«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бас мүфти Рамазан айының басталуымен құттықтады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы халықты Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті қауым!

Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей!

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені, Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ.    

Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», деген.

Қадірлі жамағат!

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ихсан ілімін» кеңінен насихаттап келеді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін, әр амалды көркем түрде орындауға үйрететін рухани ілім. Осы ретте рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылып, тұлабойымызда көркем мінез құндылықтарын қалыптастыруға тырысқанымыз абзал.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, адамзатты қауіп-қатерден аман еткей. Әмин!», делінген құттықтауда.

https://egemen.kz/

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp