«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алда — олимпиада сыны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы Нұрқожа Қайпановты марапаттау рәсімі өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бәсі биік сайыста ел намысын абыроймен қорғап, алтыннан алқа тағынған жерлесімізге 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Азия біріншілігінде еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов 74 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алғашқы сында ол қырғызстандық Мансур Сырғақұлын 9:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Моңғолия елінің өкілі Сумиябазар Занданбудтан 4:2 есебімен басым түсті. Ал ақтық бәсекеде жерлесіміз ирандық балуан Мұстафа Хосейнханды 6:2 есебімен ұтты. Осылайша, барлық қарсыластарынан басым түскен балуанымыз өңірдің күрес тарихында тұңғыш рет екі дүркін Азия чемпионы атанды. Алда – Токио Олимпиадасы.

– Нұрқожа Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанып, барлық жанкүйерлерін қуантты. Бұл жетістік – бүкіл ел үшін мақтаныш. Жерлесіміз сарықұрлықтың мықты балуаны атанып отыр. Бұл – қажырлы еңбектің жемісі. Алдағы уақытта өңірімізге Олимпиада алтынын әкелесің деген сенімдеміз. Жалпы, өңірімізде спорттың дамуына көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын жаңа спорт нысандары салынып, салаға бөлінген қаржы көлемі ұлғаюда, – деді Құмар Іргебайұлы.

Шара барысында спорт ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов сөз сөйлеп, Нұрқожа Қайпановқа Олимпиада чемпионы болуға тілектестігін білдірді. Өз кезегінде жерлес балуан қолдау көрсеткені үшiн облыс басшылығына алғысын білдірді.

– Бұл жеңісімді еліме арнаймын. Алдағы уақытта Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің көк Туын желбіретемін деген үміттемін, – деді қуанышымен бөліскен балуан.

Спортшының жеке бапкерiнің еңбегі де ескерусіз қалмады. Еркін күрестен аға жаттықтырушы Сағындық Бейсенбаевқа да ақшалай сыйлық табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp