«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛДІК ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ ғылымындағы толағай тұлғалардың бірі десек артық айтқандық болмас, академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдинмен 2012 жылы “Egemen Qazaqstan” газетінде қызмет істеп жүргенде жақынырақ танысқан едім. Содан бері байланысымыз үзілген жоқ. Бірнеше сұхбат алдым. Солардың бәрі еліміздің бас газетінде, қазір өзім істейтін “Soltüstık Qazaqstanda” жарияланды, жеке кітап болып шықты. Десек те, Жабайхан Мүбәрәкұлы мен үшін әлі де ашылмаған арал, соңғы қыртысына адам қолы тимеген кен көзі сияқты, кездесіп, әңгімелескен сайын оның ақыл-ойының, білімінің тереңдігіне, өмірге көзқарасының өзгешелігіне тәнті боламын. Ағамыздың Абай ілімінің де асқан білгірі екені, баршаға демей-ақ қояйын, ғылым, білімге ден қойғандарға жақсы мәлім, жалпы, ол кісі кез келген мәселені қозғағанда, ұлы Абайға жүгініп отырады. Бір сөзбен айтқанда, Ғұламаны пір тұтады.

– Жабайхан Мүбәрәкұлы, өткенде Абайдың “Толық адам” ілімі туралы сұрағанымда, “бұл өзі жеке сұхбаттың тақырыбы ғой” деген едіңіз, осы мәселені қаузап көрсек қайтеді?

– Бұл дүниеде не асыл, не қымбат десек, алдымен ойымызға адам оралады, оны бәрінен жоғары қоямыз. Демек, адамның тіршілік-тынысының, мінез-құлқының, іс-әрекетінің, жалпы болмысының зерттеу нысанына айналуы заңдылық. Толық адам, шын мәнінде, бұл – адамзаттың өткенімен, бүгінімен және болашағымен астасып жатқан, тарихы ғасырлар қойнауына бойлайтын өте күрделі мәселе. Рухани тұрғыда кемелденген толымды адам ғана қоғамға пайда әкелетінін, бақыт сыйлайтынын, сәулелі тіршіліктің тірегі екенін бұрынғылар да түсінген. Біздің заманымызға дейін өмір сүрген, батыс философиясының негізін қалаушы, ежелгі гректің ең әйгілі “үш данасының” бірі Сократтан қалған “адам жан, ой-дүниесімен бай” деген сөз бар. Бұл нені білдіреді? Адам – ерекше жаратылған тіршілік иесі, өте күрделі құбылыс, оның санасы субъективтік дүниелерге толы, бірақ ол өзін-өзі тани алады. Әрине, мұндай қабілет әркімге берілмеген. Содан да кейбіреулер өз бойындағы қасиеттерді терең түсініп, оларды дұрыс пайдаланып, бақытты өмір сүрсе, өзінің жанын күте алмай қорлап, былғағандар, өмір мұратын атақ-абырой, мансап, дүние-байлықтың қазығына байлағандар жанын күйзеліске ұшыратып қана қоймайды, сонымен бірге бүкіл қоғамды кері тартады.

Толық адам туралы ілімнің бастауында Сократ тұрса, шәкірті Платон ұстазының ізденісін одан әрі ілгерілетті. Платонның ойынша, дүниедегі сезім, көзге көрінетін, құлаққа естілетін, әдемі қыз, мықты жігіт, әйгілі жылқы, барлық заттар мәңгілік өзгерісте болады. Бірақ олардын түп негізі, дүниенің түп негізі – ол идея. Сұлулық идеясы – барлық сұлу заттардың түп негізі. Сол сияқты адамшылық идеясы – барлық адамдардын іс-әрекетінің түп негізі.

Ұлы ойшыл Аристотельдің “сүюді сүйеніш еткен адам” деген сөздерінің астарында да адамтануға қатысты үлкен ой жатқаны анық. Бұдан біз бұл мәселеге Абайға дейінгі ойшылдар да көп көңіл бөлгенін, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи және Жалаладдин Руми сияқты ғұламалардың да адам жайлы ой-пікірлерінің Абай ізденісіне желі тартқанын аңғарамыз. Міне, осылай XIX ғасырдың екінші жартысында Абай бұл мәселеге ерекше ден қойып, ақылды, ой-парасаты биік, халқын қадірлейтін адам қандай болу керек деген ой жетегіне еріп, толық адам бейнесін сомдай бастады.

“Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз”. Абайдың “Ғылым таппай мақтанба…” деген осы өлеңінің айтары не десек, кемеңгер ойшылды бәрінен де келешек иесі – жастар болашағы толғандыратынын аңғарамыз. Ол адам бойында кездесетін асыл қасиеттерді уағыздай отырып, жас ұрпақты ғылым мен білімге, адал жолмен жүруге, алға қойған арман-мақсаттарға жету жолындағы күресте табандылық, жігерлілік танытуға шақырады. “Интернатта оқып жүр” өлеңіне де осы идея өзек болып өрілген.

Абай үшін дүниенің басты құндылығы – рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Оның толық адамға қояр талабы өте жоғары. Біздің кейбір замандастарымыз бүкіл әлемнің мәдени кеңістігін шарлаудың, олардың құндылықтарын өз бойымызға өлшеп-пішудің қажеті қанша, өз ортамызда бүгінгі күннің мәселелерін шешсек, соның өзі жетіп жатыр деген ойдың жетегінде жүр. Абайдың түсінігінде бұл – мәңгүрттік. Себебі, бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, бизнесті меңгеру, басқа да салаларда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу деген сияқты, біраз мәселелерді шешуге болады. Бірақ толық адам болу үшін мұның бәрі аз. Абайдың өлшеміндегі толық адам бүкіл адам баласының мәдениетін, құндылықтарын, кісіліктерін, барлығын бойға сіңіруі және оны бүгінгі өмірімен, арман-мұраттарымен, ісімен шебер үйлестіре білуі керек.

– 2010 жылдың жазында бір топ Парламент депутаты жұмыс сапарымен Түркияда болдық. Сол сапарда көне қала Конияға да жол түсіп, Жалаладдин Руми жерленген кесенеге соққан едік. Жолбастаушымыздың 1207 жылдың 30 қыркүйегінде туып, 1273 жылдың 17 желтоқсанында, 66 жасында өмірден озған ғұламаның өз шығармаларына өмiр, тiршiлiк, қарым-қатынас, достық, адалдық, әдiлеттiлiк, махаббат сезiмдерін арқау еткені, осылай замандастарын кемелдікке жетуге шақырғаны туралы сөз сабақтағаны есте қалыпты. Ғалым: “Мен сiздерге iштей және ашық түрде тамақты аз жеудi, аз ұйықтауды, аз сөйлеудi, күнәларыңнан арылуды, әрдайым нәпсiқұмарлықтан қашық жүрудi, қиыншылық пен азапқа шыдауды, надандардан аулақ, ал әдептi және оқыған адамдармен дос болуды өсиет етемiн. Өйткенi, нағыз адам – басқаларға пайдасы тиген адам” деген екен. Ол да толық адам болудың жолдарын іздеген-ау деген ой келеді.

– Дұрыс айтасыз, ол да толық адамға тән қасиеттерді сөз етіп отыр және бұл ойды адамға ғана лайықты дұрыс жол бар екеніне сенгендіктен айтып отыр. Бір еңбегінде “Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда тазалас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады” деп жазыпты. Демек, ол адам жаратылысының жан сырын, құпияларын түсінуге ұмтылған.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз да өзінің “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” атты философиялық трактатында кемел адамға тән қасиеттерді тарқата түседі. Ол “Қайрат”, “Ақыл” және “Жүрек” сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: “Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді” дейді, ел басқаратын адамның бойында он екі түрлі қасиеттің болуы шарт деген ойды дәттейді. Ұлы ғалымның парасатты адам жайлы ой-танымы бөлек. Қоғамның әр мүшесі рухани жағынан тазаруға ұмтылуға тиіс. Сонда ғана ол өз мақсатына жетеді. Жүсіп Баласағұнның дастанында көрініс тапқан “Жауанмәрттілік” ілімі де осы ұстаныммен сабақтасып жатқаны даусыз. Бұл қатарға ұлы ойшыл Конфуцийді де қосуға болады. Ол адам үш түрлі болады: дана адам – асып-таспайды, жақсы адам – күй талғамайды, батыл адам – қорықпайды дейді.

Қожа Ахмет Яссауи мұраларында “дертті адам”, “топырақ адамы”, “ғарип адам” секілді ұғымдар бар. Ол Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталатынын айтады. Топырақ сипатты болып, халқына қалтқысыз қызмет етуді өз ғұмырының арқауына айналдыру – кемелдіктің белгісі. “Дертті адамның” А.Яссауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, қоғамның көлеңкелі жақтарына сәуле түсіруді ойлайды. Ал сезімнен, жауапкершіліктен жұрдай “дертсіз адам” қара басының қамымен ғана өмір сүреді. Демек, оның әлемі тар, ешкімді қызықтырмайды.

– Жаңа әл-Фараби бабамыздың адамды тануда жүрекке аса мән бергенін айттыңыз, Абай да жүректі жақтайды. Бұдан Абай толық адам іліміне алдыңғы толқын ғұламалар жолымен келді деп ой түюге бола ма? Мәселен, қытай жұртының ғұламасы, табиғат күштерін мойындаудың және онымен үйлесімділікте болудың маңыздылығын қолдайтын дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды “Аспан адамы”, рухани бастауынан бөлінбеген адамды “Қасиетті адам”, шындықтан бөлінбеген адамды “Кемел адамға” жатқызған екен.

– Абайдың “Он жетінші” қарасөзінде “Қайрат”, “Ақыл” және “Жүрек” үшеуінің өзара мықтыны анықтай алмай таласатыны бар ғой. Ақыры, ғылымның төрелігіне жүгінеді. Сонда ғылым осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісідей менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол, – депті.

Бүгінгі зерттеушілердің арасында толық адам ілімінің негізін Абай қалады деген сөздерді айтып қалатындар да кездеседі. Менің ойымша, Абай өзіне дейінгілердің осы мәселеге қатысты ізденістері мен ойларын мұқият зерделеп, сын таразысына салып, өз тұжырымын жасады, одан әрі дамытты, әрі байытты. Жоғарыда айтқанымдай, Абай шығармаларының алтын арқауы – ол толық адам мәселесі.

Абайдың пікірінше, толық адамның жарты адамнан айырмашылығы көп. Толық адам – ол ең алдымен ғылымға, білімге берілген адам. Толық адам – ақылды, не нәрсені болсын терең ойлайтын адам. Толық адам – жасампаз, еңбекшіл, жан-жақты адам, оның сезімі, махаббаты, кісілігі, адамға деген рақымы бөлек, осының барлығы оның даралығын айғақтайды. Толық адам дегеннің өзі – нағыз адам деген сөз. Жарты адам болса, ол не нәрсені болсын, бір жақты ойлайды. Онда тереңдік жоқ, шалалық басым. Сондықтан да ол көп қателеседі, қиянатқа да барады, жалған сөйлеуге де бейім. Ол шындықты түсінбейді, бұрмалайды, бір нәрсенің басын білсе, аяғы оған түсініксіз. Аяғын, қорытындысын білсе, басынан хабары жоқ. Сол себепті адам деген атқа, адам деген ұғымға көлеңке түсіреді. Жоғарыда айтқанымдай, толық адам туралы ойының шетін 1886 жылы жазған “Ғылым таппай мақтанба” деген “мағыналы да програмдық” (Мұхтар Әуезов) өлеңінде шығарған ақын кейін бұл тақырыпқа тереңдей түседі.

“Малға достың мұңы жоқ малдан басқа” деген өлеңінде Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, рухани тұрғыда кемелденген парасатты, толымды адам.

Қоғам өз дамуында басқаларға қарағанда толық адамға көбірек тәуелді. Міне, содан да кез келген қоғам үшін толық адамды тәрбиелеу, қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуы тиіс. Абай 38-ші қарасөзін былай бастайды: ғылым, білім деген – ол Алланың аты. Ғылым, білім – толық адамның қасиеті. Олай болса, сол толық адамның қасиеттерін қалай қалыптастыру керек? Осының жолын іздейді, себебі, толық адамсыз нағыз адам жоқ. Нағыз адамсыз шындықты тану деген жоқ. Дүниені тану, не пайда не залалды тану, Алланы тану осының бәрі адамның кемелдігіне байланысты. Сондықтан да толық адамды тәрбиелеу, “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегендей, сәби шыр етіп дүниеге келгеннен басталуы керек. Өзіміз жақсы білеміз, балалардың ғылымға, білімге көзқарасы, құштарлығы бірден қалыптаса қоймайды. Бұл арада көп мәселе тәрбиеге байланысты. Сондықтан ата-аналар баланы білімге баулу қажеттігін бір сәтке де назардан тыс қалдырмауы керек. Халықтық педагогикада, еліміздің білім-ғылым жүйесінде оның жинақталған сан-тарау жолдары бар. Соны дұрыс пайдалансақ, бала өмір жолында адаспайды, бойында білмекке деген ұмтылыс пайда болады. Отбасында осындай ахуал қалыптасса, бала ата-ананың ой-арманын түсінігімен, оқуға, еңбекке деген құштарлығымен қолдаса, бұл – жақсылықтың, қызық-қуаныштың, мәнді де сәнді өмірдің, бір сөзбен айтқанда, бақыттың бастауы.

Өкінішке қарай, көпшілік осыны түсіне қоймайды, бала тәрбиесіне жеңіл қарайды, олардың алдында өздерін дұрыс ұстамайды, ұрыс-керіске, неше түрлі былапыт сөздерге, өрескелдікке жол береді. Сосын балам неге жалқау, неге тентек, не жетпейді деп таңғаламыз. Абай өз шығармаларында – қарасөздерінде осы жайларға назар аударады, ата-ананы сақтандырады. Ертеде балаларын молдаға, тәрбиешіге берді. Ондай жағдайлар қазір де кездеседі. Бала содыр болып өссе, ата-ана мектептен, мектеп ата-анадан көреді. Бала ғылымды, білімді шын махаббатпен бойына сіңірмегеннен кейін не нәрсеге болсын, жеңіл-желпі қарайды, толымды нәтижеге қол жеткізу үшін тамшылатып тер төгуді білмейді. Міне, білімі тайыз, кісілігі кем жарты адамдар қайдан шығады. Бұл жарты адамдар не өзін, Алланың осы дүниенің барлығын кереметпен, сондай жасампаздықпен жаратқанын түсінбейді, не шындықтың, ақиқаттың нағыз өлшемін білмейді.

– Әңгімеңізден байқап отырмын, Абай да, оған дейін осы мәселеге маңыз берген ғұламалар да толық адамға зор талаптар қойған. Оның ауқымы мен мағынасына өлшем табу қиын ба деймін.

– Өмірдің өзі көрсетіп отыр ғой, дүние есігін ашқан пенденің бәрі толық адам бола алмайды. Ол даусыз нәрсе. Бірақ солай екен деп тізгінді босатып, шарасыздыққа салынсақ, тәрбие мәселелерімен айналыспасақ, ұлы мақсаттар үшін күреспесек, қоғам баяғыда азып-тозып кетер еді. Малым көп болса, бай болсам, малынып киінсем деген ойдың жетегінде жүрген тоғышарлар қай кезде де болған. Қазір тіпті көбейіп кетті. Абай соларды сынайды.

Билікте болсам, маған жұрттың бәрі таңғалып жатса, айтқанымнан шықпаса, менен қорықса деген ойға шырмалып жүргендер қаншама? Абайдың түсінігі бойынша кәсіп те, мал да, дүние де, билік те адал еңбекпен келіп жатса, онда ешқандай жамандық жоқ. Ал егер нағыз адам болудың орнына, білудің орнына байлық, мансап қусаң, бар күш-жігеріңді сол мақсатыңа жетуге жұмсасаң, сен жарты адамсың, надансың! Себебі, сенің барлық іс-әрекетің тек өткінші нәрселерге ғана байланған. Бұл – баянсыз ғұмыр. Ұлтымызға тән нағыз құндылықтардан алыс қонғаның – қор болғаның! Рухани жан-дүниеңнің жұтаңдығы өзіңді де, еліңді де ұшпаққа шығармайды. Абай осыған алаңдаған, замандастарын да, болашақ ұрпақты да осыдан сақтандырған.

– Толық адам ілімін қарастырғанда, Абай және Абайға дейінгілер деп ара-жігін ажыратып алу керек сияқты. Абайға дейінгілер кез келген елдің қуаттылығы толық адамдардың қатарының қалың болуымен сабақтас екенін дәттесе, Абай оны жүзеге асырудың жолдарын көрсетіп берді. Әсіресе, жаңа өзіңіз айтқан 38-ші қарасөзінде осы мәселеге жан-жақты тоқталады, толық адам болудың биігіне көтерілудің тетіктерін ұсынады, саналы, білімді адамның жолы ашық болатынын дәттейді.

– Толыққанды өмір сүру үшін адамға талап керек, ғылым керек, білім керек. Сонда ғана біздің ұрпағымыз бүгінгі ғаламдастыру заманында бәсекелестікке төтеп береді. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған озық елдің қатарына қосыламыз деген ұлы мақсат қойып отырмыз ғой. Егер заман талабына сай біліміміз, ғылымымыз болмаса, оған қалай қол жеткіземіз. Ал ғылым өздігінен келмейді. Ол ақыл, еңбек, тамшылатып тер төгу арқылы келеді. Сүйіспеншілік, махаббат осы ұмтылыстардың қайнарына айналса, құба-құп. Сонда ғана сен ғылымды игересің, басқалармен терезең теңеледі. Бұл – толық адам деген шыңға бастайтын ұзақ жолдың бір үзігі ғана. Абайдың нағыз толық адам болу үшін тек қана ғылым, білім, өмірдің заңдылығын білу, соған сай болу жеткіліксіз екенін айтады. Мақсатқа жету үшін әрі қарай тағы да жылжу керек. Толық адам тек дүниенің парқын біліп қана қоймай, осы дүниені Алла хиқметпен жасағанын көңіліне түюі керек. Абайдың ойынша, мұны білген жақсы, бірақ бұл да мақсатқа жетудің кепілі бола алмайды. Себебі, оның сырын, ақиқатын, негізін түсіну қажет. Ол үшін Құранды талдаған толып жатқан еңбектер бар, соларды білу керек, содан кейін Алла тағала бұл әлемді қандай хиқметпен жасады, не мақсатпен жасады соны білу керек. Ең алдымен жансыз дүниені сомдады. Одан кейін жанды дүниені жасады: хайуандар, мал, өсімдіктер пайда болды. Одан кейін адамға махаббатпен тіршілік сыйлады. Сонда оның көздегені не еді? Соны білу керек. Егер ғалымдар осы мәселелердің тереңіне үңілсе, біраз жайға көз жеткізері анық. Бізде бұл жағы кемшін. Біз не нәрсенің болсын сыртқы көрінісіне тамсанамыз да, ішкі мазмұнына терең бойлау қажеттігін ескермейміз.

Абайдың ойынша, ғалым болу керек, ғұлама болу керек, дана болу керек, әулие болу керек, сонымен қатар хакім болу керек. Осы жолдың барлығын бағындырсаң ғана сен толық адамдық қасиетті бойыңа сіңіресің. Оңай жол емес, әрине. Көптеген адамдардың қиыншылықтардың алдында тізе бүгіп қалуы да содан. Оны Абай да ескерткен. Алла деген шексіз, тұңғиық терең, оның құпияларына ешкім терең бойлай алмайды. Бірақ Алланың барлық хиқметін білмегенмен, осы жолға көш түзеудің өзі толық адамдық қасиетке ұмтылу деген сөз. Әйтеуір мен соған жете алмайды екенмін, босқа арамтер болып қайтемін деп орта жолда қалып қою дұрыс емес. Онда бәрінен шет қаласың. Білімде де солай. Егерде бір ғұламаны көрсең, ондай болу қайда деп айтпа дейді Абай.

– Толық адамның біраз қасиетін түсінгендей болдық. Алайда, Абай талабының деңгейіне көтерілу үшін бұлар да аз сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Барлық хайуанатты, адамның барлығын Алла тағала махаббатпен жаратқанын айттық. Сондықтан да адамның барлығын жақсы көру, оларды қамқорлығыңа бөлеу – сенің парызың. Есіңде болсын дейді Абай: сен егер бір ізгілік іс жасасаң, біреуге жақсылық жасасаң, оның барлығын құдай үшін жасамайсың, ол өзіңе керек. Ол сенің Алланың жолымен жүргендігіңнің дәлелі. Жалпы, Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қарасөздерінде “Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды” деп, ой түюі де содан.

Таудай талапсыз асқақ армандарға қол жеткіземін деу бос әурешілік. Талап бар, енді мақсатқа жету үшін еңбек, жай еңбек емес, терең оймен ұштасқан қажырлы еңбек керек. Осы үшеуі болған жерде нәтиже көп күттірмейді. Сол нәтижеге қанағат етіп, адамдарға қол созып, рақым ойлап қоюды да ұмытпау керек. Әрине, бұл тек менің өз ойым ғана.

– Толық адам – біреудің ала жібін аттамайтын адал жан, білімді, парасатты, көңілі күндей ашық, айдай жарық, болмысы бөлек тұлға. Біздің қоғамда ондайлар бар ма өзі, бар болса, көп пе деген сауал туындайды.

– Қазір олардың ара-жігін ажыратып, таразы басына тарта алмаспыз. Қоғам айна сияқты ғой.Оның жауабын қоғамның тіршілік-тынысынан іздеген жөн болар. Тағы да Абайдың төрелігіне жүгінсек, ол толық адам санатына енбегендердің бәрін шала адамдардың қатарына жатқызған, ал олардың не нәрсені болмасын бұрмалайтынын, қоғамды аяқтан шалып, етектен тартатынын, содан да пайдасынан залалы көп болатынын ашық айтқан. Біз өз өмірімізде орын алып отырған кемшіліктердің, келеңсіздіктердің астарын осыдан іздеуіміз керек.

– Әңгімеңізден байқап отырмын, толық адамды қалыптастыру жеке тұлғаның немесе азғантай топтың ғана міндетіне жатпайтын сияқты. Қоғамның, бүкіл адамзаттың ортақ міндеті ме, қалай?

– Бұл сауалыңыздың жауабын алдымен Абай шығармаларынан іздеуге кеңес берер едім.Қазір жастар ғана емес, үлкендер де кітап оқудан қалып барады ғой, әйтпесе,толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде соқырға таяқ ұстатқандай нақпа-нақ айтылып тұрған жоқ па? Осыдан артық қалай айтуға болады?! Абайдың толық адам туралы идеясы бойынша әр нәрсені толық сезініп, толық түсіну керек. Толық сезініп, толық түсінбеген адам ол – шала адам. Ондай адамдар не нәрсені болсын, шала сезінеді, шала түсінеді. Сондықтан да оның ойы шындыққа жуыспайды.

Осындай ойды уақытында немістің атақты философы Георг Гегель де айтқан: әлемдік деңгейдегі ойшыл өзінің “Кто мыслит абстрактно” деген еңбегінде мынадай мысал келтіреді: айыпкерді әкеле жатыр дейді. Бір жақта тұрған адамдар айтуы мүмкін. Мынау кісі сымбатты екен деп. Соны ести салысымен мемлекеттің адамдары, оны әкеле жатқандар ренжиді. Не деген ой. Айыпкер сымбатты бола ма екен деп? Бұған Гегельдің көзқарасы: екеуі де сынаржақ, шала түсінеді. Ал енді толық түсінетін ғалым адам ол жөнінде шала-шарпы пікір білдіре салмай, толық ой айтар еді. Мысалы, ол адамның қай уақытта, қандай отбасында туғанын түсіндіреді. Ата-аналары қандай адамдар еді, кімдермен араласты, дос болды. Оның заңға қайшы пиғылдары қай уақытта қылаң берді? Осылай терең талдау ғана мән-жайды толық түсінуге жол ашады. Абайдың да ойы Гегельдің ойымен үндес. Абайдың айтуы бойынша, әр нәрсені бір жақты қабылдауға болмайды, оны толық жан-жақты түсіну керек. Сол уақытта ғана біз ақиқатқа көз жеткіземіз, әрбір заттың мәніне, табиғатына терең бойлай аламыз.

Ғұламаның осы ойының дүниетанымында үлкен мәні бар. Мысалы, Шыңғыс Айтматов “Боранды бекет” деген романында басты кейіпкері Едіге мен Қазанғаптың баласы Сәбитжан арасындағы қарым-қатынас арқылы мәнкүрттік мәселесін қозғаған. Оны бәріміз білеміз. Сәбитжан қалада тұрады, оқу бітірген, жоғары білімі бар, бір лауазымды үлкен адамның көмекшісі. Киген киімі, бәрі қазіргі өркениетті адамға лайық. Жақсы машинамен жүреді. Ал енді Едіге болса, бір кішкентай станцияда тұрып жатқан елеусіз адам. Сыртынан қарайтын болсаң, ол өзінің жұпыны тіршілігін ғана ойлайтын көп жұмысшының бірі. Қазанғап өлерінің алдында мені аяулы анамның қасына қойыңдар деп өсиет айтады. Қыстың күні, далада аяз буып тұр, Сәбитжанның бар ойы – әкесін жер қойнына тезірек тапсырып, кетіп қалу. Едіге үшін Қазанғап досының айтқан өсиетінің үлкен мәні бар. Ол қаранарды дайындап, Қазанғапты қою қамына кірісіп кетеді. Бұл Сәбитжанға оншалықты ұнай қоймайды. Былай ойлап қарайтын болсаң, екеуінің арасында қандай айырмашылық бар. Сыртына қарасаң, Сәбитжаннан мін таппайсың, бірақ ол бойына қазақтын әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, кісілігін, өсиетке адалдығын сіңірмеген. Мүмкін, ол жақсы маман шығар? Бірақ ол ел мақтайтындай толық адам емес. Ал Едіге қарапайым жұмысшы болса да, жан-дүниесі таза толық адам. Оған арнамыс, халқының, елінің әдет-ғұрпы, адами құндылықтар қымбат. Сондықтан да қыс қақап тұрса да, досының өсиетін орындауды ол өзінің адами борышы санайды. Бұдан біз қандай ой түйеміз? Толық адам болу үшін кез келген мәселеге атүсті қарауға болмайды, жан-жақты толық түсінуіміз керек. Ізгілік, адами құндылықтар – толық адамның басты қасиеттері.

– Жабайхан Мүбәрәкұлы, жоғарыда толық адамды қалыптастырудағы отбасының, ата-ананың рөліне тоқталдыңыз, бұл ретте мектепке, ұстаздарға жүктелетін міндеттер де аз емес сияқты ғой?

– Әрине, бала тәрбиесінде ата-ананың жүгі қаншалықты салмақты болса, мектеп те сондай жауапты. Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Қоғамда балаларды оқытуда елеулі олқылықтарға жол берілуде, ұстаздар балалардың ойлау қабілетін дамытуға жеткілікті көңіл бөлмейді деген пікір қалыптасқан. Оған негіз де бар. Мұғалімдердің көбі баланы оқытқанда әр нәрсенің басын шалып, ұсынылып отырған тақырыпты терең талдауға бара бермейді. Содан да балалар толық түсінбей қалады. Міне, білімді игерудегі шалалықтың түп-төркіні осында жатыр. Тақырып ашылмағандықтан бала оқулықтағы материалды жаттап алуға мәжбүр. Кейін жаттап алған нәрселері ұмытылып қалады. Ежелгі гректер математиканы ең оңай пән деп санаған. Себебі, бала оны жақсы түсініп, санасына бір құйып алса, кейін көп қиналмайды. Әлі күнге дейін халық арасында Кеңес үкіметі кезінде жақсы мектептер, өз ісіне шын берілген мұғалімдер көп болды деген сөз айтылып жүр. Бала мектепке алыс пен жақынның, жуан мен жіңішкенің, ауыр мен жеңілдің, биік пен төменнің не екенін түсініп келеді. Ал енді көп болса, қаншаға көп, аз болса да солай, биіктікті, салмақты сөз етсек те көкейде нақты мөлшер тұруы керек. Бала осының бәрін білсе ғана толық түсінеді. Меніңше, Абайдың толық түсіндіру, шала түсіндіру деген сөздері осыдан шығып отыр.

 

Абайдың өзі адамға жеңіл-желпі қарамайды. Оны адамды махаббатпен жарату деген сөздерінен де аңғарамыз. Абайдың ойынша, адамды жарату ол тасты жасаудан, хайуандарды жаратудан бөлек. Алла тағала адамға тек қана дене бермей ақыл, ой, сана, жан сыйлаған. Адамда тек тәннің сұранысы ғана емес, ақылдың, жанның сұранысы да бар. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Абай өзінің қара сөздерінде екі нәрсеге тоқталады. Кейбір адамдарға, мысалы, басшыға ақыл айтатын болсаң, ол жұмысбастылығын желеу етіп, уақытым тығыз еді деп, жүре тыңдайды. Байға сенің ақылыңның қажеті шамалы. Өйткені, ол қалтасына сенеді, бәрін сатып аламын деп ойлайды. Ақылға тіпті кедей де зәру емес. Оның айтатын уәжі: бізді қайтесің, одан да ақылыңды ана жақсылар мен жайсаңдарға айт. Абай осыған қынжылады, Алла тағала сені адам қылып жаратты ғой, сен мал емессің, сондықтан да ақылға құлақ асу, ойға, білімге үйір болу, бір нәрсені білуге ұмтылу – ол сенің борышың. Әйтпесе сенің малдан айырмашылығың қандай?! Абай қазақ сенің сөзіңді тыңдау үшін, сен не үлкен биліктің адамы болуың керек, не үлкен бай болуың керек деп, сөзге құлақ аспайтын қазақтарды сынайды, олардың шынайы бетпердесін ашып береді. Расында да, осының өзі білімсіз адамдардың, надан адамдардың мәселені толық түсінбейтін шалалығының көрінісі. Толық адамның жолын таңдағандар ақылға ден қоюлары, бойларына сіңірулері керек. Абайдың осы ойы қазіргі заманда да маңызын жойған жоқ. Мысалы, қазір төртінші өнеркәсіптік революция жүріп жатыр. Америкада, Жапонияда, Англияда бұл үрдіс басталып та кетті. Әнеміне адамға ұқсас құлтемірлердің бесінші буыны жасалмақ. Осыған байланысты мәселенің мәніне терең бойламайтын кейбіреулер күндердің күнінде роботтар адамдарды ауыстырады дегенді айтып жүр. Менің ойымша, бұл үстірт түсінік. Иә, құлтемірлер ісінде береке, жасампаздық жоқ, таптаурын жолға түсіп кеткен адамдардың орнын басуы мүмкін. Ал енді адамның мәні – жасампаздық.

Ақылды адам – ол жасампаз адам. Оны еш уақытта робот алмастыра алмайды. Өйткені, ол адамзат мәдениетінің, ақыл-ойының озық үлгілерін бойына сіңірген. Ол бүгінге керек нәрсенің ғана маманы емес, адам баласының барлық құндылығын бойына сіңірген толық адам, жасампаз тұлға. Робот ешқашанда классикалық физиканың салыстырмалы принциптеріне сүйеніп, сәулеге қатысты тың ой айтқан Энштейнді алмастыра алмайды. Секундына 300 мың шақырымды еңсеретін сәуленің жылдамдығында шектеу жоқ деп келген классикалық физика саласының ғалымдары ХІХ ғасырдың аяғында тұйыққа тірелгенде ол тың ой айтып, соны дәлелдеп шықты. Егер ол бүкіл физиканы, физиканың жетістігін бойына сіңірген адам болмаса, жаңағы жаңалықты аша алмас еді. Сол сияқты кванттық механикада электрон мен атом бөлінгеннен кейін электронның қозғалысы өзгеретіні дәлелденген. Мысалы, спутниктер жерді айналып жүреді де уақыты келгенде қайтадан жерге оралады, не болмаса атмосферада жанып кетеді. Ал енді электрон болса ол қозғала береді, бірақ түспейді. Менің айтайын дегенім, робот белгілі бір бағдарламамен басқарылады, оның іс- қимылында дербестік, еркіндік жоқ. Бәрі адамның ойы мен іс-әрекетіне байланысты. Сондықтан да ол адамды еш уақытта алмастыра алмайды. Рас, мәңгүрт сияқты ақылы қысқа, бір жақты ойлайтын адамдарды немесе терең ой, білімді қажет етпейтін қарапайым мамандық иелерін жоқтатпауы мүмкін.

– Көне замандағы ғұламаларымыздың еңбектерінде қарастырылған, Абай одан әрі дамытып, тереңдеткен толық адам ілімін оның өз басына шақтап көруге болар ма еді?

– Бұл сұрағың орынды. Қоғамда Абайдың өзі туралы да сан алуан пікірлердің айтылып жүргені әмбеге аян. Кеңес үкіметінің кезінде Абайды ағартушы деп таныдық. Қазір де сол ойдамыз. Абай өзінің барлық еңбектерінде қазақты ғылымға, білімге шақырады. 38-ші қарасөзінде Абай тек қана ғылым мен біліммен шектелмей, ғалымдармен бірге әулиелер, хакімдер болатынын айтады. Хакім дегеніміз кім? Оның анықтамасын Абай өзінің 38-ші қарасөзінде берген. Орта ғасырларда “хакім” атауы даулы мәселені шешуші тәуелсіз төреші мағынасында қолданылса, Абайдың түсінігінде хакім – әртүрлі ғылымды меңгерген, сол ілімімен адамға ізгі қызмет қылуды мақсат еткен ғұлама. Абай адам бойындағы ізгі қасиеттер – әділеттілік, шапағаттылық, ғылымды сүю болса, бұлар алдымен пайғамбарларға әулиелерге, хакімдерге және кәміл мұсылмандарға тән деп біледі. Құдайға құл болуды және ізгі қасиеттерді өз бойынан табуды пайғамбарлар өзгелерге үйретсе, солардың ішінде әулие мен хакімге тән қасиеттердің өзіндік ерекшеліктері мен ортақтығы бар. Мәселен, әулиелер хаққа ғашықтықпен бұл дүниелік мақсаттан баз кешіп, ақиреттік мақсатты көздесе, хакім ғылымның бұл дүниедегі пайдасына көп көңіл бөлді. Хакім ақиқатқа ізденіспен, ой-пікірмен жетсе, әулие сенімінің бекемдігімен, иман қуатының кәмелеттігімен жетеді, сондықтан Абай “Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым” – деп ой түйеді. Енді Абайды хакім десек, ол бір жақты болады, ағартушы десек ол да бүкіл сипатын, жан-дүниесінің ерекшелігін ашып тұрған жоқ. Абай – ағартушы, ғалым, философ, әсіресе, дінді түсіндіретін адам. Тек қана Абай хакім болатын болса, мысалы, хакімдер болған. Айталық, Лұқман хакім. Яссауиді де сол қатарға жатқызуға болады. Басқа да хакім деуге лайық дінді уағыздайтын адамдар бар. Абайды хакім десек, ол бір жақты болады. Онда Абай ғаламдық тұлға, бүкіл адамзаттың ардақтысы бола алмайды. Сондықтан біз, ең алдымен, Абайды толық түсініп алуымыз керек деп ойлаймын. Кез келген мәселені толық түсіну қажеттігін Абайдың өзі де айтқан. Абайдың бұл ойының үлкен методологиялық мәні бар. Ол маңызын бүгінгі таңда да сақтап отыр. Біз елдік мәселелерді шешуде әрдайым Абайдың осы ақылына жүгінуіміз керек. Кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандастарымыздың алдына әлемдегі үздік 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Бұрын-соңды айтылмақ түгілі, ойға да келе қоймаған осы тың идеяны бүкіл халық қолдады. Идеяның өзі дүниеде бар проблеманы, мәселені шешуге бастайтын күрделі ойдан туатындықтан, біз үшін оның түпкі мақсатын түсіну маңызды және оны шала-шарпы емес, толық түсінуіміз керек. Мұндай мақсатқа жету үшін экономикамызды барынша қарқынды дамытамыз десек, ол аздық етеді. Осы ұмтылысымызға саясатымыз, демократиялық жаңғыруымыз, жеке адамның дамуы, оның психологиясының, мәдениетінің түлеуі сай болуға тиіс. Сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз.

– Бұл мәселені жай айтыла салған ұран ретінде қабылдауға болмайды дейсіз ғой.

– Мәселе осында жатыр. Абай айтқандай, бастаманың тереңіне бойлауымыз керек. Еліміздің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында оппозицияға қатысты жаңа ойлар айтты. Бізде мемлекеттік саясатты қолдайтын үлкен топ, партия бар. Бертін өздерін оппозициямыз деп санайтындардың да дауысы естіле бастады. Кейбір адамдар бұрынғы әдетімен биліктің ығына жығылып, оларды жерден алып, жерге салып жатады. Бұл дұрыс емес. Бұл – мәселеге біржақты қарау деген сөз. Егер осыған тереңірек үңіліп, Абай айтқан толық адамның көзімен қарайтын болса, көп жайға көз жеткізер еді. Сындарлы оппозиция қоғамға үлкен пайда келтіруі мүмкін. Оппозициялық партиялар ел дамуындағы кемшіліктерді көріп, біліп, сынап отырады. Ол сын пайдалы болуы мүмкін. Және бір шындық, егер биліктегілер оларды тең серіктес санап, ашық түрде пікір жарысына түссе, ол сыннан үкімет, жүйе құлап қалмайды. Бұрынғылар “Сын түзелмей, мін түзелмейді” деген сөздерді бекерге айтпаған. Олардың да арасында ойы терең, түсінігі мол адамдар болады. Соларды тыңдап, пайдалы сөздеріне құлақ асу керек. Кеңес үкіметі тұсында мен республика ғылым академиясының вице-президенті болдым. Сонда өздерін дессидентпіз деп санайтын екі-үш адам келіп жүретін. Ол кезде заман басқа болды ғой, бәріміз Кеңес үкіметіне берілген адамдармыз, орталық комитеттің аузына қараймыз. Олар: “Маңайларыңа жолатпаңдар, қуып жіберіндер, дендері дұрыс адамдар емес” – дейді. Кейін сөйтіп жүрген адамдардың ойлары басшылықтың ойы болып кетті. Сондықтан да оппозицияға көзқарас жан-жақты болуы керек.

– Біз бір заманның адамдарымыз ғой, бұрын Компартияның ғана сөзі сөз болатын. “Аузы қисық” болса да басшылар сөйлейтін. Қазір жағдай өзгерген сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өзгергенде қандай! Біз көпшіліктің алдында дәріс оқимыз, әр жерде жұрттың алдында сөйлеп жатамыз. Бұрынғыдай қалыптасқан жағдайды ғана айтатын болсақ, ол сөзіміздің далаға кеткені. Осы жөнінде өз заманында немістің әйгілі философы Иммануил Канттың айтқаны бар. Мағынасы мынадай: сен өзің лекция оқыған уақытта осы елде, үкіметте қалыптасқан, осылай болу керек деген ойды ғана айтып қоймай, догмалық ойлардың бұғауынан босанып, нақ осы мәселеге басқа көзқарастағы адамдардың пікірлерін де ескергенің жөн. Бұл сөздердің маңызы қазір тіпті артты. Өмірімізге ғаламтор енгелі ақпарат кеңістігі барынша ұлғайды. Бүгінгі таңда үлкендерді былай қойғанда, балалардың өзі көп жайдан хабардар. Олар сенің лекцияда айтқан ойыңа қарама-қарсы пікірлер де бар екенін біледі. Және оны айтып жүргендер осал адамдар емес. Ғалымдар, белгілі тұлғалар өз сөздеріне дәлел ретінде нақты деректер келтіріп жатады. Сондықтан шындықтың ауылынан алыстамағаның жөн. Сонда ғана аудиторияны баурайсың. Ал егер өзің біліп тұрған балама пікірлерді тыңдаушыларыңнан бүгіп қалсаң, олар саған сенбейді. Ал сенімге селкеу түссе, еңбегіңнің еш кеткені.

– Бұл орайда да көптеген еңбектеріне ащы сын арқау болған Абайдан үйренуіміз керек дейсіз ғой?

– Сын деген сөздің мақсаты да, мағынасы да терең. Ол біреуді жамандау деген сөз емес. Абай толық адам идеясын ұсына отырып, сынға көзқарасын ашық білдірген. Бұл ретте Абайдың Шығыстың ғұламаларының ғана емес, Батыстың озық ойлы қайраткерлерінің де еңбектеріне ден қойғанын аңғарамыз. Мәселен, Ресейде Виссарион Белинский, Николай Добролюбов, Александр Герцен деген керемет сыншылар өмір сүрген. Белинскийдің толып жатқан әдеби сын мақалалары бар. Ол қысқа ғана ғұмырының соңғы (1846-1848) жылдары кесек-кесек дүниелер жазды. Оның еңбектеріне қызығушылық болды. Өйткені, ол биыл қандай жақсы роман, поэма, қандай жақсы туынды жарық көрді, бұрыннан келе жатқан авторлардың жұмысы қандай, әсіресе, қандай жас авторлар пайда болды, соның барлығын жан-жақты зерделеп, жетістіктері мен кемшіліктерін өз оқырмандарына жеткізуге, дәлелді сөздермен түсіндіруге тырысты. Жас жазушының тұңғыш шығармасы туралы сөз қозғаса, бүкіл Ресейге жаңа талант шықты, оқуларың керек, білулерің керек деп жар салды. Егер белгілі қаламгер оншалықты жұмыс жасамаса, мынаның мынадай кемшіліктері бар деп, атақ-даңқына қарамай сынады. Сол заманда сынау үлгісі өте жақсы болған. Қазіргі заманда кітап деген өте көп. Бірақ солардың қайсысы жақсы, қайсысы құнға тұрмайтынын білмейсің. Бәрін оқуға жай адамның уақыты жоқ. Қазір қазақ әдебиетінде нағыз сын жоқ. Бірін бірі ой керемет деп, мақтай жөнеледі. Талдау деген мүлде жоқ. Менің ойымша, осының өзі бір жақты. Себебі, жарық көрген дүниенің не жақсы, не жаман екенін білмеу, оларға сын көзбен қарамау, жақсының жақсылығын айтпау, бір жерден ұрлап алған, көшіріп алған бірдеңелер болатын болса соны да елемеу жазушылардың өсуіне, әдебиеттің одан әрі дамуына кері әсер етеді. Бұл Абай айтқан мәселені шала тексеру, шала түсіну деген үрдіс. Осы жағынан алғанда біз көп нәрседен ұтылып жатырмыз.

– Толық адамды қалыптастырудың кез келген қоғамның басты міндеті десек, бұл табиғи сұрыптау дегенді білдірмейді ғой. Тарихтан білеміз, жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде бүкіл Европаны қанға бояған Адольф Гитлер тек немістер ғана жақсы өмір сүруге қабілетті деген ойды діттеді. Сөйтіп, тұтас ұлттарды жойып жібере жаздады.

– Бір қызық ойды қозғап отырсыз. Бірақ оның толық адамға ешқандай қатысы жоқ. Гитлер “Майн кампф” деген кітабында Дарвиннің “Табиғи сұрыптау” деген ғылыми теориясына сүйеніп, табиғатта, хайуандар арасында өмір сүруге лайықтылары қалады да, нашарлары өледі, сол сияқты адамзатта да өмірге, мәдениетке жақсы бейімделген халықтар бар. Олар – арийлер, немістер, европалықтар, ал еврейлер болса, өмірге икемсіз. Егер оларды түп-тамырымен жойып жіберсек, одан адам баласының өміріне ешқандай нұсқан келмейді, сондықтан да заңды түрде еврейлерді, сол сияқты өмірге дұрыс бейімделе алмаған халықтарды құрбандыққа шалу керек деген ой айтады. Осылай ол 6 миллион еврейді жойып жіберді. Адамзатқа қарсы фашистік теория осылай өмірге келді.

– Осындай оғаш қадамдардың орын алуы толық адам ілімін меңгермегендіктің салдары деп түсінеміз бе? Толық адамды қалыптастыруға кері әсер етіп отырған тағы қандай құбылыстар бар?

– Ксенофобияның да кесірі тиіп отырғаны сөзсіз. “Ксенофобия” – грек сөзі, “ксенос” – бөтен, ал “фобос” қорқыныш деген ұғымды білдіреді. Әрі қарай таратсақ, оның астарында бөтен адамдарға, олардың дүниетанымына, мәдени құндылықтарына деген жеккөрушілік, өшпенділік, төзбеушілік жатыр. Демек, ксенофобия адамдардың арасын жақындатпайды, қайта аша түседі, түрлі даулардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Оның белгілерін этносаралық қақтығыстардан да байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, ксенофобия, қоғамның ұлттық немесе нәсілдік айырмашылықтармен бөлінуі өте қауіпті. Абай осыдан сақтандырған.

– Қазақтың рушылдығы тағы бар.

– Дұрыс айтасың, жүзге, руға бөліну ежелден біздің ұлт ретінде ұйысуымызға кері әсер етіп келеді.

Әрбір халықтың өзінің өмір сүріп, даму кезеңінде қиыншылықтар, дағдарыстар болады. Соны басқалардан көру әдеті қалыптасқан. Мысалы, өзі билік құрып тұрған кезде АҚШ-тың бұрынғы президенті Рейган барлық сәтсіздіктеріне Кеңес үкіметін кінәлады. Егер Кеңес одағы болмаса, жұрттың барлығы керемет тамаша өмір сүрер еді деген ойды қалыптастыруға тырысты. Сол сияқты, соңғы кездері барлық қиыншылықтарды мұсылмандардан көретіндер бой көрсете бастады. Мұндай пікір жалпы ерте заманның өзінде қалыптасқан. Мысалы, Ежелгі гректе, грек болып туғанда оны құл қылуға болмайды, ол әділ емес, варвар деген гректен басқа халықтар. Даму деңгейінен кішкене гректерден қалып қойған. Осы варварларды құл қылуға болады деген. Аристотельдің өзі адам дегенің саясаттың хайуаны. Ал варварлар, құлдар болатын болса, олар тек қана тілі бар хайуан деген. Оларды сатуға, өлтіріп тастауға еркін адамның құқығы бар деп есептеген. Кейін римдіктер айналасындағы халықтардың барлығын варварлар, мәдениеті жоқ халықтар деп, өздерінен кем санаған. Сол пікірлер фашизмге, ксенофобияға әкелді. Абай осыны жақсы білген. “Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” – демей ме ол. Абай үшін барлық халық бірдей. Ол еврей ме, ол араб па, европалық па, азиялық па, қазақ па, орыс па, бәрі бірдей. Абайдың ойынша халықты жамандауға болмайды, жаман халық бұл әлемде жоқ. Халықтардың бірі дамыған болуы мүмкін, ал бірі сол жолдың басында, төменгі сатысында тұруы ғажап емес. Елдің даму деңгейі өзгерістерге ұшырап жатады. Мәселен, ерте заманда римдіктер ағылшындарға, француздарға, готтарға, бургундарға варвар деп қараған. Қазір заман өзгеріп, кешегі дамуы жағынан көш соңында қалған халықтар алға шығып кетті. Айталық, ағылшындар қазіргі заманда ең мықты халық деп есептелінеді.

Жағдай үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан да әр халықта жаман да, жақсы адам да бар, бойына адам баласының жақсылығын сіңірген, адам баласын сүйетін адам бар. Абай айтады ғой адамға рақым керек. Қазақ айтады “қырықтың бірі қыдыр” деп. Сондықтан да әрбір адамға шамаң келсе жақсылық жасауың керек. Әр халықта жақсы да, жаман да бар. Сол жамандарды көріп, о, мынау халықтың өзі жаман екен деп айтудың өзі өте қате, жансақ пікір. Атақты жазушы Максим Горький айтқан: “Кейбіреулер бір адамды немесе бір халықтың он шақты жаман адамдарын көріп, ой мынау халықтың бәрі жаман екен деп ой түюі мүмкін. Ол шындыққа, ақиқатқа келмейтін нәрсе. Әрбір халыққа сүйіспеншілікпен, дұрыс көзқараспен қарау керек”. Мақтанып, басқалардан өзін артық санайтындар да бар. Ол барлық халықта кездеседі. Тіпті өзімізде де Абай айтады ғой, менің жас кезімде өзбекке, татарға, орысқа қазақтар күлуші еді. Ең мықты халық қазақ екен ғой десем, әр халықтың өзінің іскерлігі бар. Сол сияқты орыстар да өздерін жұрттың бәрінен артықпыз деп санайды. Мұның барлығы жаңсақ, қате пікір. Терроризмді тудырып жүрген идеялар, ұлттар бар солармен күресу керек. Кейбір діни топтар бар адам баласына қарсы, солармен күресу керек. Бүкіл халықты жамандау деген ол еш уақытта жақсылыққа бастамайды. Абайдың осы пікірі өте көкейкесті.

– Қазақта тектілік деген сөз бар. “Алтынның сынығы”, “Тұлпардың тұяғы” деп жатамыз. Толық адамды осылардың арасынан іздегеніміз жөн бе?

– Иә, “толқынды толқын қуады” дегендей, халық арасында “тектіден текті туады” деген ұғым бар. Алайда, олардың бәрі Абай суреттеген толық адам бола алмайды. Бұлардың бәрі толық адам деңгейіне көтерілудің баспалдақтары ғана. Абайдың ұлылығы толық адам тәрбиелеу үшін алдымен толық қоғамның, ал толық қоғам орнату үшін толық ілім жасаудың қажеттігін білгендігінде. Сондықтан да ол – өзінің саналы өмірінде толық адам қалыптастыру жолдарын іздеуден жалықпаған. Толық адам ілімі – оның артына қалдырған мол мұрасы. Сондықтан жастарымыз бүгінгідей аласапыран заманда адасып қалмау үшін әркез Абайға жүгініп отырулары керек.

Әңгімелескен,

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp