«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫН ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tıkelei bailanys” айдарының қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов тұрғындардың сауалдарына жауап беретінін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған болатынбыз. Оқырмандар назарына “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және WHATSAPP желісіне көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты түскен сұрақтарға берілген жауаптарды ұсынып отырмыз.

Мейрам АБЗАЛОВ,

Аққайың ауданының тұрғыны:

– Өткен жылдары солтүстікқазақстандықтар көктемгі су тасқынынан біраз қиындық көрген болатын. Баспаналарына су кіріп, жолдарды шайып кетті. Биыл 2017 жылғы жағдай қайталанады деген болжам айтылып еді. Шынымен де сондай қауіп төніп тұр ма?

– Иә, осыдан төрт жыл бұрынғы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам айтылған болатын. Себебі, қыста қар әдеттегіден қалың түсті. Қаңтар айының өзінде қардың бір айлық нормасы жауды. Облыс әкімінің тапсырмасына орай біздің департамент өңірдегі жағдайды жіті бақылауда ұстады. Қардың күрт еруінен өзен-көлдерге жақын орналасқан 92 елді мекенді су басу қаупі туды. Олардың 41-і еріген қар суынан, 36-сы шағын өзендердің, 15-і көлдердің суға толуынан зардап шегетіні болжанды. Осыны ескеріп, кешенді жоспар құрылды. Жұмыс кестесіне сәйкес қыстың алғашқы айынан бастап табиғи апаттың алдын алуға арналған әзірлік шаралары қолға алынды. 213 елді мекенде және облыс орталығының су басу қаупі жоғары шағынаудандарында 301 рейд жүргізіліп, 37 мың тұрғынға ескертулер мен жадынамалар таратылды. Сондай-ақ, арнайы штабтар құрылды.

Жыл басынан бері Петропавл қаласы мен елді мекендерден 2 млн. 95 мың текше метр қар шығарылды. 20860 метр арық, 3337 су өткізу құрылғылары тазартылды. Елді мекендерге қарғын суды жібермеу үшін 20 шақырым қорғаныс бөгені тұрғызылды. Тұрғын үйлер мен аулаларды судың басуына жол бермеу мақсатында 211 тонна жанар-жағармай, 42 мың тоннаға жуық инертті материал, 50 мың қап әзірленді. Аудан орталықтарында құрылған шұғыл штаб өкілдері Шағалалы мен Сілеті өзендерін бақылауға алды. Бұл өзендерде мұз ойылып, су ағыны қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Уәлиханов, Айыртау, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы шағын өзендер мен көлдердің 17 учаскесінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Алдын ала болжам бойынша сәуір айының соңында ауа райы күрт жылынып, кей жерлерде сынап бағанасы 16-18 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Шағын өзендердің және көлдердің суға толуынан зардап шегуі мүмкін ауылдарға құтқарушылар жіберілді. Бүгінгі таңда ауылдарды су басу және баспаналарға қызыл судың кіру фактісі тіркелген жоқ.

 

Айгүл САҒЫНДЫҚОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Күн жылынып, саяжай маусымы басталды. Алайда, Заречный шағынауданы аумағында орналасқан саяжайға жете алмай отырмыз. Есілдегі су деңгейі көтерілсе, ондағы мүлкіміз не болмақ?

– Бірнеше күннен бері Есіл өзенінде судың деңгейі көтерілуде. Заречный шағынауданын айналып өтетін халықаралық маңызға ие жолдың 528 шақырымын су басты. Әзірге жолдың үстінен ағып жатқан су аса терең емес. Яғни, көліктер әрлі-берлі өтіп жатыр. Тек “Лесовод” және “Учитель – 1, 2, 3” саяжайларына өтуге тыйым салынды. Жол бойына арнайы белгілер қойылды. Сақтанған жөн.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында биыл біраз жұмыс атқарылды. Біз наурыз айынан бастап Петропавл қаласының жанында және Есіл өзенінің бойында орналасқан барлық саяжай учаскелерінде болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Су басуы мүмкін саяжайларда тұратын 230 адамды ерекше бақылауға алдық.

Айбарша ОМАРОВА,

Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Жыл сайын Ыбыраев ауылы мен Сергеевка қаласын байланыстыратын тас жолды ағын су шаяды. Былтыр көктемде де осындай жағдай қайталанған болатын. Өткен аптада асау тасқын сол жолдың тағы бір учаскесін шайып кетті. Жергілікті халықты алаңдап отыр. Бұл жерге неге су өткізгіш салынбайды?

