«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сәуір – салқын, мамыр – жауынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл табиғат тосын мінез танытып, қызылжарлықтарды біраз әбігерге салатын түрі бар. Сәуір айында ауаның орташа температурасы 4-6 градус жылылықты көрсетеді. Жалпы, соңғы жылдары климат құбылып тұр. Мысалға, ең жылы қыс ретінде тіркелген 2019-2020 жылдың қысында ауаның орташа температурасы нормадағыдан 5-7 градусқа жоғары болды. Сәйкесінше, циклон мен антициклондардың ықпалынан желдің екпіні күшейе түсті.

Биылғы сәуірдің соңы мен ма­мырда ауа райы қандай болмақ, басқа да ерекшеліктері бар ма деген сауалмен “Қазгидромет” кә­сіпорны облыстық филиа­лы­ның директоры Қымбат Мерға­лымо­ваға хабарласқан едік. Оның ай­туынша, алдағы күндері Солтүс­тік Қазақстан облысы ау­қымды антициклонның ықпа­лын­да бо­ла­ды, аспанды бұлт тор­лап, ауа темпе­ра­турасы түн­де 0-5 градус жылы, кей жер­лерде 3 градус салқын болады, күндіз 14-19 градусқа дейін кө­теріледі, кей жерлерде темпе­ратура +22-ге дейін жете­ді. Сәуірдің соңы облыс бойын­ша суық атмосфералық фронт­тар­дың өтуіне байланысты жа­уын-шашынды болады, солтүс­тік ба­ғыттан соққан желдің екпіні се­кундына 15-20 метрге дейін же­теді, ауа температурасы түн­де -2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Ал мамырда жауын-ша­шын мол болады, орташа тем­пе­ра­ту­ра 12-13 градустың маңа­йын­да. Тек айдың соңғы онкүн­дігінде ғана 20-25 градусқа дейін жы­лынады.

Есіл өзеніндегі қазіргі жағдай мен тасқын қаупі туралы да ма­ман­ның пікірін білген едік. Есіл өзе­ніндегі су деңгейінің көтерілуі 9 сәуірде басталды. Қазіргі күні облыс аумағындағы барлық гид­ро­логиялық бекеттерде су дең­гейінің көтерілгені байқалады. Сергеев су қоймасынан жоғары ор­наласқан гидрологиялық бе­кет­­­тер­де су деңгейі 90 санти­метр­­ге дейін көтерілген, ал тө­мен­­гі бе­тінде, яғни, Петропавл ма­­ңында 20 сантиметрге дейін жеткен.

Ерке Есілдің жылына бір рет көрсететін тосын мінезіне той­та­рыс беріп, ауыл-аймақтарды аман сақтау жергілікті атқарушы ор­гандар мен төтенше жағдай­лар қызметкерлеріне сын бол­мақ. Осындайда, жығылғанға жұ­дырық болып, табиғаттың басқа қыңыр мінезі қосылмасын деп тілейік.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp