Әуежай мен Бескөл ауылы ортасындағы көлде балық қырылып жатыр деген әңгіме желдей есті. Тиісті органдар, яғни, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экология департаменті, “Есіл” облысаралық бассейндік инспекциясы мен ветеринария басқармасының мамандары мәселенің мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына жетті. Тексерушілер көлдің жағасына шығып қалған мөңке тұқымдас балықтың өлекселерін көрген. Су айдынының аумағы 80 гектар, тереңдігі 1,5 метрге дейін жетеді. Ауданның резервінде тұрған тұзды көл. Қазіргі күні Қызылжар орман шаруашылығының мамандары балық өлекселерін жинауға кіріскен. Қырылған балықтың мөлшері шамамен 30 келідей. Экология департаменті мен ветеринария басқармасының өкілдері балықтың өлексесі мен суды сараптамалық тексеріске алды. Нәтижесі 5 күннен кейін белгілі болады.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің алдын алу болжамы бойынша, көл тайыз болғандықтан қыста түбіне дейін қатып қалған, балықтар мұз құрсауында қалып, ерігеннен кейін өлекселері су бетіне көлкіп шыққан.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.