«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРМЕН ТАЙТАЛАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жүзінен күлкі таймайтын, көр­ген жерінде “ағалауынан” әсте танбайтын, бірақ онысы­нан жас­қаншақтық емес, адамға деген үйір­сектік лебі есіп тұратын бұл жігітпен он жыл бұрын танысқан едім. Сол кезде ол марқұм Шә­міл Шақшақбаевтың мұрындық бо­луымен ашылған қаланың шетіндегі – тірек-қимыл аппараты зақымданған жандарға арналған арнайы мектеп-интернатта тұрып жатқанды. Бұл нысан – жүріп-тұрулары қиын болса да, өмірге деген құштарлығы ерек­ше жандар бас қосқан үй. Бірі әнге, екіншісі биге, тағы бір тобы білімге құштар. Тағдырдың тезі­не түссе де, армандарынан қайтпаған қыз-жігіттердің ерік пен жігеріне таң­ғаласың. Сәлімхан Сәбитов журналист болуды армандап жүр екен. Бейнекамера алдында өз ойын, арман-мақсатын қысылмай айтып берді. Телевидениенің жұмысы қауырт, түсірілім аяқталғасын тез-тез асай-мүсейімізді жинап, кетіп қалдық. Әдетте, материал эфирге шыққасын кейіпкер жай­лы ұмытып кететінмін. Бірақ Сәлімхан көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Маған бұл жігіттің ашықтығы, ақсары жүзінен балалықтың табы әлі кетпеген, төменшіктеуді білмейтін, әр адаммен өзін тең дәрежеде ұстағысы келетін қайсарлығы ұнады. Бірақ күнделікті күйбең тірлік, небір керемет ойлардың өзін санадан ысырып тастайды емес пе, сергек жігіт туралы да уақыт өте келе ұмыта бастап едім. Бір күні ойламаған жерден телестудияның кең дәлізінде кездесіп қалдық. Костюм-шалбар киген, мойнына таққан шоқпардай қызыл галстугы бар.

– Аға, сәлеметсіз бе? – дейді ол жанары жалт етіп.

Бірден таныдым. Сәлімхан! Қалың қалай? Бағдарламаға келдің бе?

– Жоқ, аға, студентпін ғой, жур­факта оқимын, өндірістік тәжірибеден өтуге келдім!

Даусынан мақтаныш сезімі се­зіліп тұр. Бұл кездесу де санамда көпке дейін сайрап тұрды, қимыл-қозғалысы қиындау болса да, ойы сергек. Бұдан кейінгі өмір жолын ара-тұра жұмыс барысында кездескенде өзінің әңгімелеп бергендерінен немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардан біліп отырдым. Университетті ойдағыдай аяқтағасын жұмысқа тұрып, қызмет етті. Отбасын құрып, сәби сүйгенін де әлеуметтік желі арқылы біліп, іштей қуандым.

Сәлімхан – өте белсенді жігіт. Ғимараттардың алдында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустардың жоқтығы мәселесін көтеріп, шырылдап жүргендердің бірі. Жұмысы жеміссіз де емес. Осыдан үш жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашты дегенде тіпті қуандым. Арнайы машина сатып алып, өз тағдырластарына көлік жүргізіп үйретуді қолға алуы – Қызылжар өңірі үшін тосын жаңалық болғаны өтірік емес. Бүгінде қала көшелерінде “темір тұлпарымен” жүйткіп жүрген Сәлімханды көрсек, таңғалмайтын болдық.

Кей кездері қол-аяғы балға­дай азаматтар­дың өзі қиындықтардан жасып, жігері құм болып жүргенін көргенде бұл жігіттің бойындағы қайратына сүйсінемін. “Өмір – күрес” дегенді Сәлімханға қарата айтқан ба деп те ойлаймын ішімнен. Жақында өзімен жүздесіп, балалық шағы мен қазіргі тұрмысы, өмір соқпақтары жайлы әңгімелестік. Өзі­не хабарласып, кездескісі келетінін айтқанымда: “Түскі үзілісте болмаса, басқа уақытта ыңғайы келмейтін шығар, аға, жұмыс көп”, – деді. Содан Интернационал көшесінің бойындағы жемқорлықпен күрес агенттігі департаментінің ғимаратына жеттім. Жымиып амандасты. Інілік ізет танытып, жік-жапар болып амандық сұрап жатыр. Кішілік пен кісілік қалыбынан таймаған, тәлімді тәрбие көрген, қазақы жөн-жосықты білетіні бірден аңғарылады. Бірінші қабаттағы аядай ғана бөлмеде отырады екен.

Жол бойы осы жігіттің балалық шағы қалай өтті екен деген ой мазалаған еді. Әңгімесіне елітіп, қиялым тоқсаныншы жылдардың басындағы Көкшетау қаласына жетектей жөнелді. 1991 жыл. Бұқпа тауының етегіндегі көркі көз тартатын кішкентай ғана қала. Күн райы күрт құбылатын қазан айында дүние есігін ашыпты. Тұңғыш бала болғандықтан әке-шешесінің қуанышында шек болмағаны анық. Бір әттегенайы, бұл қуаныш жарты жылға ғана созылды. Өзінің айтуынша, қол-аяғы сап-сау туғанымен дәрігерлердің салғырттығынан өмір бойына мү­гедек болып қалған. Кеңес одағы шатқаяқтап, республикалар бөлі­ніп жатқан тұста медицинадан да мән кете бастаған жоқ. Дұрыс ем-дом жасалмаған. Сол кезде әкесін қызмет бабымен Семей қаласына ауыстырып, жөргекте жатқан бала Сәлімхан шығыстағы шаһардың кішкентай тұрғыны атанды. Ол жақта да ұзақ тұрған жоқ, туған жерге оралып, Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылында тұратын атасы мен әжесі қолына алды. Немеренің үлкені болға­сын қариялар мәпе­леп бағып, бар мейірімін төкті. Сәлімханның жүрегінің жұмсақтығы, қайырымдылығы, ең бастысы, адалдығының төркіні осы үлкендердің тәрбиесінде екен ғой деген ой сап ете түсті. Бүгінде сол ата-әжесінің аманатын абыроймен арқалап жүр.

– Қыста мектепке жетуім қиын болғандықтан, достарым таңертең үйден шанаға салып әкететін, қайтарда да өздері әкеліп тастайтын. Мені ешкім ренжітіп көрген емес, кемтар деп мүсіркемейтін, сау адамдай алысып-жұлысып ойнай беретінмін, – деп еске алады өзі. Адамдардың бәрін бірдей бауырына тарта білетін қасиетінен болар, Сәлімханның достары көп.

Бірінші сыныпты аяқтай сала аудан орталығы Саумалкөл ауылында тұратын әке-шешесінің қолына қайта келеді. Бұл жерде мектеп әкімшілігі жауапкершіліктен қашып, яғни бала ойнап жүріп құлап қалса, мертігуі мүмкін деп оны үйге мұғалім жіберіп оқытқан. Сәлімханға осы кезең өте ауыр тиді. Құрбыларымен араласа алмай, бұйығы болып қалмас үшін 2011 жылы Петропавл қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа орналасты. Имантау мен Шалқардың әсем табиғатының саясында өскен балаға тас қалаға үйрену оңай болған жоқ. Бөтен ортаға бейімделуі де ұзаққа созылды.

– Өмір үшін нағыз күрес интернатта бас­талды. Біріншіден, қазақ ауылында өстім, қазақша білім алдым. Сондықтан ортаға бейімделу қиынға соқты. Алғашында ойымды түсіндіре алмайтынмын. Сабақ – орыс тілінде. Жанымдағылардың бәрі жат тілде сөйлейді. Түсінісе алмай шеттеп жүрдім. Сол қиын кез­де интернат директоры Шәміл Тауфиқұлының көмегі көп тиді. Өзі қиналып жүрсе де, бізге сыр алдырмайтын. Сенің көмекшің – өзің, өзіңнен басқа ешкімге керегің жоқ деп үйретті. Содан бері менің өмірлік ұстанымым – өзіме ғана сену, – деп ағынан жарыл­ды ол.

Бала кезінде ата-анасының қамқорлығында болған ол өз киімін өзі жуу, кезекшілік атқару секілді қарапайым жұмыстардан бойын аулақ салмай, өмірге бейімделіп, бөгде адамға ауыртпалық түсірмеуді үйренген. Осылайша, он жасына дейін ата-әже мен әке-шешесінің қамқорлығын көрсе, қалаға келе бірден есейіп, етек-жеңін тез жинаған. Табандылығының арқасында орысша­ны да меңгеріп, мектепті ойдағыдай аяқтағасын Солтүстік Қазақстан университетіне өзі қалаған журналистика мамандығына түскен. Аңсаған дипломы қолға тигесін өзі сияқты жандарға арналған қоғамдық ұйым құрып, соның басықасында жүрді. Талай рет бастама көтеріп, өмірдің қиындығымен арпалысып жүрген жандарға қолдау көрсетті, үміт сыйлады. Үміт демекші, Сәлімханның автокөлік жүргізушілерін оқыту мектебі сұранысқа ие. Осыдан 3 жыл бұрын “Тең жол” жобасы аясында көлік сатып алып, мүгедектерді үйретуге кірісті. Үш жылдың ішінде 23 түлек қанат қақса, соның тоғызы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Қашан көрсең, жұмыс бабымен шауып жүретін Сәлімханға автобуспен қатынау – уақытты зая кетірумен тең, ал такси жай да жұқа қалтаңды қағады. Сондықтан не де болса көлік алып, оны жүргізіп үйренуді ниет еткен.

– Мен ашқан орталықта оқып, жүргізуші куәлігін алған мүмкіндігі шектеулі 4 адам қазір көлік жүргізіп жүр. Осы істі бастаған кезде менің өзімде жүргізуші куәлігі болған жоқ. Медициналық комиссия рұқсат бергісі келмеді. 2 жыл жүріп, өзімнің көлік жүргізуге шамам келетінін, мүмкіндігім бар екенін ақыры дәлелдеп, куәлік алып шықтым, – деп күледі.

Сәлімханның жамандыққа жаны қас. Қоғам дертіне айналған жемқорлықпен күреске араласуының да себебі сол. Қазіргі таңда “Qyzyljar – adaldyq alaƞy” жоба­лық кеңсесінің жетекшісі ретінде түрлі мекемелер басшыларын сұхбат ала­ңына шақырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап жүр. Бұл да – күрескерлігінің бір көрінісі.

Сәлімханның ата-анасы Айыр­­тау ауданында тұрады. Соңынан ерген екі інісі, екі қарындасы бар. 2015 жылы өзі секілді тағдырдан теперіш көрген Диана есімді арумен отау құрған. Балапаны Сами­ра бір жаста. “Қызымның аты-жөні Сәбитова Самира Сәлімханқызы”, – деп бір жымиып қойды. Сәбиі үшін өмірдің бар қиындығына төзуге дайын, ол өз баласына ғана емес, барлық адамға қамқор болғысы келеді.

Сәлімхан жеті жыл бойы жалдамалы пәтер жағалап жүріпті. Тек үш ай бұрын ғана коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана берілген. Бір қиыны, онда тек 5 жыл ғана тұру құқығы бар. Қайсар жігіт осының өзіне шүкір дейді. Амандық болса, өз шаңырағы болып қалар деген сенімде. Тағдыр сынына сынбаған, арманы асқақ азаматпен кездесуден кейін өзімнің де көңілім көтеріліп, күнделікті күйбең тірліктің еңсені езген ауыр ойларынан арылып қалғандаймын. Екінші топтағы мүгедек екеніне қарамастан қандай істі қолға алса да, аяғына жеткізбей тынбайтын жас жігіттің жасымаған жігеріне риза боласың.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp