«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ажары қалаға бергісіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан орталығы – Смирново ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай бет алдық. Бағытымыз – көптің аузында жүрген Полтавка ауылы. Тақтайдай тегіс асфальтпен жүйткіген көлік әп-сәтте діттеген жерге жеткізді. Көптеген ірі елді мекендер жабылып жатқанда аудан орталығынан 20 шақырымда орналасқан қалаға бергісіз ажарлы ауыл Тәуелсіздік жылдары керісінше гүлдене түскен.

Елді мекен тарихы 1895 жылдан бастау алады. Украинаның Полтава губерниясынан қоныс аударғандарға Құмдыкөлдің айналасынан жер беріліп, сол маңда алғашқы мектеп пен шіркеу салынған. Қоныс аударушылардың құрметіне аталған ауылда болыстық басқару орталығы, кейін Полтавка ревкомы орналасты. Бүгінде ескі ғимараттардың орнына жаңа нысандар тұрғызылып, ауыл өзгеше кейіпке енген. Ауыл іргесінің сөгілмеуі, шаңырағының шайқалмауы адамдарына да байланысты. Қазіргі таңда Полтавкада 869 тұрғын бар.

“Ауылына қарап, азаматын таны” деген тәмсіл тегін айтылмаған. Полтавканы түлетіп отырған азаматтың есімі – Елтай Зікірин. Ел егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған кезде бұрынғы кеңшардың орнына “Полтавка” серіктестігін құрып, Тәуелсіздікпен бірге түлетіп келеді.

– Ауыл – береке мен байлықтың бастауы. Таза ауасымен тыныстап, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алған соң, барынша қадірлеп-қастерлеуіміз қажет. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі екенін ұмытпағанымыз абзал, – деп әңгімесін бастаған “Полтавка” ЖШС-нің директоры Елтай Зікірин ауылды көркейтуге үлес қосу әр тұрғынның міндеті екенін айтады.

Серіктестік егіншілік және мал шаруашылығын қатар алып жүр. Әсіресе, асылтұқымды мал басын көбейтуге көп мән берілуде. Бордақылау алаңында 400 ірі қара, бұдан бөлек, 600 бас сауын сиыр бар. Күн сайын 5-6 тонна сүт сауылады. 20 мың гектар алқапқа егін егетін серіктестік 100-ден астам ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде қосымша жұмыс күші тартылады. Қазір орташа айлық еңбекақы 170 мың теңге. Шаруашылықтың өткен жылғы табысы 450 миллион теңгені құрады. Соның 10 пайызының жұмысшыларға “13-і жалақы” ретінде үлестірілуі – еңбек адамдарына көрсетілген шынайы құрметтің белгісі. Шаруашылық есебінен ауылда жаңа үйлер де бой көтеруде. Бұған дейін 10 үй салынса, тағы 12 баспананың құрылысы жуырда басталады.

Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ел ертеңі – бүлдіршіндер үшін балабақша қажет. Бұл істі де шаруашылық өз мойнына алып, сәбилер үйін салған. Алыстан менмұндалаған 120 орындық мектептің құрылысына да бір кездері аталмыш серіктестік қолдау білдіргенін біреу білсе, біреу білмес. Фельдшерлік-амбулаторлық қосын, ауылішілік жол салуға 150 миллион теңге жұмсалған. Көшелер жарықтандырылып, ауызсу тартылды. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында да тағы бірнеше көше жөнделетінін хабарлаған округ әкімі Ольга Семенюк Мәдениет үйі мен орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасауға “Полтавка” ЖШС-і 6 миллион теңге бөлгенін жеткізді.

– Мен осы жерде туып-өстім. Тәуелсіздік жылдары ауылдың қалай өркен жайғаны менің көз алдымда. Елге жаны ашитын азаматтың арқасында көп ауылдардан көш ілгері өмір сүріп жатырмыз. Жол, су, жарық мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бастысы жұмысымыз бар, – дейді ауыл тұрғыны Қымбат Сәдбаева.

Елтай Зікірин ауыл тұрғындарының тұрмысы қаладан кем болмауы тиіс деген қағиданы ұстанады. “Ауылды көркейту өз қолымызда. Біздің өңірде өркендеп келе жатқан елді мекендер бар. Солардан үлгі алуымыз керек. Сондықтан ауылға қоныс аударуға шақырамын. Үй сатып алуға жағдайлары келмесе, пайызсыз қаржылай көмек көрсетеміз. Бөліп төлеу арқылы еңбекақысынан ұстап отырамыз”, – деген Елтай Қайырбекұлы шаруашылықтар өз жағдайын ғана күйттемей, халықтың қамын ойлауы тиіс екенін айтады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: “Полтавка” ЖШС-нің директоры Е.Зікірин ауыл тұрғындары арасында.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp