2021 жылғы 1 сәуірден бастап “Ұлттық ақпараттық технологиялар” акционерлік қоғамы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстан Республикасының барлық аумағында “Көлік құралының электрондық паспорты” ұлттық жүйесін іске қосты. Электрондық құжат меншік иесінің қалауы бойынша жаңа және әкелінетін автомобильдерге, тіркелген автомобильдерге ресімделетін болады. Көлік құралдарын цифрландыру “темір тұлпардың” қолданылу циклін тек біздің елімізде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында да қадағалауға мүмкіндік береді.
Электрондық паспорттарда көлік құралының техникалық сипаттамасы, меншік иесі, тіркеу іс-әрекеттері, шектеулер мен ауыртпалықтар, алымды кәдеге жарату төлемдері, кедендік шектеулер мен кедендік тазарту, оның қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары, техникалық байқаудан өтуі туралы мәліметтер болады.
“Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ның басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, цифрлық құжат көлік құралдарын сатудағы алаяқтық жағдайлар санын азайтады. Осылайша, қазіргі және болашақ автокөлік иелері мәміленің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. ЕАЭО-ның орталық базасында тексеру арқылы қайталанатын вин-кодтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады, бұл халықты проблемалы автомобильдерді сатып алудан сақтандыруға мүмкіндік береді.
Автомобильді пайдалану кезінде көлік құралының бұрынғы техникалық паспорты бірге қолданыла береді. Көлік құралы туралы ақпараттың болуы ЕАЭО-ға қатысушы елдердің бүкіл аумағында автокөлік иелері үшін автомобильді сату немесе сатып алу процесін неғұрлым қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. Жоба ЕАЭО-ның елдері қол қойған көлік құралы паспортының бірыңғай нысандарын енгізу туралы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда.
Анар МАҒЗҰМОВА,
“Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ы қоғаммен байланыс басқармасының басшысы.