– Былтырғы жылдардың тәжірибелері ескеріліп, географиялық, климаттық жағдайға, ауа райына алдын ала болжам жасалғанын жоғарыда айтып өттім. Бірақ бәрін білу мүмкін емес. Шал ақын ауданындағы республикалық тас жолдың бір учаскесін су шайды. “Whatsapp” желісі арқылы тараған бейнероликті мен де көрдім. Департамент мамандары мен аудандық төтенше жағдайдың алдын алу қызметі оқиға орнына барып, жағдайды бақылады. Ағын судың тереңдігі 15 сантиметрді құрады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, Есіл ауданындағы Горное ауылы маңындағы “Покровка – Антоновка” бағытындағы тас жолдың су өткізгіш құбырлары тасқын судың ағынына төтеп бере алмады. Сөйтіп, біршама аумаққа жайылған судың тереңдігі 5 сантиметрді құрады. Қазіргі уақытта аталмыш учаскелер ашық, көлік қатынасы тоқтатылған жоқ.

Облыстық және республикалық маңызы бар 40 автожолдың учаскелерін су шайды. Қазіргі уақытта 36 учаскеде жағдай тұрақталды. Аудандық маңызға ие төрт жол учаскесі су астында қалғанымен, автокөлік қатынасы тоқтаған жоқ. Тұрғындар айналма жолдар арқылы қатынауда.

 

Абай БОРАНБАЕВ,

Уәлиханов ауданының тұрғыны:

– Өткен жылдардағы су тасқыны көптеген адамды жылы орындарынан айырып, әуре-сарсаңға салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Әсіресе, ауданымыздағы Қулыкөл мен Қаратал ауылдарының тұрғындарына ауыр тиді. Биылғы жылы да бұл елді мекендер су астында қалуы мүмкін екенін естідік. Сол рас па?

– Аталмыш ауылдарды жыл сайын тасқын су басады. Біз ауыл тұрғындарының 2018-2019 жылдары қалай қиналғанын ұмыта қойған жоқпыз. Ақмола облысына қарайтын қоймадағы артық суды ағызған кезде Сілеті өзені арнасынан асып, айдынға жақын орналасқан ауылдарға жайылады. Осының салдарынан екі жыл бұрын Қулыкөл мен Қаратал ауылдарындағы 96 үйді су басып, 356 тұрғын зардап шеккен болатын. Былтырғы қыркүйек айынан бастап департаменттің жұмыс тобы Уәлиханов ауданының аумағында орналасқан Сілеті өзенінің арнасына және су қоймасына тексеріс жүргізді. Топ мүшелері гидротехникалық ғимараттардың жағдайына да баса назар аударды.

Биыл Сілеті өзенінің проблемалық учаскелерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Төтенше оқиға орын алған жағдайда округтің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру, орналастыру, тамақтандыру мәселелері ойластырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Қулыкөл ауылдық округіне құтқарушылар жасағы тартылып, арнайы техникалар мен су сорғы стансалары жеткізілді. Инерттік материалдар қоры жасалды.

Жыл басынан бері Сілеті су қоймасына 247,9 млн. текше метр су жиналса, бүгінге дейін оның 178,2 млн. текше метрі өзенге жіберілді. Қолға алынған алдын алу шараларының нәтижесінде елді мекендерге су кірген жоқ. Алдағы уақытта да бұл жағдай өзгермейді деп үміттенеміз.

Асқар МӘУЛЕН,

Петропавл қаласының тұрғыны.

– Мен он жылдан бері Заречный шағынауданында тұрамын. Былтырлары үйлерімізге қызыл су кірген кезде жергілікті мектептерде құрылған эвакуациялық қосындарды паналауымызға тура келді. Алла бетін аулақ қылсын, бірақ жағдай қайталанған жағдайда осындай қосындар жете ме?

