Жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтар төрт мыңнан астам көлікті өздері тіркеді. Олардың ішінде екі мыңға жуық азамат көлік құралын қайта тіркеді. 1200-ден астам тұрғын жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырды. 2020 жылы облыс тұрғындары “egov.kz” порталы арқылы 2956 автокөлікті қайта ресімдеп, 6006 жүргізуші куәлігін алған болатын.
– Бұрын автокөлікті тек арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында немесе “Электрондық үкімет” порталында тіркеу мүмкін болатын. Енді мемлекеттік қызмет “kaspi.kz” қосымшасында да онлайн режімде қолжетімді. Биылдан бастап сатушы автомобильді тіркеуден шығарған кезде, сервис көлік құралын айыппұлдарға және салық берешектеріне қатысты автоматты түрде тексеру жүргізеді. Егер төленбеген салықтар мен айыппұлдар болса, сатушы оларды бірден қосымшада төлей алады. Сатып алушы сатып алу үшін ақша аударады, баж салығын төлейді, автокөлікті есепке қояды және мемлекеттік нөмірлік белгіні онлайн таңдайды, – дейді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ облыстық филиалының директоры Жұмабай Еркін.
Онлайн мәміле аяқталғаннан кейін құжаттарды және мемлекеттік нөмірлік белгіні “Электрондық үкімет” порталында үйге жеткізуге тапсырыс беруге немесе оларды мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кетуге болады.
Ерназар НҰРҒАЛИЕВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ облыстық филиалының баспасөз хатшысы.