«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Әдемі-ау”-дың сыршыл әлемі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Етегі желбіреген көйлек, оюмен көмкерілген қамзол, үкісін қондырған кәмшат бөрік, сың­ғырлаған шолпыларын таққан “Әдеміаудың” қыздары сахнаға шыққан сәтте көрермендер жадырап сала берді. Олар мың бұралған қыздардың қимыл-қозғалысын бағып, би әлемінің тұңғиығына сүңгіді. Ауыз әдебиеті, ән-күй, салт-дәстүр – шежіремізді, түп-негізімізді, халықтың болмысын көрсететін ел мұрасы болса, би де ұлтымыздың сондай көркемдік ойының бір көрінісі. “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі – халқымыздың рухани қазынасымен ұштасқан ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, сахнаға шығарып жүрген өнер ұжымдарының бірі.

Еліміз егемендікке қол жеткіз­ген уақыттан бастап шекарасын түгендеп, экономикасын түлетумен қатар, ұлттық мәдениеті мен өнерін жаңғыртуға да мүмкіндік алды. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның құрамын­дағы “Әдемі-ау” қазақ би ансамблі – сондай ұмтылыстан туған сәтті жоба. Биыл би ансамблінің құрылғанына 20 жыл. Қазақ халқының би өнерін түлетіп, өңір, ел, тіпті әлем жұртшылығына ұлтымызды танытып жүрген ұжымның құрамы бүгінге дейін төрт мәрте жаңарған. Десе де ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген қайрат­кері Расима Сучкова алған бағы­тынан таймай, жиырма жыл бойы шығармашылық ұжымды алға сүй­реп келеді.

Шеберлік пен тынымсыз еңбек­тің арқасында аз ғана уақыттың ішінде ұжым үздіктердің қатары­нан көрінді. Соның арқасында жер-жерді аралап, ұлттық болмы­сымыз бен мәдениетімізді кеңінен насихаттап, дәріптеуге үлес қос­ты. Әлі де бұл бағыттан тайған емес. Облыстық филармонияның әртістерімен бірге бишілер еліміз­дің барлық қалаларында концерт беріп, көрермендердің көзайы­мына айналды. Халықаралық бай­қаулар мен фестивальдардан қор­жындары бос қайтқан емес. “Ша­быт”, кейін “Аймақтар аламаны” телевизиялық жобасына да қаты­сып, өңіріміздің өнерден кенде емес екенін дәлелдеді.

– 2003 жылы Үндістанда өнер көрсеткеніміз есімізде. Бұл ұжым­ның шетелге алғашқы сапары болатын. Гастрольдік сапарымыз Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылды. Ал 2017 жылы Абу-Дабиде өнер көрсету бақыты бұйырды. Бір ай көлемінде ансамбль қазақ би өнерін танытып, әлем елдерінен келген бишіле­рімен бір сахнада мың бұралды. Ұжымның өнерін шетелдіктер жақсы бағалады. Әсіресе, бұл жырақта жүрген қандастарымыз үшін айрықша оқиға болды, – дейді Расима Сучкова.

Соңғы бірер жылда шекара асып, концерт беру қиындаса да, әдемаулықтар қол қусырып отырмай, Италияда ұйымдастырылған “We dance” халықаралық сайысына қашықтан қатысып, бірінші орынды иеленді. Бишілер алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қайтпақшы.

Ансамбльдің негізгі репертуары – қазақ халық билері. Соның ішінде “Той-думан”, “Келіншек”, “Бозінген” сияқты билер көпшілікке кеңінен таныс. Қазақ билерімен қатар, ұжымдағы қыздар түрік және Азия халықтарының билерін де нақышына келтіріп орындайды. Мәселен, репертуарымызда корей, өзбек билері бар. Бишілерді дайындау үшін Алматы, Шымкент қалаларынан балетмейстерлер шақырылған. Бастапқыда ұжым мектеп оқушыларынан құрылса, қазір топта тәжірибелі бишілер басым. Кейбірі, тіпті тұр­мысқа шығып, ана атанса да, сүйікті істерінен қол үзбей, қызметтерін жалғастырып жүр. Бірқатары хореография мамандығында оқып, біліктіліктерін жетілдіруді де ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, Расима Сучкованың шәкірті әрі көмекшісі Ботагөз Макина қазір хореограф қызметіне ауысқан. Дамира Халитова Омбы облыстық мәдениет және өнер колледжін тамамдап, Челябідегі жоғары оқу ордасында білімін жалғастырған.

Ұлттық өнерді паш еткен ұжымның алға қойған мақсат-жоспарлары да ауқымды. Биыл олар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен бірге ансамбльдің 20 жылдық мерейлі белесін де атап өтпекші. Үлкен концертке дайындық қазірдің өзінде басталып кетті.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp