Халқымыз Рамазанды берекесі мен кешірімі мол “он екі айдың сұлтаны” деп әспеттеген. Оның басты ерекшелігі – Алла тағала исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы алшақтықты айқындап беретін қасиетті Құран осы Рамазанда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла тағала былай дейді: “Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені, пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты”. Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да Жаратушының пендесіне жасаған тартуы.
Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: “Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді” (“Бақара” сүресі, 183-аят) – деп бұйрылған.
Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: “Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және рамазанда ораза тұту”, – деп ораза ұстау исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: “Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі”, дей келе оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді. Демек, пенделікпен істеген кемшілік – қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла тағаладан үміт ете ораза ұстау – барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуіне себеп болмақ, бауырлар!
Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы – тек оразаның сауабына кенелетін ғана емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды.
Адам пенделікпен өзге құлшылықты көрер көзге, атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда, оразаны риялықпен, яғни мақтаныш, әлдекімдер білсін деген мақсатпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды.
Ораза таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Құлшылықтың бұл түрі – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады”, – деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: “Мен оразамын” деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал сабырлылықтың сыйы – жәннат.
Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: “Уа, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді” – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): “Алла тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді …”, – деген.
Сондықтан тұрмысы төмен отбасыларды, жалғызбасты тұрғындарды бір күн болса да тойдырып, қараусыз қалған жандардың жанынан табылсақ, Алла тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ.
Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметі мен Орта Азия мұсылмандары басқармасы кеңесе отырып жасалған пәтуаға сәйкес биылғы оразаның алғашқы күні 13 сәуірге, яғни бүгінге тура келіп отыр. Ал алғашқы тарауих намазы 12 сәуір күні оқылады. Қадір түні – 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн.
Шариғат және пәтуа бөлімі биылғы пітір садақа көлемін 420 теңге етіп бекітті. Бұл еліміздегі 2 кг. ұнның орташа бағасына тең. Ал алтынның нисаб мөлшері 1 млн. 160 мың теңге, күміс 200 мың теңгеге тура келеді.
Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.