Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру мен үнемдеу мәселесіне басымдық берілуде.
Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті осы міндеттерді жүзеге асыруға үлесін қосып келеді. Мемлекеттік мүліктерді тиімді пайдалану – департамент жұмысының басты бағыттарының бірі. Соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қарамағындағы мекемелерді қысқарту, жылжымайтын мүліктерге, көліктерге, мекемелерге қызмет көрсететін штаттан тыс жұмысшылар мен мемлекеттік қызметшілерге кететін шығындарды азайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделіп, артық және мақсатты пайдаланылмаған нысандар шағын және орта бизнес субъектілеріне берілуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2014 жылдан бастап “Бірыңғай теңгерім ұстаушы” жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл мемлекеттік меншікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі десек, артық айтпаспыз. Оның мақсаты – ғимараттар ұстау, автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және мемлекеттік органдарды өздеріне тән емес функцияларды орындаудан босату, кейіннен оларды шағын және орта бизнес субъектілеріне беру. Аталмыш жоба аясында мемлекеттік кірістер, қазынашылық комитетінің аумақтық бөлімшелерінің 29 жылжымайтын мүлік нысаны және 22 автокөлігі облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгеріміне өткізілді. Оңтайландыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде автокөлік құралдарының бір бөлігі басқа мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Ал қалғаны электрондық аукцион арқылы өз иесін тапты.
Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында 2020 жылы 18 автомобильді жалға алуға, әкімшілік ғимараттарға қызмет көрсетуге (25 нысан), ғимараттарды күзетуге (20 нысан), жылыту жүйесі қызметін көрсету бойынша (6 нысан) келісімшарттар жасалды. Нәтижесінде бюджет қаражатының 26747,1 мың теңгесі үнемделді. Сондай-ақ, жоба аясында Тайынша, Айыртау, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы әкімшілік ғимараттарға 67349,4 мың теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, үнемделген 5725,9 мың теңгеге жылыту қазандығы, өрт сөндіргіштер, шлагбаум және тағы басқа құрал-жабдық сатып алынды.
Бұдан бөлек, Тимирязев (Тимирязево ауылы, Горький к, 34), Айыртау (Саумалкөл ауылы, Матросов к, 19), Тайынша (Тайынша қ., Астана к, 170) аудандарында жүргізілген жөндеулер аудандық қазынашылық басқармасының қызметкерлерін басқа ғимаратқа көшіруді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалпы ауданы 1068 шаршы метрді құрайтын үш ғимарат босатылды. Ол өз кезегінде басқа мемлекеттік органның теңгеріміне берілді.
Жоба қолға алынғалы мемлекеттік мүлікті басқару жаңа деңгейге көтерілді. Қаражат бірнеше мекемеге бөлінбей, бір меншік иесіне жинақтала бастады. Бұл үнемделген қаражатты қажетті құралдарды сатып алуға және ғимараттар мен үй-жайларды жөндеуге жұмсауға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылы ғимараттарға жөндеу жүргізу және қызметкерлерді көшіру бойынша жұмыстарды Қызылжар, Аққайың және Мамлют аудандарында жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша, соңғы жылдары мемлекеттік мүлікті басқарудың сапалық деңгейі артып, қаражатты игерудің жаңа мүмкіндіктері пайда болды деп айта аламыз.
Дамир ТЕМІРҒАЛИ,
облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы.