«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тағы сол жолдың жыры таусылмайтын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір кездері сықақшы Шона Смаханұлы ағамыздың аузынан шыққан: “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды”, – деген сөз мәтелге айналғаны белгілі. Өзекті мәселе – жолдың жайын шеше алмай жергілікті билікке айта-айта біз де біраз жасқа келіп қалдық.

Есіл ауданындағы облыстық маңызға ие Мектеп пен Ильинка ауыл­да­рының арасындағы жол учаскесі асфальтталмаған. Сондықтан көктем мен күздің лайсаң кезінде онымен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынуы керек еді. Бірақ “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” болмаған соң, әрі-бері ағылған көліктер жолдың миын шығарып, тағы ойып тастады. Қыста қардан аршылуы да көңілден шықпайды. Жарғайың ауылының маңында Жынды­сай деп аталатын атышулы 4-5 шақырымға созылатын учаске бар. Бұл жерде екі көлік бетпе-бет келіп қалса, өз бағыттарындағы қозғалысын жалғастырулары қиын. Себебі, онсыз да тар жолдың ортасында ауыр көліктердің доңғалақтарының қазып тастаған ізінен шығуы мүмкін емес. Әрі жол жиегіне қыс бойы сырылған тау-тау қардың еріген суы осы тар жыраға жиылады.

“ҚазРосресурс” (жаңылмасам, осындағы карьерге иелік етуші компания осылай аталады) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ондаған тонналық жүк көліктері әлі күнге дейін Өрнек ауылының маңындағы карьерден қиыршықтас тасуын тоқтатар емес. Ауыр салмағымен қара жолдың үстін тілгілеп жүрген сол көліктердің кесірінен жергілікті тұрғындардың “темір тұлпарлары” бұл жермен жүре алмай қалды. Мәселен, 8 сәуір күні күндізгі сағат 16:30-да аудан орталығы – Явленкадан шыққан “ГАЗель” көлігі Мектепке дейінгі 70 шақырымдық аралықты 3 сағатта әзер жүріп өтті. Уақыттың көбі қайыршының шапанындай шұрық тесік асфальт жамылған Ильинкаға дейінгі аралық пен Мектеп ауылына жету үшін кеткені жай да түсінікті болар.

Бұл – қардың күрт еруінің алғашқы бірер күніндегі жағдай. Жердің қысқы тоңы әлі жіби қойған жоқ. “Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, қиыршықтас тасуға тыйым салынбаған жағдайда, қозғалыс мүлде тоқтауы мүмкін.

Жергілікті азусыз әкімдіктің ескертуін құлағына да ілмейтін, көзін тек пайда тұмшалаған аталмыш серіктестікке кімнің сөзі өтеді? Оны кім тоқтатады?

Қалижан ТӘШКЕНОВ.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp