Қадірлі отандастар!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады.
Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шара жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырамын.
Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз.
Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!
Елімізге амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!
https://egemen.kz/