«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көпке үлгі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі”, – деп еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазіргі таңда ауылдық жерлерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осының арқасында шалғай елді мекендерде тірлік қайта жанданып, ағайынның жағдайы жақсарып келеді. Сондай ауылдардың бірі – Тайынша ауданындағы Вишневка. Бұл елді мекен осыдан 85 жыл бұрын құрылған. Нарықтың қыспағына қарамастан барын жоғалтпай, қайта еселеп көбейтіп, өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Ауылдың гүлденуi және тұрғындарының жақсы өмір сүруіне осындағы “Вишневское” ЖШС-і де қолдау көрсетуде. Сондықтан жергілікті тұрғындардың серіктестік басшылығына айтар алғысы зор.

Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған елді мекенде әлеуметтік мәселелер де өз шешімін табуда. Вишневка алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге өте қолайлы жер. Сондықтан көшіп жатқандар жоқ. Тұрғылықты халық үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Шаруашылықта еңбек ететін 220 адам ерекше қамқорлықта, 10 пайызы арнаулы және жоғары білімді, жұмысшылардың дені осында кем дегенде 20 жыл үздіксіз жұмыс істеп келеді. Жалпы ауылдың еңбекке жарамды тұрғындарының 70 пайызы осы серіктестікте қызмет атқарады. Түрлі шетелдік техниканың тілін меңгеріп алған механизаторлар үшін жылдың төрт мезгілінде де қайнаған еңбек. Астық қоймаларында, техникаларға арналған тұрақтарда, жөндеу жұмыстары жүргізілетін арнайы орындарда жұмыс жыл көлемінде тоқтаусыз жүріп жатады.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау Вишневканы да айналып өткен жоқ, бірақ қиын сәтте “Вишневское” ЖШС-нің директоры Павел Рафальский ауылдық округке қарасты Мәдениет үйі мен білім беру нысандарын қамқорлығына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осының арқасында қазір фельдшерлік пункт пен дәріхана да жұмыс істеп тұр. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар аудан орталығына сабылмай, алғашқы медициналық көмекті осында алады. Бұған қоса жыл сайын кітапхана қорын толықтыруға қажет қаражатты серіктестік бөліп, жаңа басылымдарды сатып әпереді. Ауылдың тағы бір мақтанышы – “Вишенка” балабақшасы. Бұл нысанды жөндеуді де серіктестік өз мойнына алған. 85 жылдық тарихы бар елді мекеннің өзінің өлкетану мұражайы жұмыс істеп тұр. Ауыл құрылған 1936 жылдан бері тұрғындар тұтынған заттар мен түрлі құжаттар, сырлы суреттер осында сақтаулы.

Елді мекеннің құрылғанына 85 жыл толу мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, бірге тойланбақ. Тағы бір қуанышты жағдай – тынымсыз еңбек етіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жасап отырған білгір де қайырымды басшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Павел Рафальский жуырда асқаралы 60 жасқа толды. Ауылдың ғана емес, аудан экономикасының өсуіне қомақты үлес қосып келе жатқан осындай ірі шаруашылықтар барда алтын бесігіміз көркейе бермек. Вишневка да жас мемлекетімізбен бірге дамудың даңғыл жолымен алға басып келеді. Биыл жаңа мектептің құрылысы басталуы тиіс.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp