«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл намысын – найза, арын – байрақ еткен бабаларымыздың бостандық аңсап, атқа қонған ұлы ерліктерінің еш кетпегеніне, қастерлі құндылық – Тәуелсіздіктің арайлы таңының рауандап атқанына отыз жыл толады. Ғасырға бергісіз жылдар. Осынау уақыт бедерінде қыруар жұмыстың тындырылғанына тарих куә. Ең бастысы, “таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында” жатқан құдіретті ұғым қазақтың әр баласының жүрек төрінен орын алды. Өткенге сәл шегініс жасайтын болсақ, апыл-тапыл қадам басып, тәй-тәй жүрген жас мемлекет талай ішкі және сыртқы сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, алынбас қамалдай болып көрінген қиындықтарды еңсеруге бар күш-жігерін жұмсады.

1995 жыл. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында жаппай орын алған әлеуметтік-экономикалық түйткілдер республиканың барлық аймағымен қатар Қызылжар өңірі тұрғындарының да қабырғасын қайыстырып, еңсесін езіп жіберген болатын. Кешегі саясаты озбыр, қанауы қатты Кеңес одағынан жеке отау болып бөлініп шығып, етек-жеңін жинаудың қамындағы бізге әлемнің барша мемлекеті сын көзбен назар тікті, “Қайтер екен?” деп әр басқан қадамын қадағалап тұрды.

Сол жылдары елімізде нарықтық экономикаға көшудің екінші кезеңі белең алды емес пе? Жекешелендіру үдерісінің бұл толқыны алғашқы жылдардағыдай нағыз қайшылыққа толы болды деп айта алмаймыз. Әйтсе де, ойлау жүйесі жетпіс жылдан астам уақыт бойы басқаша бағытта қалыптасып қалған, жекеменшік дегенді білмейтін ұрпақ өкілдерін өзгерту, жаңа саяси реформаға назарларын аударту жеңілге соқпады. Содан да болса керек, экономикалық жағдайға тән қиыншылықтар – кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, еңбекақының уақытында төленбеуі, дүкен сөрелерінің босауы, инфляция жалғаса берді. Мемлекеттің алдында көпдеңгейлі нарықтық экономиканың негізін құрайтын үдерісті жедел басқару міндеті тұрды. Сол уақытта жергілікті тұрғындар “Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады” дегенді жиі ауызға алып, бәрі де нарық заңына бағынды. Ал ол заңның тұрғындар жіті түсіне бермейтін ұңғыл-шұңғылы көп еді. Соның бірі – жұмыссыздық болатын.

1995 жылдың өзінде өңірімізде ресми жұмыссыз ретінде төрт мыңнан астам адам тіркелген. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге көп. Облысымызда жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында, нақтырақ айтсақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сұранысқа ие тауар шығару ісіне бағыттау бойынша бірқатар шаруалар қолға алынды. “В.В.Куйбышев атындағы зауыт” акционерлік қоғамы шығаратын жеңіл автомобильдерге арналған жүк көтергіш, қыздыру шамы, сумен және жанармаймен қыздырылатын үй жылытқыш радиотарлар тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие тауарлар болды. Осы жылы кәсіпорын халық тұтынатын тауарлардың жаңа түрлерін шығаруды игере бастады. Әсіресе, электр плиткасы, есіктерге ойып салынатын құлыптар, балалар шанасы қызылжарлықтардың сұраныстарын қанағаттандырып жатты. Өңірімізде жұмыссыздық, жоқшылық, жекешелендіруді жеделдету мәселесін шешу мақсатында құрылған арнайы жоспарға сәйкес 1995 жылы Петропавлдың қорғаныс зауыттарының бас инженерлері мен технологтары локоматив және вагон деполарының жай-күйімен танысып, вагон өндірісіне еліміздің темір жол департаментімен қатар Түркияның бір фирмасы да мүдделік танытқанын айтты. Осылайша, вагон шығару ісі қолға алына бастады.

