Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Өнердегі өнегелі өмір” деген атаумен ұйымдастырылған дәріс көрнекті ғалым, әйгілі композитор, қазақтың тұңғыш дирижері, Қазақстанның Халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орайластырылды.
Шарада белгілі күйші, ардагер-ұстаз Серікбай Құсайынов Ахмет Жұбановтың өнегелі өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы жан-жақты баяндады. Музыканың сырлы әлеміне сапарын қос ішекті домбырадан, нәзік үнді сыбызғыдан бастаған өнерпаздың композиторлық қырына терең бойлады.
– Ақтөбе облысында 1906 жылы дүниеге келген дара дарын иесінің музыкаға деген қабілеті ерте оянған. Ол бес жасында хат танып, домбыра тартып, ән айтқан. Халқымыздың рухани өрлеуіне өзінің перзенттік борышын бар күш-жігерімен адал атқарған арда ұл, ел мақтанышы Ахмет Қуанұлы соңына мол мұра қалдырып, оны туған жұртының игілігіне айналдыра білді, – деген Серікбай Құсайынов Ахмет Жұбановтың көзі тірісінде жазған естеліктеріне де тоқталып, мазмұнды ойларды ортаға салды. Шара соңында композитордың “Би күйін” орындап берді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.