С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының “Sensitive” мимикалық би тобы Қарағанды қаласында өткен “Еуразия чемпионаты – 2021” халықаралық би фестивалінде жүлдегер атанды.
– Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған шарада бишілер әр блокта жеке өнер көрсетті. Біздің құрамда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан елдерінен қатысқан 200-ге жуық өнерпаз болды. Солтүстікқазақстандық бишілердің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады. Бұл орайда бізге қолдау көрсеткен театр ұжымына, жергілікті билік өкілдеріне ризашылығымыз шексіз, – дей келе, “Sensitive” би театрының жетекшісі Ольга Ростовщикова Мәскеу, Чехия қалаларында өтетін осындай чемпионаттарға шақыру алғандарын айтты. Күзде Америкада өтетін биден әлем чемпионатына қатысу жоспарлануда.
Сайыста бишілер 4 аталым бойынша сынға түсті. Соның ішінде танго, самбо билері мен жұп бойынша да өнер көрсеткен қыз-жігіттер әр аталымда 1-орынға қол жеткізді. Есту қабілеті нашар болса да, еліміздің мәдени, рухани өміріне белсенді араласып, өнердің биік белестерін бағындырып жүрген бишілеріміздің толайым жетістіктері жерлестерімізге қуаныш сыйлауда.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.