Мемлекеттен демеуқаржы алып келген, таза пайдасы арқылы өз шығындарын ақтай алмайтын шаруашылықтар мен кәсіпорындарды нарықтық экономика кезінде ұстап тұрудың ешқандай тиімділігі жоқ болатын. Сондықтан жергілікті биліктің алдында әуелі жекешелендіріп, одан кейін ұсақ шаруашылықтарды жаңа тұрғыдан ірілендіру міндеті тұрды. 1995 жылы мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет біздің облыстан жеке жобалар бойынша жекешелендірілетін тізімге жеті кәсіпорынды енгізу туралы шешім қабылдады. Олардың қатарында: “ПЗТМ”, “ЗИКСТО” өндірістік бірлестіктері, атқарушы механизмдер зауыты, Киров, Калинин атындағы зауыттар, Петропавлдың шағын литражды двигательдер зауыты, авиаотряд болды. 1995 жылы, тұтастай алғанда, өңіріміздегі екі жүзден астам мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны жекешелендірілген. Шартты жер үлестері мен мүліктік жарналар иелерінің ерікті түрде бірігуі арқылы азаматтарымыз заңды тұлға құқығына ие болып, шағын кәсіпорындарды, өндірістік кооперативтерді, шаруа қожалықтарын басқару мүмкіндігіне қол жеткізді.

Бұл уақытта Қызылжар өңірінде саяси жағдай күрт шиеленісіп, жар астынан шыға келген жау пиғылды бәзбіреулердің қос азаматтық, қос мемлекеттік тіл, автономия құру мәселелерін көтеріп, елді дүрліктіргені мәлім. Сол сындарлы алмағайып кезеңде қайратты қалам иелері парыз бен парасат биігінен көрініп, жұртшылықты сабырға шақырып, арандатушылардың арам ниеттерін әшкерелей тойтарыс беріп отырды. Бұл ретте облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті тілшілерінің орыстілді оқырман қауымға ой салатын, ұлт араздығын қоздырушы, әзәзілдерді оңдырмай әшкерелейтін кешегі кеңес империясын көксеушілерді тәубеге шақыратын көлемді мақалалары қызылжарлықтардың айрықша назарын аударды.

Еліміздің бүгінгі бейбіт, ынтымақты өмірінің, ұлтаралық келісімінің алғашқы кірпіші сонау 1995 жылдағы алмағайып кезеңде қаланған еді. Сол жылдың 1 наурызы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Ұзақ ізденістердің, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерінің, этнологтардың, заңгерлердің, басқа да салалар мамандарының пікірлерін зерттей келе, ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган дәрежесін беру ұйғарылды. Осы жылғы 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың 95,4 пайызы Президент өкілеттілігінің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап, дауыс берді. Ал тамыз айының отызыншы жұлдызында республикалық референдум өткізіліп, халықтың тікелей дауыс беруімен жаңа Ата Заңымыз қабылданды. Мемлекет басшысы бұған дейін жаңа Конституцияның жобасын талдау және оған тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыру мақсатында Сараптамалық-консультативтік кеңес құрған болатын. Аталған кеңесте Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын бүкілхалықтық талқылау барысында 30 мыңға жуық ескертпелер мен ұсыныстар қаралды. Негізгі құжаттың жан-жақты кемел ойластырылуы үшін біздің жерлестеріміз де аянып қалмады. Олар өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын жергілікті газет беттерінде жариялап тұрды. Жаңажол орта мектебінің сол кездегі директоры С.Шаймерденовтің: “Негізгі бағыттардың бірі – еліміздің басқалардың дау-дамайына және өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласпауы. Республикамыз бүгіндері құқық принциптері мен нормаларын құрметтейтін бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше. Енді оның ауқымын кеңейте түсу қажет. Сонымен қатар халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге қатысу да маңызды болмақ”, – десе, дәрігер Ф.Будяктың: “Жобаның 29-бабының екінші тармағындағы “Қазақ Республикасының азаматтары заңмен белгіленген тегін кепілді медициналық көмектің барша түрін алуға құқылы” деген сөйлемге “оған мемлекет тарапынан толық жағдай жасалуы қажет” деп қосып жазған жөн”, – деген сықылды ұсыныстары қолдау тапқанын аңғарамыз. Жаңа Конституцияның жобасына өңіріміздің жүздеген тұрғынының пікір білдіргені, билік органдарының адам мен қоғам үшін қызмет етуіне баса назар аудару қажет деп батыл сөйлегендері қуантпай қоймайды. Бұл туралы облыстың сол кездегі әкімі В. Гартман жұмыс сапарымен өңірімізге келген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берген есебінде: “Жаңа Конституцияның жобасын талқылауға Солтүстік Қазақстан облысынан жүз мыңнан аса адам қатысты, халықтың көпшілігі оны қолдайды. Қазақстандық патриотизм сезімі адамдар арасында нық орнығып келеді”, – деді.

Елбасы бұл сапарында Петропавл макарон фабрикасына барып, кәсіпорынды аралап көрді, жұмысшылармен кездесті. Сондай-ақ, 1997 жылға дейін әр адамның табысы бір жарым есеге дейін өсетінін сүйіншілей жеткізді.

Осы жылдары жер-жерлерде, әсіресе, біздің облысымызда Үкіметке иек артпай, өз бетімен өмір сүру деген түсінік қалыптаса бастады. Тұрғындар егін және мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрды. Әйтсе де, ынталы жандарға ауыл шаруашылығы техникасының ескілігі қолбайлау болатын. Бұл мәселені реттеу үшін өңіріміздегі зауыттар қажетті құралдардың 800 түрін жасап шығарды. Кәсіпорындар тарапынан өнімдерін сыртқы нарыққа шығару бағытында батыл қадамдар жасалды. Оны “облыстың 1995 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы” баяндамадан аңғаруға болатындай. Онда мынадай деректер келтірілген: “Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында кәсіпорындар мен ұйымдардың валюталық есепшоттарына 707 мың АҚШ доллары түсті. Бұл өткен жылғы кезеңдегі деңгейден алты пайызға жоғары. Осының ішінен өнімді экспорттаудан 666 мың доллар түсті”.

Сол кезеңдегі ел сенімін арқалаған депутаттардың дені өзге этнос өкілдері еді. Олардың көзқарастары да түрліше болғаны рас. Онсыз да жетпей жатқан бюджетті әркім өз саласына, өз аудандарына тартқысы келген. Тіпті, орталыққа үйренгендер мемлекеттік тілдің орыс тілі болуы керектігін батыл айтатын жағдайлар да болған. “Ұлтаралық қақтығыстардың болмауын қатаң қадағалап, бұл мәселені де мақтамен бауыздағандай шештік”, – депті бір сұхбатында облыстық мәслихаттың сол кездегі хатшысы Ерембек Әубәкіров.

Еліміз егемендікке қол жеткізген уақыттан бастап жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жана бастады ғой. Кеңес тарихы мен мәдениетінің қыртысты жолында ұмытылып қалған рухани қазыналарымызды қайта жаңғырта бастадық. Соның бір дәлелі – 1995 жылдың Абай жылы болып жариялануы. Бұл жыл елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болған, осы идеяны барынша дәріптеген ұлттың дара тұлғасын ұлықтаумен ұласып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өту туралы ұсыныс жасады, ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп 70 жылдық езгіде қалың тұманмен тұмшаланып келген Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларымен толық әрі жан-жақты сусындауға Тәуелсіздіктің арқасында қол жетті.

Қазағынан гөрі өзге этносы басым өңір жұртшылығы да “заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайтынын, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға беретінін” дәттей түсті. Осынау орны бөлек рухани шара барысында Петропавлдағы Абай көшесінде митинг өтіп, онда төбе көрсеткен зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен ардагерлер ағартушыны бірегей құбылыс ретінде бағалады, айтқан ойын азаттығымыздың айбарына балады. Абай көшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында өткен шарада Абай мен Мағжан ақынның шығармашылық келбеттері әсерлі әңгімеге арқау болды.

Елбасы өзінің: “Тәуелсіздік дәуірі” деп аталатын кітабында: “Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс”, – деп жазған. 1995 жылы Қызылжар жұртшылығы да күллі қазақ халқы сияқты Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін, оны сақтап қалу, кемеліне жеткізу үшін әлі талай қиындықтарды еңсеру қажеттігін ұғынған еді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp