«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірқатар сыныптар қашықтан оқуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде короновирус инфекциясының алдын алу мақ­сатында вакциналау шаралары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда облысқа жеткізілген 21 мың доза вакцина бітуге таяу.

Облыста індет жұқтыру көрсеткі­ші әлі де тұрақсыз. Өткен тәулікте 27 өңір тұрғыны коронавирус инфекциясын жұқтырды. Соның ішінде 16 науқаста ауру белгісі анықталды. Әдеттегідей ауру жұқ­тыру көрсеткіші Петропавл қаласында жо­ғары. Сондай-ақ, Қызылжар, Тайынша, Аққайың, Есіл, Ақжар, Жамбыл аудандарында да қауіпті кеселге шалдыққандар бар. Өкінішке қарай, инфекция балалар арасында да анықталуда.

– Қазір оқушылардың қауіпті індетпен науқастануына байланысты қаладағы білім беру ұйымдарындағы кейбір сыныптар қашықтан оқу режіміне көшті. Төртінші тоқсанда 72 балада ауру анықталды. Жалпы оқу жылы басталғалы 740 оқушы қауіпті инфекция жұқтырды, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов. Қауіпті аурудың көбеюіне байланысты өткен аптаның басында бірқатар шектеу шаралары қайта енгізілген болатын. Мамандар індетпен күрестің тиімді жолы – екпе алу екенін айтуда.

– Өңірге жеткізілген ресейлік Спутник V вакцинасының бірінші компоненті 20990 жерлесімізге қойылса, 3672 адам толық вакциналаудан өтті. Олардың қатарында медицина, білім беру, құқық қорғау қызметкерлері бар. Ал 8 мыңға жуық тұрғын өз еркімен екпе алды. Апта соңына дейін тағы 17 мың доза вакцина келеді деп күтіп отырмыз. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін 200 мың солтүстікқазақстандық тегін вакцина салдыруы керек, – деп атап өтті Арман Күшбасов.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp