Волейболдан ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатында солтүстікқазақстандық “Қуаныш” клубы қола медальді жеңіп алғаны белгілі. Өңір волейболшылары бұрын-соңды мұндай жетістікке жетіп көрмеген. Әр жетістіктің астарында тынымсыз жаттығулар мен төгілген тер жатқаны сөзсіз. Спортшылардың жұлдызын жағып, жеңістің сара жолына салатын адам – жаттықтырушы. Олай болса, бүгінгі сұхбатымыз “Қуаныш” волейбол клубының бас бапкері Азамат Есімовпен өрбімек.
– Азамат Оралұлы, әңгімеміздің әлқиқасын өзіңізден бастасақ. Аталмыш спортқа қалай қадам бастыңыз?
– Мен 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдадым. Өзге қатарластарым сияқты мен де еңбек жолымды ауылда бастауды жөн көрдім. Тимирязев ауданының орталығына барып, еңбекке араластым. Волейбол үйірмесі болған жоқ. Сондықтан баскетбол жаттықтырушысы болуыма тура келді. Кейін волейболға жаны құмар жергілікті шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Хамзинмен таныстым. Өңірімізге танымал спорт меценатының мұрындық болуымен секция ашып, 6-7 сыныптарда оқитын қыздарды жаттықтыра бастадым. Алғашқы қадамдарымыз сәтті болды. Аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарға қатыстық. Алдымен жүлдегер, кейін өңір чемпионы атандық. Жеткен табыстарымызды еселей түсу мақсатында республикалық додаларда бағымызды сынап, қола, күміс, алтын медальдар иеленген кездер де есімде.
Бүгіндері Қайырбек ағамыз құрған “Қуаныш” волейбол клубы ұлттық лига ойындарында сәтті өнер көрсетіп, үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Петропавл қаласында өзіміздің спорт залымыз бар. Негізгі құрамның жанынан ізбасарлар командалары құрылды.
– “Қуаныш” волейбол клубының 2009 жылдан бергі жеңісті жолы туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып жүрміз. Ең жарқын жеңістерді атап өтсеңіз?
– Тәжірібисі артып, біліктілігі шыңдалған бойжеткендеріміз 2012 жылы волейболдан жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Менің тәрбиеленушілерім ересектер командасына қабылданды. Ол кезде өңірдің бұрымды волейболшыларын Владимир Шмилев пен Азамат Батанов жаттықтыратын. Тимирязев, Шал ақын, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың өкілдерінен жасақталған команда “Б” дивизионындағы ойындарда үшінші орынға ие болды. 2013 жылы қалаға көшіп келген соң облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа жұмысқа орналастым. Кейін дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының ұсынысымен жергілікті волейбол командасының тізгінін ұстадым. Сенімді ақтап, бір жылдан кейін лигада жеңімпаз атандық.
“А” дивизионына көтерілген жылы 7 команданың ішінде 6-шы сатыға жайғастық. Ал келер чемпионатта үшінші орынды иелендік. Кейін командаға алтын медаль тағыну міндеті қойылды. Абырой болғанда бұған да қол жетті. Жоғары лигада сәтті өнер көрсетіп, бірінші маусымда жеңімпаз атандық. Осылайша, волейболдың хас шеберлерінен құралған командалармен бақ сынасуға жолдама алдық. Ұлттық лигада ойнап жатқанымызға биыл төрт жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай алғашында чемпионаттың 7-ші сатысына аялдасақ, кейін 5-ші, 4-ші орындарды иелендік. Биыл қола жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерді қуанттық деп ойлаймын.
– Команданы құттықтаған облыс әкімі өз сөзінде клубтың құрамы негізінен солтүстікқазақстандық спортшылардан құралғанын, бұл өңірде атқарылып жатқан көпжылғы жұмыстың нәтижесі екенін атап айтты. Ұжымда легионер жоқ па, сонда?
– Иә, бұл сөздің жаны бар. Қазіргі уақытта клубымыздағы волейболшылардың көбі Қызылжар өңірінің тумалары. Олар бірін-бірі жақсы біледі, сол себепті ойын барысындағы түсінулері жоғары. Онсыз жеңіске жету қиын. Құрамда тәжірибесі бар кәсіби спортшылар да болуы тиіс. Себебі, жастар үздіктерге қарап, бой түзейді емес пе?! “Жетісу”, “Алтай” және “Алматы” командаларындағы волейболшылардың тең жартысын шетелдік спортшылар құрайды. Олардың дені халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Осындай командалармен тең ойнау оңай емес. Сол себепті біз де бірнеше шетелдік волейболшыны командамызға шақырдық. Қазіргі уақытта командамызда украиналық және ресейлік волейболшы бар. Сонымен қатар жергілікті қыздар да басқа клубтарда ойнағылары келеді. Яғни, ауыс-түйіс болып тұрады. Мәселен, Полина Костива деген ойыншымыз шығысқазақстандық “Алтай” клубына ауысты. Валерия Чмак та өзге клубта өнер көрсетіп жүр.
– “Қуаныш” клубында негізгі командадан бөлек, ізбасарлар ұжымы бар екенін білеміз. Олардың көрсеткіштері көңілден шыға ма?
– Бүгінгі таңда жас санаттары бойынша үш команда жасақталған. “Б” дивизионында сайысып жүрген клуб волеболшыларын биыл ұлттық лига ойындарына тарттық. Нәтижелері жақсы. Олар негізгі командада өнер көрсете алатын деңгейге көтерілетін күн алыс емес. Тіпті, биылғы маусымда “Қуаныштың” екінші командасы “Б” дивизионында медальға таласады деген сенімдемін.
– Азамат Оралұлы, “Қуаныш” клубының алдына келесі маусымға қандай мақсат қойылып отыр?
– Басты міндет – кем дегенде екінші орынға көтерілу. Ал арманымыз – ұлттық лиганың жеңімпазы атану. Ең бастысы, облыс басшылығы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау бар. Бұл мақсатқа жету үшін залда талмай тер төгіп, көп еңбектену қажет.
Сұқбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.