«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫМЫЗ – АЛТЫН ЖҮЛДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Волейболдан ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатында солтүстікқазақстандық “Қуаныш” клубы қола медальді жеңіп алғаны белгілі. Өңір волейболшылары бұ­рын-соңды мұндай жетістікке жетіп көрмеген. Әр жетістіктің астарында тынымсыз жаттығулар мен төгілген тер жатқаны сөзсіз. Спортшылардың жұлдызын жағып, жеңістің сара жолына салатын адам – жаттықтырушы. Олай болса, бүгінгі сұхбатымыз “Қуаныш” волейбол клубының бас бапкері Азамат Есімовпен өрбімек.

– Азамат Оралұлы, әңгіме­міз­дің әлқиқасын өзіңізден бас­тасақ. Аталмыш спортқа қалай қадам бастыңыз?

– Мен 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ды дене шынық­ты­ру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдадым. Өзге қа­тар­ластарым сияқты мен де ең­бек жолымды ауылда бастауды жөн көрдім. Тимирязев ауданы­ның орталығына барып, еңбекке араластым. Волейбол үйірмесі бол­ған жоқ. Сондықтан баскетбол жаттықтырушысы болуыма тура келді. Кейін волейболға жаны құ­мар жергілікті шаруа қожалығы­ның басшысы Қайырбек Хамзин­мен таныстым. Өңірімізге таны­мал спорт меценатының мұрын­дық болуымен секция ашып, 6-7 сы­ныптарда оқитын қыздарды жаттықтыра бастадым. Алғашқы қадамдарымыз сәтті болды. Ау­дан­дық және облыстық деңгейде­гі жарыстарға қатыстық. Алдымен жүлдегер, кейін өңір чемпионы атандық. Жеткен табыстары­мыз­ды еселей түсу мақсатында рес­публикалық додаларда бағымызды сынап, қола, күміс, алтын ме­даль­дар иеленген кездер де есімде.

Бүгіндері Қайырбек ағамыз құр­ған “Қуаныш” волейбол клубы ұлт­тық лига ойындарында сәтті өнер көрсетіп, үздіктердің қатарынан кө­рініп жүр. Петропавл қаласын­да өзіміздің спорт залымыз бар. Не­гізгі құрамның жанынан ізба­сар­лар командалары құрылды.

– “Қуаныш” волейбол клубы­ның 2009 жылдан бергі же­ңісті жолы туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып жүрміз. Ең жарқын жеңістерді атап өтсеңіз?

– Тәжірібисі артып, білікті­лігі шыңдалған бойжеткенде­ріміз 2012 жылы волейболдан жо­ғары дивизионда өнер көрсету мүм­кіндігіне ие болды. Менің тәр­биеленушілерім ересектер ко­ман­дасына қабылданды. Ол кез­де өңірдің бұрымды волейбол­шыларын Владимир Шмилев пен Азамат Батанов жаттықтыратын. Тимирязев, Шал ақын, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың өкілдерінен жа­сақ­талған команда “Б” дивизионын­да­ғы ойындарда үшінші орынға ие болды. 2013 жылы қалаға кө­шіп келген соң облыстық спортқа дарынды балаларға мамандан­ды­рылған мектеп-интернатқа жұ­мысқа орналастым. Кейін дене шы­нықтыру және спорт басқар­масы басшылығының ұсынысы­мен жергілікті волейбол команда­сының тізгінін ұстадым. Сенімді ақ­тап, бір жылдан кейін лигада же­ңімпаз атандық.

“А” дивизионына көтерілген жы­лы 7 команданың ішінде 6-шы са­тыға жайғастық. Ал келер чемпио­натта үшінші орынды иелендік. Ке­йін командаға алтын медаль та­ғыну міндеті қойылды. Абырой бол­ғанда бұған да қол жетті. Жоғары лигада сәтті өнер көрсе­тіп, бірінші маусымда жеңімпаз атандық. Осылайша, волейбол­дың хас шеберлерінен құралған ко­мандалармен бақ сынасуға жол­дама алдық. Ұлттық лигада ойнап жатқанымызға биыл төрт жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай алғашында чем­пионаттың 7-ші сатысына аял­дасақ, кейін 5-ші, 4-ші орындарды иелендік. Биыл қола жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерді қуанттық деп ойлаймын.

– Команданы құт­тықтаған облыс әкімі өз сөзін­де клубтың құрамы негізінен сол­түстікқа­зақстандық спорт­шы­лардан құ­ралғанын, бұл өңір­де атқары­лып жатқан көп­жылғы жұмыс­тың нәтижесі еке­нін атап айтты. Ұжымда ле­гио­нер жоқ па, сон­да?

– Иә, бұл сөздің жаны бар. Қа­зіргі уақытта клубымыздағы во­лей­болшылардың көбі Қызылжар өңірінің тумалары. Олар бірін-бірі жақсы біледі, сол себепті ойын барысындағы түсінулері жоғары. Онсыз жеңіске жету қиын. Құ­рам­да тәжірибесі бар кәсіби спорт­шылар да болуы тиіс. Себебі, жас­тар үздіктерге қарап, бой түзейді емес пе?! “Жетісу”, “Алтай” және “Алматы” командаларындағы во­лейболшылардың тең жартысын шетелдік спортшылар құрайды. Олардың дені халықаралық дә­режедегі спорт шеберлері. Осын­дай командалармен тең ойнау оңай емес. Сол себепті біз де бір­неше шетелдік волейболшыны ко­мандамызға шақырдық. Қазіргі уа­қытта командамызда украиналық және ресейлік волейболшы бар. Сонымен қатар жергілікті қыздар да басқа клубтарда ойнағылары келеді. Яғни, ауыс-түйіс болып тұ­рады. Мәселен, Полина Костива деген ойыншымыз шығысқазақ­стандық “Алтай” клубына ауысты. Валерия Чмак та өзге клубта өнер көрсетіп жүр.

– “Қуаныш” клубында негізгі командадан бөлек, ізбасарлар ұжымы бар екенін білеміз. Олардың көрсеткіштері кө­ңілден шыға ма?

– Бүгінгі таңда жас санаттары бо­йынша үш команда жасақтал­ған. “Б” дивизионында сайысып жүр­ген клуб волеболшыларын биыл ұлттық лига ойындарына тарт­тық. Нәтижелері жақсы. Олар негізгі командада өнер көрсете алатын деңгейге көтерілетін күн алыс емес. Тіпті, биылғы маусым­да “Қуаныштың” екінші коман­да­сы “Б” дивизионында медальға таласады деген сенімдемін.

– Азамат Оралұлы, “Қуа­ныш” клубының алдына келесі маусымға қандай мақсат қойы­лып отыр?

– Басты міндет – кем дегенде екінші орынға көтерілу. Ал арма­ны­мыз – ұлттық лиганың жеңім­па­зы атану. Ең бастысы, облыс бас­шылығы мен дене шынықтыру жә­не спорт басқармасы тарапынан қолдау бар. Бұл мақсатқа жету үшін залда талмай тер төгіп, көп еңбектену қажет.

Сұқбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp