«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОҚШЫЛЫҚ ПЕН АШТЫҚТЫҢ АЗАБЫН ТАРТТЫҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, “Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Еңбек ардагерінің зұлмат жылдары зобалаң көрген саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерінің ұмытылмай, халық жадында жаңғыруына сіңірген еңбегі аз емес. Қартайса да, қайраты қайтпаған, тұғырынан таймаған ақсақалмен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Сіздің балалық шағыңыз ел басына нәубет келіп, халықтың күлкісінен гөрі күрсінуі көп болған заманда өтті ғой. “Халық жауының” баласы ретінде көрген қиындығыңыз аз болмаған шығар?

– Әкем “Халық жауы” ретінде тұтқындалғанда мен небары бір жаста болған екенмін. “Халық жауының әйелі” – анамның шеккен азабын, көрген қорлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менен басқа оның қамқорлығында ағайындардың бала-шағасы болды. Анам он бір құрсақ көтерген, мен ең кенжесімін. Алайда, перзенттері шетіней беріпті. Жазда кеңшарда қой бақса, қыста молотилкамен бидай бастырды. Бұғанасы қатпаған мен сияқты балалар үлкендерге қолғабыс еттік. Жазда ұжымшардың жұмысына шықтық. Ауылда бастауыш мектепті тамамдаған соң, Октябрьде (қазіргі Мамлют ауданы) жетіжылдық интернатта білім алдым. Жоқшылық пен аштықтың азабын әбден тарттық. Интернатта кереует болғанымен, төсек-орын жоқ еді. Әйтеуір матрац пен жастықтың ішіне сабан салып, амалдадық. Тойып тамақ ішу арман еді ғой. Оның үстіне білім ошағының іші суық, жағатын отын жоқ. Бірақ сабақты жақсы оқыдым. Кейін Қызылжардағы облыстық қазақ мектеп-интернатына ауыстым. Ондағы өмір мен үшін жұмақтай болды.

Балалық шақта көрген қиындықтардан бұрын менің жаныма қатты бататыны әкемнің қайда жерленгенін білмегенім. Соны талай жыл іздестірдім. Омбының ауыл шаруашылығы институтында оқыған жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ворошиловқа хат жаздым. Омбының мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен әкемнің 1943 жылы Қарағанды облысында жазасын өтеп жүрген кезінде құрт ауруынан қайтыс болғаны туралы мәлімет алдым. Одан кейін де әкемнің жатқан жерін, бейітін іздеуді тоқтатпадым. Бірақ ешқандай хат-хабар болмады. Бертін Қарағандыдағы еңбекпен түзету лагерінде (Кар­лаг) болдым. Лагерь басқармасы Долинка ауылында орналасқан. Өкінішке қарай, құпия құжаттар мұрағаттан табылмады.

Лагерьде “Мамочкино моласы” бар. Қайтқан балаларды ауылдан шыға берістегі зиратқа жерлеген. Жекелеген қабірлерді кездестіру мүмкін емес. Өйткені, мәйіттерді ортақ шұңқырға көміп отырған. Кейбір зираттарға мүлдем белгі қойылмаған. Ересек тұтқындарды да осында жерлеген деген дерек бар. Соның арасында менің де әкем болуы мүмкін. Алдағы уақытта сол жер қоршалып, зират мәртебесі берілсе деген арманым бар.

– Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық нәубет, саяси қуғын-сүргін талайды сарсаңға салып, қасірет шектірді емес пе? Сіздің әкеңіз сияқты қаншама жазықсыз жан қасіретті жылдардың құрбанына айнал­ды. Оларды жас ұрпақ ұмытпауы тиіс. “Память” қоғамдық қорын құруыңыз осы мақсаттан туындаған шығар?

– Бұл қордың тарихы 2003 жылмен сабақтасады. Жаз мезгілі болатын. Бірде Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдында тұрғанымда КСРО ішкі істер халық комиссариатының орнын (НКВД) бульдозер сырып жатқанын көрдім. Оның арғы жағындағы Сүтішев көшесінің бойында ағаш үй болды. Онда жазықсыз атылған адамдардың мүрдесін үйіп, түн жамыла алып кетеді екен. Марқұмдарды Петропавлдың маңындағы Вороний остров дейтін жерге көмген. Осы көрініс көз алдыма елестеп, қаншама адамның жаны азапталғанына күйіндім. Бұл жерде кезінде менің де әкемнің жаны қиналды-ау деп іштей күйзелдім. Сол сәтте осы араға неге ескерткіш қоймасқа деген ой келді. Жаныма ақсақалдарды жинап, ынталы топ құрып, қаланың сол кездегі әкімі Владимир Никандровқа хат жолдадық. Қуғын-сүргін құрбандарына монумент тұрғызу үшін театрдың алдындағы жер телімін сұрадым. Алайда, жергілікті басшылықтан ешқандай жауап болмаған соң, “Память” атты қор құруыма тура келді. Содан кейін де тағы бірнеше мәрте Никандровқа хат жаздым. “Шешінген судан тайынбас” дегендей бастаған соң, істі аяқсыз қалдырмауға бел байладым. Сол тұста облысты басқарған Анатолий Смирновпен жолығып, мән-жайды түсіндірдім. Ол қаланың бас архитекторына жер телімін бөлуге тапсырма берді. Алайда, жұмыс басталмай жатып, аяқсыз қалды. Өйткені, жылдың соңында кадрлық ауыс-түйіс орын алып, облыс басшысы болып Тайыр Мансұров тағайындалды. Басында түсінбестік болғанымен, Тайыр Аймұхаметұлы келелі істі соңына дейін жеткізуге қол ұшын созды. Мені саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған монументтің авторы, архитектор Хасен Абаевпен жолықтырды. Осы­лайша, 2005 жылы саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған ескерткiш ашылып, ел бюджетінен оған 25 миллион теңге жұмсалды. Сондықтан игі іске ұйытқы болған Тайыр Мансұровқа ризашылығым шексіз.

– Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіште 8 мыңға жуық адамның есімі жазылғанын ес­керсек, зобалаң жылдары зардап шеккендер туралы мәлімет жинақтау жанкешті еңбек. Тоталитарлық режімнің құпия ақпаратына қатысты тарихи деректерді қайдан алдыңыздар?

– Бірде халық арасында “АЛЖИР” деп аталып кеткен Ақмоладағы әйелдер лагеріне жолым түсті. Онда саяси айыптаулармен сотталған әйелдерге арналған ескерткіш қабырға тұрғызылып, 7300 әйелдің есімі жазылған екен. Азап аралына екінші мәрте барғанда “АЛЖИР”-де тұрған ескерткіш қабырғаны Қызылжарда да неге орнатпасқа деген ой келді. Кейін әупірімдеп жүріп, осы ескерткіш қабырғаны тұрғыздық. Әрине, оңай шаруа болмады. Алдымен, жобаның жо­балау-сметалық құжаттарын жасадық. Мердігер тапқанымызбен, қолда қаржы жоқ. Кейін әр ұйымның көмегіне жүгініп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын іздестірдім. Әйтеуір көптің көмегімен және облысымыздың сол кездегі әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен 2015 жылы ескерткіш қабырға орнатылды. Онда саяси қуғын-сүргін құрбандары мен өзім сияқты зардап шеккендердің есімі жазыл­ды. Ескерткіш қабырғада есімдері көрсетілмей қалған жазықсыз жапа шеккендер де бар. Бүгінде тоталитарлық жүйе құрбандарының ұрпақтары әр өңірден табылуда. Қазір Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты барлық мәліметтерді жинастыруда.

– Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды ғой. Өзіңіз сияқты зардап шеккендерге мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіле ме?

– Елімізде 1993 жылы “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бірақ ресми құжатта қуғын-сүргін кесірінен ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға, яғни зардап шеккендерге мәртебе берілмеді. Бұл мәселені көтерген Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Кәрібай Мұсырманның табанды еңбегінің арқасында заңға өзгеріс енгізілді. Жаңа заң шыққанда төбеміз көкке жеткендей қуандық. Оған дейін талай мекеменің есігін қағып, табанымнан тоздым. Қазір сол зұлматтан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Жалпы, республика бойынша 101 мың адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

– Атақты батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлы “кәрінің үш түрі болады: біріншісі – қадірлі қария, екіншісі – қазымыр кәрі, үшіншісі – қадірі жоқ қыдырма шал” деген екен. Құдайға шүкір, ел алдында құрмет-беделден кенде емессіз. Әрине, оған еселі еңбектің арқасында қол жеткіздіңіз. Зейнетке шықсаңыз да қоғамдық жұмыстарға белсене араласасыз. Шығармашылықпен айналысуға да уақыт табасыз.

– Ең алғаш өлеңді 9 сынып оқып жүргенде жаздым. Әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазым Мәриям Мырзатаева өлеңімді ұнатып, “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне бе­руге ұсыныс білдірді. Көп ұзамай газетте алғашқы өлеңім жарық көрді. Кейін бірнеше өлеңім басылды. Шығармашылыққа деген ұмтылысым сол кезде басталды. Бірақ жүрек қалауы болған журналистиканы емес, ағамның айтуымен ауыл шаруашылығы саласын таңдадым.

Зейнетке шыққан соң, алғашқы жинағым – “Дала жыры”-нан кейін “Ауыл жыры”, “Көңіл сыры”, “Қарт сыры”, “Мемориал” сынды бірнеше кітабым жарық көрді. Олардың бірқатары қуғын-сүргін құрбандарына арналды. Жақында “Өмір белестері” атты туындым оқырманға жол тартады.

Әңгімелескен

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp