– Әй, сары!
Желке тұстан естілген таныс дауысқа жалт бұрыламын деп темекінің түтініне шашалып қала жаздадым. Өзімнің ауылдасым, әкемнің құрдасы Ыбырай аға екен. Ауылдан екі жылдай бұрын көшіп келген. Қазір қоңырқай тартқаныммен, бала күнімде нағыз шикі сарының өзі едім, кездескен жерде үнемі соны еске салады. Тағы бір пәленің шетін шығармаса екен деп ішім қылп ете түсті. Мені көрсе, мені ғана емес, ауылдың бар баласынан “әпшу” сұрайтын әдетін әлі қоймаған көкелеріміздің бірі. Қасымда тұрған әріптестерімнің алдында ұялтпаса екен деп тілеп тұрмын. Шамам келгенше сөйлетпей әңгімені басқа жаққа бұрып әкетпекпін.
– Саумаликем! Қалыңыз қалай, жайша жүрсіз бе бұл жақта? – деп бастырмалатып құшақтай алдым. Жайшылықта бұлай амандаспаймыз, қол алысумен ғана шектелетінбіз.
– Әй, не болды, қалымды білгің келсе іздеп келіп, неге сәлем бермейсің? Әкел темекіңнен.
“Барсам, өткен-кеткенді айтып өзімді иттей қыласың ғой” деп қоямын ішімнен.
– Тастап едіңіз ғой?
Шылым тастау дегенді өзгенікін шегу деп түсінетін қалыптың адамдарынансың ғой деген ой тағы қылаң берді.
– 50 жыл дос болған бұл құрғырдан құтыла алмадым, насыбайға көшіп едім, кәйпі түтіндікіндей болмады.
Көк түтінді бұрқ еткізді де, танауын көкке созды. Оттығымды жылп еткізіп қалтасына сала салды. Мейлі, бастан құлақ садақа. “Әпшу атып үйренген адамға насыбай таңсық емес қой”, – деп айтуға оқталдым да, тілімді тістей қойдым.
– Ааа, мен де тастай алмай жүрмін. Бұл жаққа жай келдіңіз бе?
– Адам жай жүруші ме еді?
Шынымен ақымақсың ба дегендей сығырая қарады. Негізі біздің ауылдың адамдары телестудия жаққа құттықтау беру үшін келетін.
– Құттықтау беруге келдіңіз бе?
– Әй, жоға, оның сәннен қалды ғой қазір….
– Енді?
Біздің жұмыс жаққа келуге тағы бір себеп: көшені су басты, үйдің қабырғасы жарылып жатыр, әкімдік неге көмектеспейді деп басталатын шағымдар. Бірақ менің жерелестерім мұндай мәселемен келіп көрген жоқ.
– Мынау ғой, сүйреп жүргенім, ай сайын келемін.
Дорбасын ашып көрсетті.
– Еее …
– Немене еее?
– “Отау” ғой баяғы. Ана жерге бару керек…
– Қайда бару керек екенін сенсіз де білемін. Бір жылдан асты, ай аралатып келемін де тұрамын…
– Енді неге алдыңыз?
Тесіліп ұзақ қарады. Мен әперген сияқты кінәлап қарайды.
– Әй, соны сенен сұрайын деп едім. Осыны күні-түні қақсап, жарнамалаған өздерің емес пе?
– Енді, не ғой, отандық өнім, өзімізде жасап жатыр деп айттық, бірақ ал деген жоқпыз ғой, – дедім күмілжіп. Ішімнен, бұның барлық бөлшегін Қытайдан әкеледі, бізде тек құрастырады да, “Қазақстанда жасалған” деген белгі жапсырады деп айтқым келді де, апамның “пәледен машайық қашып құтылыпты” дегені есіме түсіп, тілімді тістей қойдым.
– Әкел тағы бір темекіңді.
Қорабымен қолына ұстата салдым.
– Аға, кеттім, эфирге бір материал беруім керек еді, – дедім асығыс екенімді білдіріп.
– Бар, бар, тағы біреуді алдаңдар.
– Жақсы, сау болыңыз, тәтеме сәлем айтыңыз.
Соңымнан тағы бірдеңе айтып, бүкшиіп көрші ғимаратқа кетіп бара жатты. Жұмысқа зауқым соқпай қалды. Дұрыстап құрастыра алмай отырған зауыт кінәлі ме, дұрыс қолдана алмаған Ыбырай ма? О жағы маған беймәлім, әйтеуір, “Отау ТВ” деген қорап құшақтап көрші ғимаратқа беттеп бара жатқан адамдарды күн сайын көремін.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.