Осы тақырыппен газет бетінде жарияланған мақалада Аққайың ауданы Ленинск мектебінде қазақ балаларын орысша оқыту үрдісі тыйылмай отырғаны, сондай-ақ, ұстаздар мен ата-аналар және аудандық оқу бөлімі тарапынан орын алған самарқаулықтар жайлы баяндалған. Мемлекеттік тілге деген мұндай келеңсіз көріністер өңірдің өзге де жерлерінде кездесетінін оқырмандар тарапынан айтылып жатқан ой-пікірлер растап отыр. Осы мәселеге байланысты тиісті органдардан келген жауаптарға назар аударайық.
Облыстық білім басқармасы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға үлкен мән беріліп отырғанын айта келіп, нақты деректерді ұсынады. Редакцияға жолдаған жауапта өңірде 469 жалпы білім беретін мектеп бары айтылған. Олардың 24,3 пайызында сабақ таза қазақ тілінде, 55,2 пайызында орысша жүргізіледі, 20,5 пайызы – аралас мектептер. Қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны – 19772. Бұл барлық оқушылардың 27,2 пайызын ғана құрайды. 2019 жылмен салыстырғанда саны бар-жоғы 212-ге ғана көбейген. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептер ашуда оң динамика байқалғанымен, аралас мектептерде қазақ сыныптарының үлесі әлі де төмен.
2019-2020 оқу жылында Петропавл қаласындағы “Береке” шағынауданында 600, “Жас өркен” шағынауданында 900 орындық қазақ тілді мектептер ашылған. Бескөл ауылында ашылған 300 орындық білім ошағында сабақ екі тілде жүреді. Бұдан бөлек, облыс орталығында 900 орындық мектептің құрылысы басталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Дегенмен, қазақ мектептері әлі жетіспейді. Сондықтан балалар көрші ауылдарға болмаса аудан орталықтарына қатынап оқуға мәжбүр.
Мемлекеттік тілді оқыту жүйесінің тиімділігін арттыру үшін бірқатар сындарлы шешімдер қабылданыпты. Білім сапасы бойынша облыстық жұмыс тобы құрылған. “Білім сараптамасы” “Бірлестік”, “Тәлімгерлік зертханасы” жобалары жүзеге асырылуда. “Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік кабинеттері” байқауы өткізілген. Қазақ тілінде эссе жазу сайыстары, түрлі байқаулар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Ленинск мектебінің директоры Самал Қонысбаевадан да мақалаға байланысты жауап түсті. Ол білім ошағындағы 170 оқушының 8-і ғана қазақша оқитынын айтып, мақалада көтерілген мәселенің орынды екенін мойындаған. Қазір мектеп әкімшілігі осы бағыттағы іс-шаралардың пәрменділігін арттыруға басымдық беріп отырған көрінеді. 6 жастағы балалары бар ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары барынша күшейтілмек. Аудандық оқу бөлімімен бірлесіп, келесі оқу жылында 5-ші қазақ сыныбын ашу ойластырылған. Бұл мәселені педагогикалық кеңесте арнайы талқылау үшін ата-аналарды қатыстыру жоспарланған. Білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы да басты назарға алынған.
Осы ауылдың тұрғыны, 40 жыл ұстаздық еткен Қуаныш Сыздықова өз пікірін білдірді. “Көзім жеткен бір нәрсе, ұлттық мәселелерді уақыт оздырмай дер кезінде шешуге келгенде жергілікті биліктегілер құлықсыз. Мемлекеттік тілге басымдық беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, белсенділік танытудың орнына бір-біріне сілтей салады. Президенттің өзі отандастарымызға үндеу тастап, тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам әлдеқашан біліп шығатынын, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақтың жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керектігін айтқан жоқ па? Біздің ауылда тұратындардың жартысынан астамы – өзіміздің ағайындар. Ендеше, стратегиялық маңызы зор мәселеге кезекті науқан ретінде қарамай үнемі қозғау салып отыру керек”, – дейді еңбек ардагері.
Санамызды, мәдениетімізді ана тіліміз арқылы ғана жаңғырта алатынымызды сезінетін мезгіл жетті. Өзге ұлттардан ерекшелейтін де, даралайтын да – туған тіліміз! “Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас”, – дегендей алға қойған ұлттық ұлы мұраттарды еңсереміз десек, ана тілімізді төрге оздырғанға не жетсін! Жас ұрпақ туған тілінің қадір-қасиетін біліп жатса, одан асқан бақыт жоқ. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ықыласы дұрыс болса, қазақ тілін үйрену соншалықты қиын еместігін өмір көрсетіп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.