Биыл құпиясы мол әлем кеңістігіне адам баласының алғаш сапар жасағанына 60 жыл толады. Дәл осы күні Байқоңырдан ғарышқа Юрий Гагарин аттанып, адамзат дамуының жаңа дәуіріне жол ашты. Оның “Восток” кемесімен жер орбитасын айналып ұшуы 108 минутқа созылды. Ғарышты игеруге қазақстандықтардың да қосқан үлесі орасан.
Қазақстаннан кімдер ғарышқа ұшты деген сауал қойылса, ауызға алдымен Тоқтар Әубәкіровтың есімі оралатыны заңды. Ол 1946 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. КСРО-да алғаш болып МиГ-29К ұшағын трамплиннің көмегімен “Тбилиси” крейсерінен көкке самғатқан. Авиация тарихында бірінші рет жаңа әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақ баласының бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Тоқтар Оңғарбайұлы КСРО-ның соңғы және қазақ ұлтының алғашқы ғарышкері саналады. 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Әубәкіров – нөмірі бірінші ғарышкер ғана емес, ол алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамынан дәм татқан адам. Ғалымдар ірімшік, айран және етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген. 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге “Союз ТМ-13” кемесімен ұшты. “Мир” орбиталық кешенінің бортында жұмыс істеді. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлегі бір айдың ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышқа шықты.
Қазақтан шыққан екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Қарғалыда дүниеге келген. Ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Ол да Гиннесстің рекордтар кітабына енген, осы күнге дейін Талғат секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмепті. Бірінші рет 1994 жылы “Союз ТМ-19” және ЭО-16 кемесінің бортинженері ретінде ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 53 минут және 36 секунд жүрді. Екінші сапары 1998 жылы “Союз ТМ-27” мен ЭО-25 кемелерінде борт командирі ретінде жалғасты. Үшінші сапары 7 күн 22 сағат 4 минут 3 секундқа созылды. Талғат Мұсабаев – Қазақстанның Халық қаһарманы ғана емес, Ресей Федерациясының да Батыры. Ғарыш сапарларының бірінде өлім құша жаздаған. Айтуынша, ашық ғарышқа шыққан кезде кемеге бекітетін тетік ажырап кеткен. Құдайдың құдыретімен аман қалған.
Айдын Айымбетов – ғарышқа ұшқан үшінші қазақ. Ол 1972 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында “Союз ТМА-18М” кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.
Балқаштық Юрий Лончаков та ғарышқа үш рет ұшып, 200 күн 18 сағат 36 минут болған. Ол 1965 жылы бұрынғы Жезқазған облысында туған. 2001, 2002 және 2008 жылдары ғарышқа көтерілген.
Ғарыш кеңістігін бағындырған батырлардың екеуі – біздің жерлесіміз. Петропавлдың тумасы Владимир Шаталов – ғарышкер-ұшқыш, авиацияның генерал-лейтенанты, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ғарышқа үш рет көтерілген. Әскери әуе күштерінің арнаулы мектебін, Качинск авиация училищесін, Әскери әуе академиясын бітірген. 1969 жылы “Союз-4” кораблімен алғаш рет ғарышқа ұшты. Сол жылы “Союз-8” кораблінің командирі ретінде үш корабль құрамында топтасып ұшуға қатысты. 1971 жылы үшінші рет көк күмбезіне көтерілді. 1991 жылға дейін ғарышкерлер даярлау орталығына жетекшілік етті. Петропавл қаласының құрметті азаматы. Есімі облыс орталығындағы көшеге және орта мектепке берілген. Орталық мәдениет және демалыс саябағында мүсіні орнатылған.
Екінші жерлесіміз Александр Викторенко 1947 жылы Шал ақын ауданы, Ольгинка елді мекенінде дүниеге келген. Орынбор жоғары әскери авиация ұшқыштар училищесін тамамдаған соң, Әскери әуе күштерінде қызмет еткен. Ғарышкерлер сапына 1978 жылы қабылданған. 1987 жылы “Союз ТМ-3” ғарыш кемесінің командирі болды. Кеңес Одағының Батыры. Ресейде тұрса да туған жерімен тығыз байланыста. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттеріне ғарышкердің атында арнайы стипендия тағайындалған.
Ғарышқа ұшу тақырыбы көтерілгенде адам баласына әуе кеңістігіне жол ашқан Байқоңыр ғарыш айлағы туралы айтпай кету әбестік болар. “Байқоңыр” – әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымнан асады. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке – 75, батыстан шығысқа 90 шақырымға жуықтайды. Айлақтың жер бетіндегі инфрақұрылымы 9 ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштар құрастырып, сынақтан өткізілетін 11 ғимаратты, ғарыш аппараттары мен екпінді блоктарға отын және сығылған газды құюға арналған 3 стансаны, 2 аэродромды және өлшеу кешенін қамтиды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, “Восток”, “Восход”, “Союз”, “Прогресс” ғарыш кемелері, “Салют”, “Мир” орбиталық станциялары, ғарышта жұмыс жүргізуге арналған “Протон”, “Зонд”, “Прогноз”, байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған “Молния”, “Экран”, “Горизонт”, “Радуга”, “Метеор”, т.б. жасанды жер серіктері ұшырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.