– Облыс орталығында Заречный, Ойқала және Былғары зауыты сияқты шеткері шағынаудандарды жыл сайын су басады. Сондықтан бұл аумақтарда эвакуациялық пункттер құрылды. Тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай анықтамалық-диспетчерлік қызмет жұмыс істеуде. Бұл мақсатқа алты бригада жұмылдырылды. Бір атап өтерлігі, біз қосындардың санын жыл сайын арттырудамыз. Мәселен, 2019 жылы облыс бойынша 107, былтыр 157 эвакуациялық қосын ұйымдастырылды. Ал үстіміздегі жылы олардың саны 325-ке жеткізілді. Оларды 35 мың адам паналай алады. Қазіргі уақытта әр қосын жылы киімдермен қамтылған, көмір мен жанармай қоры жеткілікті. Есіл өзені тасыған жағдайда Петропавл қаласының шеткі аудандарының тұрғындары №12, 13 және 14 орта мектептерге уақытша орналастырылатын болады.

Өткен жылдары су тасқыны барысында біраз мал шығыны болды. Осыған орай су басқан елді мекендердегі малды жергілікті шаруашылықтардың қораларына эвакуалациялау бойынша келісімшарттар жасалды.

 

Айдар ОМАРОВ,

Мамлют ауданының тұрғыны:

– Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге департаментте мамандар мен арнайы техника, басқа да құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

– Әр жылдың өз ерекшеліктері болады. Жергілікті құтқарушылар мен техника жеткіліксіз болған жағдайда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан қосымша күш тартылатын. Биыл жағдай өзгеше. Су тасқынының алдын алу және оның зардабын жою жұмыстарына облыс бойынша азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағын жұмылдыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының 484 өкілі мен 155 техникасы көмекке келеді деп күтілуде. Ал жергілікті атқарушы органдардың 1900 өкілі мен 1473 техникасы тасқын суға қарсы күреске дайын. Бұл күштер биылғы тасқынға қарсы тұруға жеткілікті деп ойлаймыз. Сәуір айының алғашқы онкүндігінде ауа райының күрт жылынуына байланысты ойпат жердегі тасжолдың 291 учаскесі, көпірлер, су өткізгіш құбырлар мен су тораптары бақылауға алынды. Қазіргі уақытта департаменттің 240 маманы тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Бір сөзбен айтқанда, сақтық шаралары кешенді түрде атқарылып, су шайып кетеді-ау деген аумақтар, елді мекендер, коммуникациялық жүйелер анықталды. Құтқару картасына сәйкес Тимирязев ауданындағы Степное, Дзержинский ауылдары, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ерекше бақылауда. Бұл жерлерде де арнайы техникалармен су сору, қорғаныс бөгендерін нығайту, үй-жайларды ағын судан қорғау шаралары мұқият атқарылды. Бабықбұрлық, Ақанбұрлық, Шарық, Жембарақ өзендерінде мұз кептелісі орын алғанымен, қабылданған шаралардың арқасында жағдай қалпына келтірілді.

 

Бақытгүл АСАНОВА,

Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден департамент тарапынан қолға алынып жатқан сақтық шаралары хабарлануда. Бірақ мені Қызылжар және Есіл аудандарындағы жағдай алаңдатады. Себебі, жылда Есіл өзенінің бойында орналасқан ауылдардағы тұрғын үйлерге су кіреді. Биыл да бұл жағдай қайталануы мүмкін бе?

– Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары мен жергілікті атқарушы органдар бұл аудандардағы жағдайды естен шығарған жоқ. Есіл өзенінің бойында орналасқан Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово, Есіл ауданындағы Покровка ауылдарында жедел топтар құрылды. Олар осы жерлерде тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Егер су тасқыны туындай қалған жағдайда арнайы топ дер кезінде сақтық шараларын қолға алады.

“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары берген мәліметке сәйкес, соңғы тәулікте Есіл өзенінің су деңгейі Петропавлда 24, Қызылжар аудандарындағы Новоникольск елді мекенінің маңында 64, ал Долматово ауылының маңында 41 сантиметрге көтерілген. Есіл ауданындағы Покровка маңында және Петропавл гидроторабында да су деңгейі көтеріліп келеді. Бір тәулікте ол 26 сантиметрге артып, 825 сантиметрге жетті. Сондықтан қала маңындағы Мичурино және Прибрежный ауылдары, сол маңдағы саяжайлар бақылауға алынды. Жалпы, қатердің бір ұшығы Ақмола облысындағы Жабай мен Колутон өзендерінен қаншалықты су келетініне де байланысты. Дегенмен, мамыр айының алғашқы онкүндігінде облыс бойынша жағдай толық тұрақталады деген болжам бар.

Дайындаған

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp