Бүгінгідей жедел жаhандану үрдісінде өмірімізді қарқынды дамыған технологияларсыз көзге елестету қиын. Қай саланы алсақ та, ғылымның алға шыққанын байқауға болады. Оның нақты экономикадағы теңдессіз рөлі озық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда, өндірілген өнімдер мен тауарлардың бәсекеге қабілеттілік қарымында айқын байқалады. Университет ұжымының алға қойған басты мақсаты – білім мен ғылымның жинақталған осызаманғы үздік үлгілерін кеңінен меңгере отырып, ғылыми-зерттеулерді тәжірибеде қолдану. Бұл бағытта Тәуелсіздік жылдарындағы ізденістеріміз нәтижесіз емес.
2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарына белсене қатысып, 250 миллион теңге мөлшерінде ғылыми грант ұтып алуымыз төккен тердің, еткен еңбектің зая кетпегенін айғақтаса керек. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Виталий Савинкиннің ғылыми жетекшілігімен аздебитті мұнай-газ ұңғымаларында көмір-сутектерді өндіруде жоғары өнімді тереңдік-сорғы кешенін лазерлік-плазмалық дайындау тиімді технологиясын әзірлеу және енгізу ғылыми жобасы 58345 170 теңге, жердің жоғарғы атмосферасында өтетін физикалық құбылыстар және олардың климаттық өзгерістермен байланысын кешенді зерттеуі (ғылыми жетекші Андрей Солодовник) 40 700 000 теңге, кең спектрлі беттік белсенді заттарды пайдалана отырып, коррозияға қарсы, термотөзімді, химиялық төзімді және гидрооқшаулағыш мақсаттағы модифицирленген лак-бояу материалдарын жасау жобасы (жетекші Антонина Дюрягина) 55 000 000 теңге, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы жаңартылған бағдарлама жағдайында биология сабақтарында ағылшын тілін оқытудағы пәндіктілдік интеграция ғылыми жобасы (жетекші Майра Еренғайыпова) 4974574 теңге гранттық қаржыландыруға ие болды. “Әмбебап алгебра және торлар теориясы” ғылыми жобасы (Светлана Луцак) 50 648 800 теңге, қазақ тілінен философия докторы (PhD) Гүлмира Мұхамеджанова 39 млн. теңге грант ұтып алды. Соңғы екі жылда ғалымдарымыз 150-ден астам монография мен оқу құралдарын жазды. Халықаралық басылымдарда жарты мыңдай ғылыми мақалар жарияланды. 100-ден астам авторлық куәліктер мен патенттер тапсырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, “Жас ғалым” жобасы аясында 1000 грант бөлуді тапсырған болатын. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар ұлан-ғайыр. Нақты мәселелерде ғылымның әлеуетін пайдалануды басты міндет ете отырып, өңірдегі ірі кәсіпорындар – С.Киров атындағы және Петропавл ауыр машина жасау зауыттарымен келісімшарт жасастық. Ондағы мақсат – оқу, ғылыми-ұйымдастырушылық, кешенді зерттеу іс-шараларын тәжірибе жүзінде жүзеге асыру, білікті кадр даярлауда бірлесіп іс-қимылдар жасау. Алдымызда Назарбаев Университетінің моделін енгізу, академиялық басымдық орталығын құру сияқты күрделі міндеттер тұр.
Университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты өлкенің даму ерекшеліктерін ескере отырып, заман талабына сай үйлестірілгенін атап өткен жөн. Қоғам ілгері жылжып, дамыған сайын ғылыми-инновациялық үдерістің маңызды көрсеткіші ғылыми-зерттеу жұмыстарының қажеттілігі және тәжірибелік қолданбалығы қазіргі таңда негізгі талаптардың біріне айналып отыр. Ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу және пайдалану мақсатында іргелі қадамдар жасалуда. Ғылыми зерделеу мәселелері техникалық, ауыл шаруашылығы, жаратылыстану, әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарға негізделген. Зерттеу жұмыстарын нәтижелі орындау және ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану мақсатымен ғылыми және ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, ғылыми-технологиялық парк және коммерцияландыру орталығы бірлескен жүйеде қызмет атқарып келеді. Олардың ішінде отан тарихының өзекті мәселелерін өлкенің тарихи-мәдени, рухани тұтастығында зерделеу, жаңа биотехнологиялық өнімдер шығару, мәліметтерді және белгілерді технологиялық зияткерлік сұрыптау мақсатында жаңа компьютерлік құралдар мен жүйелер жасау, су ресурстарының сапасын зерттеу арқылы пайдалануға жарамды физикалық-химиялық қасиеттерін анықтау, тұрғындардың еңбекке жарамдылығын, денсаулығын арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру, Күн денелерінің жүйесі, қашықтық ғарыш, жұлдыздар физикасының шеңберінде ғылыми зерделеулерді жүзеге асыру, Қазақстанның флорасын пайдалану негізінде жоғары деңгейлі шипалық дәрілер әзірлеу, суасты роботтық техникалық кешендерді айналымға енгізу үшін ғылыми-зерттеулер ұйымдастыру және тәжірибелік-жұмыстар жүргізу басым бағыттар болып табылады.
Қызылжар – экологиялық таза өнімдерге бай және оларды өндірістік қажеттіліктер мен адамзат тіршілігіне жаратуға болатын өңір. Осы мүмкіндіктерді университет ғалымдары тиімді пайдаланып келеді. Мәселен, М.Лежнева мен А.Дюрягина қайыңды ормандар алқабын зерттей келіп, нәтижесінде адам өміріне қажетті косметикалық заттар мен қатерлі онкологиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрімек шығару ісін химиялық лабораториялық жолмен өндіруді жолға қойды. Аққайың қабықтарының қалдықтарынан биологиялық белсенді қоспаларды қолдану және пайдалану арқылы бетулиннің жаңадан алынған өнімдерін медицинаға енгізу әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Н.Белецкая мен С.Сартиннің жетекшілігімен қолға алынған “Тұқымды егілуге дейін белсенді сумен өңдеу” ғылыми жобасы Аққайың ауданына қарасты “Астраханское” ЖШС-де, Қызылжар ауданының “Березка-Агро” ЖШС-де тәжірибе ретінде қолданылып, далалық және лабораториялық зерттеулердің қорытындысы бойынша тиімділігі дәлелденді. “5 мың тонна сыйымдылығы бар автономды энергия көзін және сүрлемге арналған тәжірибелі нұсқадағы дәнсақтағыштағы дәнді-дақылдарды сақтау және сұрыптау технологияларын құрастыру” атты ғылыми жоба (техника ғылымдарының докторы Қ.Көшеков) “Диқаншы” шаруашылығында тәжірибеден өтуде. Ғаламдық проблемаға айналған жайттардың бірі – энергетиканың динамикалық дамуы. Кезінде бұл мәселе елордадағы “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесінің өзекті тақырыбы болғаны белгілі.
Бұдан университет ғалымдары еліміздегі ғылымды дамытуда, ел игілігіне айналдыру жолында іргелі істер көшіне ілесіп келеді деген ой түюге болады. Сексен жылдан астам тарихы бар еңселі оқу орнының ұжымы жаңа инновациялық идеялар тудырып, қатарын білімді, жас ғалымдар легімен толықтыра отырып, ғылымды қоғамды дамытудың қайнар күшіне айналдыра береді деген сенімдеміз.
Ақмарал ЫБЫРАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.