Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында биылғы жылдың алғашқы үш айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің кірісі мен шығысы және көктемгі егіс науқанына дайындық барысы талқыланды.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбеков бірінші тоқсанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар екенін тілге тиек етті. Қаңтар-наурыз айларында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20,6 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 10,2 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 54,5 пайызға, тұрғын үй салу 9,2 пайызға ұлғайды. Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі төрт түліктің көбеюінің арқасында артып, 30,1 млрд. теңгені құрағанын айтты.
Мал шаруашылығында ет пен сүт өндірісі, сәйкесінше, 1,4 және 9,3 пайызға артқан. Ет өндірісінен Тайынша, ал сүт бойынша Қызылжар, Аққайың, Есіл және Мамлют аудандары көш бастап тұр.
Өнеркәсіп кәсіпорындары үш айда 76,5 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Өнім көлемі жағынан Петропавл қаласы, Есіл, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар жақсы нәтиже көрсетсе, Жамбыл ауданына айтылар сын көп. Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 1,5 есеге артты. Бұл нәтижеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Құрылыс жұмыстары Уәлиханов, Айыртау және Мағжан Жұмабаев сияқты аудандарда қарқынды жүргізілуде. Бұл кезеңде өңірге тартылған инвестиция көлемі 45,2 млрд. теңгеден асқан. Негізгі капиталға тартылған жеке инвестиция көлемі 37,6 млрд. теңгені құрады.
Облыстық экономика басқармасының басшысы өңір тұрғындарын жұмыспен қамту жайына да тоқталды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 5283 адам еңбекке тартылып, 39 пайызы экономиканың нақты секторында жұмысқа орналасты. Жалпы 1758 тұрақты жұмыс орны ашылса, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам адам мемлекет қолдауын сезінген.
Облыстық бюджеттің кірісі мен шығысының орындалуын қаржы басқармасының бастығы Наталья Дышкант баяндады. Үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жоспар асыра орындалып, облыстық бюджетке қосымша 15 млрд. 119 млн. теңге түскен. Ал бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы есептік кезеңде 99,9 пайызға жетті. Дегенмен, үш басқарма 59,1 млн. теңге қазына қаржысын игермеген.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов төтенше жағдайға қарамастан өңірдің дамуына серпін беретін жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуы қажет екенін атап айтты.
– Біз бір жылдан бері коронавирустық пандемия жағдайында жұмыс істеп келеміз. Тиісті қаржы бөлініп, белгіленген жоспарлардың жүйелі түрде атқарылуын қамтамасыз еттік. Нәтижесінде экономиканың негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Алдымызда үлкен жұмыс тұр. Осыдан үш жыл бұрын облыстың бюджеті 165 млрд. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 2,5 есеге өсті. Ендігі кезекте жоспарлы жұмысты уақтылы әрі сапалы жүргізуіміз керек, – деген өңір басшысы түрлі салалар бойынша кемшіліктерге жол берген аудан әкімдерінен мәселенің мәнісін сұрап, олардың жұмысы жіті бақылауға алынатынын ескертті.
Жиын барысында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова қатысушыларды алдағы күндерге арналған ауа райы болжамымен таныстырды. Алдын ала болжам бойынша сәуір айының үшінші онкүндігінде ауа температурасы күндіз 14-19 градусқа дейін көтеріледі. Мамыр айының басы жауын-шашынды болып, ауа температурасы түнде 1-2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Мамырдың екінші онкүндігінде орташа температура 13-18 градустың маңайында болмақ. Қазіргі уақытта кәсіпорын мамандары аудандардағы алқаптардың ылғалдылығын тексеруде.
Көктемгі егіске дайындық мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, өңір диқандары биылғы науқанға жақсы дайындықпен келген. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 4,3 млн. гектарды құрайды. Оның 2,9 млн. гектарына дәнді, ал 950 мың гектарына майлы дақыл егілмек. Жергілікті агроқұрылымдар қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта шаруашылықтарға тыңайтқыштар мен дизель отыны кезең-кезеңімен жеткізілуде. Аса жауапты науқанға өңір бойынша 12,8 мың трактор, 15,3 мың тұқымсепкіш және 1200 егіс кешені қатысады деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ.
“Soltüstık Qazaqstan”.