«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСПАН ӘЛЕМІН БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫРЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл құпиясы мол әлем кеңістігіне адам баласының алғаш сапар жасағанына 60 жыл толады. Дәл осы күні Байқоңырдан ғарышқа Юрий Гагарин аттанып, адамзат дамуының жаңа дәуіріне жол ашты. Оның “Восток” кемесімен жер орбитасын айналып ұшуы 108 минутқа созылды. Ғарышты игеруге қазақстандықтардың да қосқан үлесі орасан.

Қазақстаннан кімдер ғарышқа ұшты деген сауал қойылса, ауыз­ға алдымен Тоқтар Әубәкіровтың есімі оралатыны заңды. Ол 1946 жылы Қарағанды облысы Қарқа­ралы ауданында туған. КСРО-да алғаш болып МиГ-29К ұшағын трамплиннің көмегімен “Тбилиси” крейсерінен көкке самғатқан. Авиа­ция тарихында бірінші рет жа­ңа әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақ баласының бұл ерлігі Гин­нестің рекордтар кітабына енгізіл­ді. Тоқтар Оңғарбайұлы КСРО-ның соңғы және қазақ ұлтының ал­ғашқы ғарышкері саналады. 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Әубә­кі­ров – нөмірі бірінші ғарышкер ғана емес, ол алғаш рет басқа кеңіс­тікте жүріп қазақтың ұлттық таға­мынан дәм татқан адам. Ғалым­дар ірім­шік, айран және етті ға­рыш­та жү­ріп жеуге болатындай етіп әзір­ле­ген. 1991 жылдың 2 қа­занында ға­рышқа экипаж коман­дирі Алек­сандр Волков және ав­стриялық ғарышкер Франц Фибек­пен бірге “Союз ТМ-13” кемесімен ұшты. “Мир” орбиталық кешенінің бор­тында жұмыс істеді. Армавир жо­ғары әскери ұшқыштар учи­лище­сінің түлегі бір айдың ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышқа шықты.

Қазақтан шыққан екінші ға­рыш­кер Талғат Мұсабаев 1951 жы­лы 7 қаңтарда Қарғалыда дүниеге келген. Ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Ол да Гин­несстің рекордтар кітабына ен­ген, осы күнге дейін Талғат секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмепті. Бірінші рет 1994 жылы “Союз ТМ-19” және ЭО-16 кемесінің бортинженері ретінде ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 53 минут және 36 секунд жүрді. Екінші сапары 1998 жылы “Союз ТМ-27” мен ЭО-25 кеме­лерінде борт командирі ретінде жалғасты. Үшінші сапары 7 күн 22 сағат 4 минут 3 секундқа созылды. Талғат Мұсабаев – Қазақстанның Халық қаһарманы ғана емес, Ре­сей Федерациясы­ның да Батыры. Ғарыш сапарларының бірінде өлім құша жаздаған. Айтуынша, ашық ға­рыш­қа шыққан кезде ке­меге бекі­тетін тетік ажырап кет­кен. Құдай­дың құдыретімен аман қалған.

Айдын Айымбетов – ғарышқа ұшқан үшінші қазақ. Ол 1972 жы­лы Талдықорған қаласында дү­ниеге келген. 2015 жылдың 2-12 қыр­­күйегі аралығында “Союз ТМА-18М” кемесінің екінші бор­тин­же­нері ретінде ұшты. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.

Балқаштық Юрий Лончаков та ғарышқа үш рет ұшып, 200 күн 18 сағат 36 ми­нут болған. Ол 1965 жы­лы бұрын­ғы Жезқазған облы­сын­да туған. 2001, 2002 және 2008 жылдары ғарышқа көтерілген.

Ғарыш кеңістігін бағындырған ба­тырлардың екеуі – біздің жер­лесіміз. Петропавлдың тумасы Вла­димир Шаталов – ғарышкер-ұш­қыш, авиацияның генерал-лей­тенанты, екі мәрте Кеңес Одағы­ның Батыры, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ғарышқа үш рет көтерілген. Әскери әуе күш­терінің арнаулы мектебін, Качинск авиация училищесін, Әскери әуе академиясын бітірген. 1969 жылы “Союз-4” кораблімен алғаш рет ға­рышқа ұшты. Сол жылы “Союз-8” кораблінің командирі ретінде үш корабль құрамында топтасып ұшуға қатысты. 1971 жылы үшінші рет көк күмбезіне көтерілді. 1991 жылға дейін ғарышкерлер даяр­лау орталығына жетекшілік етті. Петропавл қаласының құрметті аза­маты. Есімі облыс орталығын­дағы көшеге және орта мектепке берілген. Орталық мәдениет және демалыс саябағында мүсіні ор­натылған.

Екінші жерлесіміз Александр Викторенко 1947 жылы Шал ақын ауданы, Ольгинка елді мекенінде дүниеге келген. Орынбор жоғары әскери авиация ұшқыштар учили­щесін тамамдаған соң, Әскери әуе күштерінде қызмет еткен. Ғарыш­керлер сапына 1978 жылы қабыл­данған. 1987 жылы “Союз ТМ-3” ға­рыш кемесінің командирі болды. Кеңес Одағының Батыры. Ресейде тұрса да туған жерімен тығыз байланыста. Петропавл құ­рылыс-экономикалық коллед­жі­нің студенттеріне ғарышкердің атында арнайы стипендия таға­йын­далған.

Ғарышқа ұшу тақырыбы көте­ріл­генде адам баласына әуе ке­ңіс­тігіне жол ашқан Байқоңыр ға­рыш айлағы туралы айтпай кету әбес­тік болар. “Байқоңыр” – әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымнан асады. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке – 75, батыстан шы­ғысқа 90 ша­қырымға жуықтайды. Айлақтың жер бетіндегі инфрақұрылымы 9 ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштар құрас­ты­рып, сынақ­тан өткізілетін 11 ғи­маратты, ғарыш аппараттары мен екпінді блок­тарға отын және сығылған газды құюға арналған 3 стансаны, 2 аэродромды және өлшеу кеше­нін қамтиды. Бай­қо­ңыр­дан Күннің, Айдың, Шолпан­ның алғашқы жа­санды серіктері, “Восток”, “Вос­ход”, “Союз”, “Прог­ресс” ғарыш ке­ме­лері, “Салют”, “Мир” орбиталық стан­циялары, ға­рышта жұмыс жүр­­гізуге арналған “Протон”, “Зонд”, “Прогноз”, бай­ланыс мақ­саты үшін пайдаланы­латын және метеорологиялық ба­қылаулар жүр­гізуге арналған “Мол­ния”, “Эк­ран”, “Горизонт”, “Ра­дуга”, “Ме­теор”, т.б. жасанды жер серіктері ұшырылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp