ішкі сая­сат, білім беру ұйымдары мүдделілік таны­туы тиіс. Жасыратыны жоқ, бұл бағыттағы іс-шаралар көбіне жалаң түрде атқарыла­тынына өзіміз куәміз. Жинақталған жақсы тәжірибелер насихатталмай жатады.

Тағы бір айтайын дегенім, мектеп ди­рек­торларын таңдағанда ұлтжанды, қазақы қасиеттерді бойына молынан сіңірген аза­маттар арасынан іріктеген ләзім. Маман­ның біліктілігі, кәсіби шеберлігі өз алдына, алдымен мемлекеттік тілге деген көзқарасын айқындап алғанның еш артықтығы жоқ. Меніңше, ұжымдарда тілдік орта қалыптас­тыруды жиналыстарды, кездесулерді, бас­қосуларды мемлекеттік тілде жүргізуден бас­тап, біртіндеп енгізу, дағдыға айнал­ды­ру өз жемісін берері сөзсіз. Мұның өзі сана­сы қалғып кеткен қазақтардың ұлттық на­мы­сын оятудың пәрменді тетігі болар еді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру­дың әдіс-тәсілдері жетіп артылады. Прези­дент “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақала­сында атап өткендей, ниет, құлық болса, қазақ тілін меңгеру қиын шаруа емес. Нақ­ты мысал келтірейін. Мен тұратын тұрғын үй кешенінде ана тіліміздің беделін көтеру бағытында қоғамдық негізде сан-салалы жұмыстар атқарылады. Олай болса, мек­тептер жанынан ана тіліміздің мәртебесін көтеруге ықпал ететін ауылдастар алқасын құру, осы арқылы мектеп басшылығы мен ұжымның жұмысын қадағалап, бағыт-бағ­дар беріп, жөн сілтеп отырса, қандай ғани­бет! Кезінде Мамлют ауданы, Бостан­дық ауылында қазақ мектебінің сақталып қалуына, жаңа ғимарат салуға қадірменді ақсақалдар зор еңбек сіңірді. Менің ойым­ша, мектеп ұжымы мемлекеттік тілді жаң­ғыртуға саналы түрде бет бұрмай қазақ сы­ныптары көбейіп, ұлттық білім ошағына айналады деу – бекершілік. Көп мәселенің ойдағыдай шешілуі бірінші басшының ұстанған көзқарасына байланысты.

Тіл – қоғамдық өміріміздің ажырамас бір бөлшегі, мемлекеттілігіміздің басты белгісі. Орыс тілін білмесең нан тауып жей алмай­сың деген қасаң қағиданы санадан ысырып тастап, баланың ана тілінде толыққанды білім алуына бәріміз мүдделі болуымыз керек.

Қажымұрат НӘСИЕВ,

педагогика саласының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp