Қарағанды облысының Октябрь ауданына Алаш қозғалысының көсемі, қазақтың аяулы перзенті Әлихан Бөкейханның есімі берілді деген жүрек жарды қуанышты хабарды естігеннен кейін қолыма қалам алып, сүйікті газетімнің оқырмандарымен ой бөлісуге асықтым. Шынымды айтсам, қатты толқыдым. Өйткені, кезінде күштеп өзгертілген ел-жер атауларын заман ағымына орай жаңғырту мәселесі жиі көтерілгенімен, сөзіміз бен ісіміз қабыспай, тиісті орындар дәйектілікпен шешеді деген үмітіміз ақталмай, соңы су аяғы құрдымға кетіп жататыны жанға батушы еді.
Жарайды, азаттықтың алғашқы кезеңінде қиындықтар көп кездесіп, кім-кімге болсын оңай тимегені анық. Бүгінде керегеміз кеңейіп, шаңырағымыз биіктеп, қуатты елге айналдық. Енді кімге жалтақтаймыз?!. Мысал үшін айтсам, Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылының атын өзгертуге өзге этностарды айтпағанда, өз қандастарымыздың қарсылық танытып, өре түрегелуін сананың ескі идеология шырмауынан шыға алмауынан, ұлттық рухтың төмендігінен, намыстың жоқтығынан дер едім. Шынайы патриоттық сезіммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай оғаш қылықтарды еш ақтауға болмайды.
Осындай солқылдақтығымызды бізге жақсылық ойламайтындар өз ыңғайына пайдаланып кетіп жатқаны да жасырын емес. Олардың көксегені – Қазақстанның береке-бірлігін ыдырату, аумақтық тұтастығымызға қол сұғу, тату көршілік қатынастарға сына қағу. Жақында ғана қазақ жерінде өсіп-өніп, асын ішіп, ауасын жұтқан Владимир Жириновский Павлодар қаласындағы 30 көше атауының өзгеруіне орай “мәлімдеме” жасап, аузына келгенін айтып лаққан жоқ па? Сондықтан Президент айтқандай, ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға тас-түйін дайын болу үшін әрқайсымыздың ұстанымымыз мемлекетшілдік идеямен біте қайнасып, Алаш қайраткерлері сияқты елге қызмет етудің озық үлгілерін бойға сіңіруге ұмтылуымыз керек.
Патшалық, кеңестік кезеңді көз алдымызға елестететін елді мекендер мен көшелер Қызылжар ауданында да аз емес. “Баяғы жартас бір жартастың” кебімен мелшиген қалпы әлі тұр. Мен тұратын Петерфельд елді мекеніндегі Октябрь көшесіне Алаш қайраткері, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың есімін беруге тұрғындар қарсы емес. Олардың қолдарын жинап, аудан әкімінің атына жазбаша түрде тапсырғаныма екі жылдай уақыт өтті. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Осыдан-ақ жергілікті биліктің жұртшылықтың өтініш-тілектеріне деген немкетті көзқарасын аңғаруға болады. Октябрьден құтылғысы келетіндердің арасында ауылда тұратын өзге ұлт өкілдері де өте көп. Олар да тәуелсіз елге Октябрьден Мағжан қымбат екенін түсінеді.
1992 жылы тоталитарлық режімнің тоңы жібімей тұрған кездің өзінде Петропавлдағы Коммунистік және 2-ші Коммунистік деп аталатын көшелерге Мағжанның есімі беріліп, бөркімізді аспанға атқандай күй кешкен едік. Енді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың тұғыры нығайып, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланар тұста кім кедергі келтіріп отыр? Осы сауалды жергілікті биліктің тұтқасын ұстап отырған шенеуніктерге тағы да жолдағанды жөн көрдім.
Бүгінгі таңда негізінен қазақтар тұрып жатқан ауылда Коминтерн, Восточная, Школьная секілді бүгінгі мақсат-мұраттарымызбен еш үйлеспейтін атаулар қашанға дейін тұра бермек?
Сағат ҚУАНДЫҚОВ,
педагогика саласының ардагері.
Қызылжар ауданы.