Өңіріміздегі республикалық және облыстық маңызы бар екі тас жолды еріген қар суы шайып кетті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары ұйымдастырған брифингте айтылды.
Ведомство бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, құтқарушылар көктемгі су тасқынының алдын алу үшін 25 наурыздан бастап дайындықты күшейткен. Осы күнге дейін көптеген іс-шаралар жүргізілді. “Соңғы күндері ауа райы жылынып, қар тез еруде. Еріген қар суы Есіл ауданындағы Горное елді мекенінің маңында облыстық маңызы бар автожолды шайып кетті. Жол үстіндегі судың деңгейі 5 см. болды. Шал ақын ауданында Волошинка – Сергеевка – Тимирязево бағытындағы республикалық маңызы бар КТ27 автожолының 40 шақырымында да осындай жағдай”, – деді Мұрат Қанғожинов.
Бүгінде департаментте жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Бір күннің ішінде тұрғындар 19 өтініш түсірген. Еріген қар суы үйлерге кірмеуі үшін мотопомпалармен сорылып, экскаватормен жыралар қазылған. Облыс бойынша бүгінге дейін тұрғын үйлерге су кіру дерегі тіркелген жоқ.
Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарындағы шағын өзендерде де су молайып жатыр. Олар жақын күндері Есілге құйылып, Сергеевка су қоймасына жетеді. Қазіргі уақытта Сергеевка су қоймасындағы жағдай тұрақты. Былтыр дәл осы уақытта су ернеуінен асқан еді.
Айыртау ауданындағы Змейка шағын өзенінің суы тасып, Имантау елді мекенінің ауылішілік жолын шайып, бір жылыжай су астында қалды. Мамандардың айтуынша, Ақмола облысындағы жағдай да жіті бақылауды қажет етеді. Себебі, ондағы Сілеті қоймасы арнасынан асса, су біздің аудандарға жетуі әбден мүмкін. Көрші өңірдің бөгетінен секундына 100 текше метр су жіберу туралы шешім қабылданған.
“Қамданған қапы қалмайды” демекші, өңір құтқарушылары бүгінге дейін 60 мың қап инертті материал дайындады. Бұдан бөлек, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жанынан 7 жедел топ жасақталды. Тасқын бола қалған жағдайда онымен күреске жеке құрамның 160 қызметкері тартылып, 32 техника жұмылдырылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.