«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ ӨТКЕЛДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендіктің алғашқы жеңісін алқызыл галстуктан құтылған сәтте сезіндім. Бұрын мектепке жуылмағанын, үтіктелмегенін тағып барсаң, жиналысқа салатын, ұрыс еститінсің. Енді ол азаптан құтылдық. Қылқындырған, тынысты тарылтқан “қыл арқаннан” үш ғасыр уақыттан кейін Қазақ елі де азат болды. Басылым беттерін парақтай отыра, 1993 жылдың тарихи оқиғаларға бай екеніне куә болдым. Шекара туралы заң қабылданып, Ата Заңымыздың алғашқы нұсқасы жасалып, төл валютамыз – теңгеміз осы жылы айналымға кіріпті. Ғасырлар тоғысында жасаған осы қадамдардың өзі-ақ мемлекет түзу жолды таңдағанын аңғартқандай.

9 қаңтарда ел Президенті Ресей, Германия, Франция, Иран, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Қырғызстан, Украина республикаларында елшіліктер ашу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Қазақстан тек Түркияда арасында ғана дипломатиялық қарым-қатынас орнаған еді. Осылай 1993 жылы қазақ елшілері ел аманатын арқалап, алыс-жақын шетелдерде Алаш жұртының “шағын аралын” құра бастады.

Жыл басталмай жатып елді елең еткізген оқиғалардың бірі – 13 қаңтар күнгі “Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы” Заңның қабылдануы. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанмен шекараны шегендеудің алғашқы қадамдары жасалды. Жалпы, еліміздің шекарасының ұзындығы 13394 шақырым болса, соның 1782-сі – Қытай Халық Республикасымен арадағы белдеу. Сондықтан бұл құжат, бүгінгі ұлан-ғайыр жерімізді көзалартушылардан қорғап, тұтастығымызды айқындауға жол ашқан ең маңызды заңдардың бірі болды. Жер көлемі жағынан әлемдегі 9-ыншы елге көзінің сұғын қадаушылар сол кезде де аз болмағанын кейін түсіндік.

28 қаңтарда Тәуелсіз елдің тұңғыш Ата Заңы пайда болды, ол 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Жаңа ғана шынында да тарихи оқиға болып өтті – Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Барлық қазақстандықтарды республика үшін шын мәнінде ерекше оқиғамен құттықтаймын. Мұның өзі мемлекеттіліктің қалыптасуы, ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдігі, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың перспективалы ойларын нақты жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасаудың іргетасын қалады”, – деді.

Дегенмен, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыр еді. Тамақ қымбаттап, ақша құнсызданып, халықтың тұрмысы төмендей бастады. Өтпелі кезең деп өздерін қанша жұбатқанымен, азық-түлік, соның ішінде ет-сүт пен жұмыртқа 1993 жылдың алғашқы тоқсанында ай сайын 30 пайызға қымбаттағанын газет беттеріндегі мақалалардан анық аңғаруға болады. Газет тілшілері жазып, қажет кезде жұбатып, қолдау көрсетуге тырысты. Кәсіпорындардан шыққан өнімдердің бағасы алғашқы жартыжылдықта кемі 5 есеге өскенінің өзі елдегі экономиканың құлдырап бара жатқанынының белгісі еді. Иә, шынында да, бұл жағдай халықты есеңгіреткені рас. Экономикалық тұрақсыздықтың пайдасын жылпостар көрді. Әсіресе, 1993-1995 жылдарға арналған жекешелендірудің 2-ші кезеңін тиімді пайдаланғандар, мұртын балта шаппайтын байға айналып шыға келді. Осы кезде енгізілген инвестициялық жекешелендіру купондары арқылы халық қазынасын басып қалуға тырысты. Қаптап кеткен жаңа компаниялар өндірісі болмаса да, жұрттың сеніміне кіріп, “көбік” фирмалар мен атауынан тіл сүрінетін бірлескен жобалар жасалды, нарықтың құйтырқылығын түсінбейтін бұқараға бұл оңай тимегені анық. Қазіргі таңда сол “сиқырлы купондарды” үлкендер жағы күліп еске алады, қалай болғанда да сайда саны, құмда ізі жоқ қаптаған фирмалар жекешелендіруді өз мүддесіне пайдаланып кетті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ақша құнсызданып, сомның бәсі түскесін бұрынғы одақтасымыз Ресей де өз рублін енгізді. Бұл Қазақстан үшін күтпеген жағдай еді. Сондықтан сомның ықпалынан арылу үшін төл валютаға қажеттілік туындады. 12 қараша күні Ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы шешім өз күшіне еніп, 15 қарашадан бастап өз ақшамыздың айналымға енгені жақсылықтың бастамасындай болды. Бірыңғай сом жүйесінен шығудың өз қиындықтары болды. Әсіресе, осы тұста тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу мен ұлттық валютаның тұрлаулығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы қаулы қабылданып, кешенді жұмыстар қолға алынды. Ел тарихындағы тағдыршешті осы кезең – ұлттық валютаның алғашқы қадамдарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстан жолы” атты кітабында былай еске алады: “1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Мынадай бағам қойылды: 500 рубльге 1 теңге. Осы кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен тиындары республиканың барлық облыстары мен аудандарына тасып жеткізілген болатын. Кеңестік ақша реформаларының тәжірибесіне сүйене отырып, комиссия ақша айырбасты тек қана екінші деңгейдегі банктердің бөлімдерінде ғана жүргізілмеуі керек, бұл жұмысқа пошта бөлімдері және сол сияқты қызметшілері көп кәсіпорындар да қосылуы тиіс деп шешті”. Бұл – ел тарихындағы, шынымен де, ең елеулі, маңызды оқиғалардың бірі. Кеңес одағының сарқыншақтарының бірі “сабан ақшадан” осылай құтылдық деуге болады. Бала болсақ та әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хан бейнеленген төл ақшамызды алғаш ұстағаным әлі күнге көз алдымда. Апамның қолыма қағаз тиындарды ұстатып, дүкенге жібергені санамда сайрап тұр. Ең бастысы тауарлардың теңгеге шаққанда арзандап кетуі ерекше әсер етті. 500 сомдық затты бір теңгеге ғана алып, төл ақшамыздың құнды екенін сезіну – мақтаныш еді. Бұл – ел тарихында алтын әріптермен жазылған маңызды оқиға.

1990 жылдан бастап әлемдегі жергілікті қақтығыстар мен соғыстарға байланысты шетелдердегі қазақтардың атажұртқа көшу үрдісі басталған еді. Үкіметтік деңгейде рұқсат берілгенімен, оралмандарды орналастыру, оларға қолдау көрсететін заң болған жоқ. Осыған байланысты 1993 жылғы 15 сәуірде Президент “Иран Ислам Республикасы мен басқа мемлекеттерден отандастарымызды көшіріп алуды ұйымдастыру шаралары және иммиграция квотасы туралы” қаулыға қол қойды. Қандастар көшінің еліміздің демографиялық жағдайына оң әсер еткені сөзсіз. Себебі, сол жылдары неміс пен поляк ұлтының өкілдері тарихи отандарына бет бұрған, ал орыстар Ресейге қоныс аударып, ел халқының саны кеми бастаған.

Еңсені езген материалдық факторларға қарамастан халықтың өмірге деген құлшынысы жоғары еді. Ертеңгі күнге сенім мен ерік-жігер беретін орасан күш – Тәуелсіздік деген қастерлі ұғым. Талай жылғы бодандықтың бұғауынан арылып, өшкені жанып, ұмыт болғаны жаңғырды. Жыл басында 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасына” қатысты республиканың конституциялық сотында мәжіліс басталғанының өзі тәуелсіздіктің ұлтқа берген сыйы екені анық. Алғашқы мәжілісте-ақ жастарға тағылған “ұлтшыл” деген айып алынып тасталды, екіншіден оқиғаның өзі “демократиялық жаңғыру жаршысы” деп танылды.

Республика бойынша атқарылып жатқан осындай рухани өзгерістердің Қызылжар өңірін де айналып өтпегені анық. 1993 жылы жарық көрген газет беттерін парақтап отырып, сол кезеңдегі ұлттық рухтың асқақтауына куә болдым. Мәселен, сырт көзге байқала бермейтін елеусіз оқиғалардың өзі журналистер назарынан тыс қалмаған. Ақпан айының соңына таман облыс орталығында өткізілген “Масленица” мерекесінің өзі көп жайтты аңғартқандай. Оған басты себеп – бұл мейрам осыған дейін “орыс қысын шығарып салу” деп тойланып келгенді. Сондай-ақ, Наурыз мейрамының “Күншығыстың жыл басы” деп алғаш рет аталуы рухани сілкініс пен ой азаттығы пайда болғанының көрінісі іспетті. Ұлттық мүдде туралы жиі-жиі сөз қозғалып, жергілікті ұлт өкілдері пікірлерін ашық білдіруге көшті. Бұған сол жылға тұспа-тұс келген ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойы да ерекше әсер етті. Ақын тойы алдында педагогикалық училищеге есімі берілсе, Мағжан Жұмабаев пен Интернционал көшелерінің қиылысына ескерткіші орнатылып, өңір тұрғындарын қуанышқа бөледі. Тойға сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтанов бастаған делегация, еліміздің басқа өңірлері мен Ресейдің көршілес облыстарынан келген қонақтар қатысты. Алдымен облыс орталығында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, туған ауылы – Сарытомарда дүбірлі той өткені басылым беттерінде тәптіштеп жазылған.

Өңір тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – 13-14 қыркүйек күндері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстанға ат басын бұруы. Мемлекет басшысы алдымен “Окан Холдинг” компаниясының құрылыс алаңына соғып, кәсіпорын жетекшілерімен жүздесті. Қазақстан мен Түркия арасындағы келісім негізінде өңірімізге алғашқылардың бірі болып осы компания инвестор ретінде келген. Қазіргі күні бұл кәсіпорынның өнімдері “Сұлтан” брендімен танымал, тауарлары тек облыс аумағында ғана емес еліміздің басқа өңірлерінде де сатылады. “Окан Холдинг” компаниясы – Қазақстанның агроөнеркәсіп саласына енген алғашқы шетелдік инвестор. Қазіргі күні ол тек ұн мен макарон ғана емес кондитерлік өнімдер шығаратын маңдайалды кәсіпорынға айналған. Бұл сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы өңірдегі астық алқаптарын аралап, диқандармен тілдесіп, жағдайға қаныққан. Өңірге немістің “Клаас” маркалы комбайндары да 1993 жылы келген екен. Президент “Заречный” кеңшары танаптарын аралау барысында осы заманауи комбайндардың ерекшеліктерін көріп, мүмкіндіктерімен танысқан.

Осы материалды әзірлеу барысында “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 1993 жылғы шыққан нөмірлерін түгел ақтардым. Біраз жайға қанықтым, талай оқиғалар еске түсті. Айтпақшы, қолыңыздағы газеттің “Ленин туы” атауынан арылып, “Солтүстік Қазақстан” болуы да осы жылдың еншісінде. Қыстың алғашқы күні, яғни 1-інші желтоқсаннан бастап Мағжан мен Сәбит секілді ұлы тұлғалар қызмет атқарған басылым жаңа атаумен жарыққа шықты. Бұл да ел Тәуелсіздігінің бір жемісі еді. Сол кезде мен бала жүрегіммен коммунистік партияның қылбұғауы секілді галстуктан қалай арылсам, облысымыздың айнасы – төл газетіміз де “күн көсемнің байрағынан” құтылғанына қуанғаны анық. Қалай болса да, 1993 жыл еліміздің тарихында осындай қиындық пен сенімге толы оқиғаларымен қалды.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp