Қазақ тілін бүкіл халқымыздың біріктіруші факторына айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері мен кепілдіктері қарастырылғанына қарамастан, өзге этнос өкілдерін айтпай-ақ қояйық, ана тілін меңгермегендердің арасында өз ағайындарымыздың үлесінің көптігі ойландырмай қоймайды. Бүлдіршіндердің тіл игеруінде балабақшалар мен мектептердің өлшеусіз рөл атқаратыны белгілі, алайда, әлі күнге дейін аралас білім ошақтарының азаймай отырғанына, орыс сыныптарындағы оқушылар ішінде қазақ балаларының басымдығына не себеп? Газетімізде жарық көрген “Етектен тартқан, еңсені езген енжарлық” атты мақала осындай сансыз сауалдардың астарына үңіліп, себеп-салдарларын тарқатуды мақсат еткен. Мақала оқырмандарымызды бейжай қалдырмаған сияқты. Тіл жанашыры Қажымұрат Нәсиев мақалаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісуді жөн көріпті.
Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, қоғамдағы орны мен мәртебесін орнықтыру бағытында атқарылған ұлан-ғайыр жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпын. Алайда, теріскей жақтарда тасбақаның мимырт жүрісіне ұқсас ана тіліміздің қазіргі ахуалы қарадай қарын аштырады. Аққайың ауданы, Ленин елді мекенінде ана тіліне жүрдім-бардым қарап, құлдық сана қамытынан шыға алмай отырған қандастарымыздың немқұрайдылығын ешнәрсемен ақтауға болмайды.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы бір оқиға ойыма оралып отыр. Осы ауылдық кеңес аумағында орналасқан Дайындыққа студенттік кезде ауыл шаруашылығы жұмыстарына барған кезім. Таза қазақ ауылында мектеп орысша, барлық қазақ бала-ларының жат тілде оқығаны мені қатты таңғалдырған. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып, “совет халқы бір тілде ғана сөйлейді” деген астамшыл саясаттың үстемдік құрып, не орыс емес, не қазақ емес дүбәрә ұрпақты тәрбиелеп жатқаны жөнінде мақала жазғаным бар. Егемендіктің арқасында, Біржан Шаймерденов сияқты азамттардың қолдауымен қазір Дайындық ауылы адам танымастай өзгеріп, балалар тек ана тілінде ғана білім алып жатқаны қуантады. Ал округтің орталығы кеңестік дәуірдің елесінен құтылуға асығар емес. Жергілікті атқамінерлердің ұлттық идеологияны әлсіретіп жіберуі, мемлекеттің басты нышаны – мемлекеттік тілдің басымдығын қамтамасыз ете алмауы – үлкен сын. Ата-аналардың ел келешегі саналатын ұрпағының ана тілінде білім алуына қолдау көрсетпеуі, мемлекеттік тілдің келешегіне сенбеуі ұлтымыз үшін қауіпті жағдай дер едім. Отыз жыл өтсе де, әсіресе, мен қазақпын деп, ата-тегін құжатта жаздыртқан азаматтардың ұлттық санасының өзгермеуі рухани дағдарысқа соқтыруы ғажап емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа тарихи сана қалыптастыру идеясы бұл ауылға жетпеген сияқты. Мұның өзі жауапты мемлекеттік қызметкерлердің жұртшылықпен саяси-идеологиялық түсіндіру жұмыстарын пәрменді түрде жүргізбей отырғанын айғақтайды. “Таяқтың екі ұшы бар” демекші, қарапайым халық пен ата-аналарды біржақты кінәлай беру орынсыз. Мақалада атап көрсетілгендей, мемлекеттік тілдің рухани-мәдени кеңістігінің кеңінен қанат жаюына ішкі саясат, білім беру ұйымдары мүдделілік танытуы тиіс. Жасыратыны жоқ, бұл бағыттағы іс-шаралар көбіне жалаң түрде атқарылатынына өзіміз куәміз. Жинақталған жақсы тәжірибелер насихатталмай жатады.
Тағы бір айтайын дегенім, мектеп директорларын таңдағанда ұлтжанды, қазақы қасиеттерді бойына молынан сіңірген азаматтар арасынан іріктеген ләзім. Маманның біліктілігі, кәсіби шеберлігі өз алдына, алдымен мемлекеттік тілге деген көзқарасын айқындап алғанның еш артықтығы жоқ. Меніңше, ұжымдарда тілдік орта қалыптастыруды жиналыстарды, кездесулерді, басқосуларды мемлекеттік тілде жүргізуден бастап, біртіндеп енгізу, дағдыға айналдыру өз жемісін берері сөзсіз. Мұның өзі санасы қалғып кеткен қазақтардың ұлттық намысын оятудың пәрменді тетігі болар еді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырудың әдіс-тәсілдері жетіп артылады. Президент “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында атап өткендей, ниет, құлық болса, қазақ тілін меңгеру қиын шаруа емес. Нақты мысал келтірейін. Мен тұратын тұрғын үй кешенінде ана тіліміздің беделін көтеру бағытында қоғамдық негізде сан-салалы жұмыстар атқарылады. Олай болса, мектептер жанынан ана тіліміздің мәртебесін көтеруге ықпал ететін ауылдастар алқасын құру, осы арқылы мектеп басшылығы мен ұжымның жұмысын қадағалап, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отырса, қандай ғанибет! Кезінде Мамлют ауданы, Бостандық ауылында қазақ мектебінің сақталып қалуына, жаңа ғимарат салуға қадірменді ақсақалдар зор еңбек сіңірді. Менің ойымша, мектеп ұжымы мемлекеттік тілді жаңғыртуға саналы түрде бет бұрмай қазақ сыныптары көбейіп, ұлттық білім ошағына айналады деу – бекершілік. Көп мәселенің ойдағыдай шешілуі бірінші басшының ұстанған көзқарасына байланысты.
Тіл – қоғамдық өміріміздің ажырамас бір бөлшегі, мемлекеттілігіміздің басты белгісі. Орыс тілін білмесең нан тауып жей алмайсың деген қасаң қағиданы санадан ысырып тастап, баланың ана тілінде толыққанды білім алуына бәріміз мүдделі болуымыз керек.
Қажымұрат НӘСИЕВ,
педагогика саласының ардагері.