Елімізде ғылым мен білімді дамытуда егемендік жылдары көптеген жобалар жүзеге асырылды. Солардың ішінен Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуын ерекше атап өткен жөн. Бұл білім ордаларында дарынды жастар шоғырланған. Олар ғылым саласында да тырнақалды табыстарымен көзге түсуде. Мәселен, Петропавлдағы зияткерлік мектеп оқушылары Аида Тегумбаева мен Аружан Мамбетова пайдаланылған тетрапак қапшықтарын, қайта өңдеу бойынша инновациялық жоба ойлап тапты.
Күн сайын адам ағзасын улайтын, Жер-Ананы ластайтын мыңдаған тетрапак қоқысқа тасталады. Жас өнертапқыштар сол қалдықтарды қайта өңдеуге жіберіп, қабырғаларды сәндік әрлеуге арналған өнім ретінде қолданудың жолын тапты. Өз жобаларын “Тетрапакеттерді қайта өңдеу және қайта өңдеу технологиясы негізінде сұйық қабырға тұсқағаздарын жасау” деп атады.
– Тетрапак – әмбебеп өнім, оның құрамында 75 пайыз картон, 20 пайыз полиэтилен, 5 пайыз алюминий бар. Тұтынушылар қаптамадағы өнімді сатып алғанда оның құрылымы туралы ойламайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай қаптама қайта өңделмейді. ТМД бойынша тек 15 тетрапак қабылдау пункті жұмыс істейді, – дейді жас өнертапқыштар. Қайта өңдеу экологияны сауықтыруға да оң әсер етеді. Мектеп оқушылары өз өнімдерін сынап көру мақсатымен тестілеуден өткізбек. Сынақтан сәтті өтсе, құрылыс дүкендерінің сөрелерінде самсап тұрған шетелдік тұсқағаздарды ығыстыруы ғажап емес. Бағасының қолжетімді боларына да бек сенімді.
Аида мен Аружан бизнес-жоспарды қалай құруды “Astana Hub” өкілдерінен сұрастырып біліп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында ұйымдастырылған “Бизнес-Титандар шайқасы” стартап-жобалар конкурсына ұсынған болатын. “Дайын өнім туралы айтуға әлі ерте. Бірақ ізденістерімізді тоқтатпаймыз. Біздің тұсқағаздарымызды жерлестеріміз үйлерін әрлеу үшін қолданады деген үміттеміз”, – деген жас өнертапқыштардың асқақ армандары оңынан болсын делік.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.