Солтүстік Қазақстан облысында жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін 300 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алуы қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірге ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы вакцинаның 21 мың данасы түсті. Бірінші компонентімен тұрғындар 100 %-ға жуық егілді. Оның басым бөлігі – 5004 доза медициналық қызметкерлерге салынды. Бұдан басқа 3127 ұстаз, 2391 – құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 1272 – созылмалы аурулары бар сырқаттар, 763 – полицей, 309 – мемлекеттік қызметші, 237 – медициналық-әлеуметік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері, 95 – студент вакцина алды. Ал халықтың үлесі -8 мыңға жуық.
«Вакцинацияның толық курсынан 3 мың 700-ге жуық адам өтті. Аптаның соңында тағы 4 мың доза келеді. Жалпы сәуір айында 17 мың доза жетеді. Сол себепті вакцина дефициті туындамайды», – дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Жоспар бойынша СҚО вакцинацияны қыркүйек айының соңына дейін толық бітірулері қажет. Осы аралықта өңір тұрғындарының 300 мыңы екпе алмақ.
https://www.inform.kz/