Облыстық мәслихаттың халықтың денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет және жастар ісі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы Тимирязев ауданында өтті.
Жиында халық қалаулылары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, спорт ұйымдарын дамыту және қаржыландыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың орындалу барысымен танысты. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жетекшілері Армат Күзеубаев пен Армида Манукян атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Комиссияның көшпелі мәжілісінде аудан әкімі Нұрлан Кеңесов, аудандық мәслихаттың хатшысы Айман Асанова өз ойларын ортаға салды.
Депутаттар мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қадағалау мақсатымен бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Интернационал ауылдық округіндегі мәдени-сауықтыру орталығы мен орта мектепте, Тимирязев жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында, агротехникалық колледжде болды. Аталған нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база біршама нығайтылған.
Тұрақты комиссияның төрайымы Ирина Эктова білім алу және спортпен шұғылдану үшін жасалған қолайлы жағдайлар оқушылардың облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктеріне оң әсер ететінін атап өтті.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар берілді.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.