«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Петропавлда түнде ойын-сауық мекемесінде жүрген 15 жасөспірім анықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда полицейлер 14 сәуірден «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын бастады. Нәтижесінде ойын-сауық орындарында түнде жүрген 15 жасөспірім анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, операция барысында тәртіп сақшылары жастар көп жиналатын орындарды, ойын-сауық мекемелерін, қала көшелерін назарға алады. Жасөспірімдерге сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғылықты жерінен тыс жүруге заңмен тыйым салынған. Алайда, адамдар заңнама талаптарын біле бермейді.

Мәселен, Жамбыл көшесіндегі дәмханалардың бірінде полицейлер түнгі уақытта әпкесі және таныстарымен бірге болған 17 жасар жасөспірімді анықтаған. Жастар құқық бұзушылық жасап жатқанын білгенде, таңғалысын жасырмады, олардың айтуынша, жасөспірім «ересектердің бақылауында болған».

«Балалардың заңды өкілдері ретінде тек ата-анасы немесе оларды алмастыратын тұлғалар болуы мүмкін. Бұл жағдайда жасөспірімнің ата-анасын және дәмхана иесін жауапқа тартуға тура келді. Іс-шараның екі күнінде жасөспірімдердің сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында және сағат 23.00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жүрулерінің 15 фактісі анықталды. Балаларын тәрбиелеу және асырау бойынша міндеттерін атқармағаны үшін 7 заңды өкіл жауапқа тартылды», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Бұдан бөлек, полицейлер «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғылықты жері бойынша тұрмысы қолайсыз 56 отбасыны, есептегі тұрған 40 жасөспірімді тексерді. Оқу орындарында полицейлер оқушылармен 50-ден астам кездесу өткізген. Жасөспірімдер құқықтық сауатсыздықтан, кейбір әрекеттеріне қатысты жауапкершілік көзделгенін түсінбегендіктен, құқық бұзушылыққа жол беріп жатады. Тәртіп сақшылары бұл мәселелерді шешу үшін қылмыстық әрекеттерден сақтану жолдары туралы кеңестер берді.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp