«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІМДІ КІНӘЛАРЫМДЫ БІЛМЕЙМІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір деген сынақтардан құралған,

Бірі шыдап, ал біреулер құлаған.

Қуанғандар бақытты өмір сүруде,

Құлағандар іштен, тынып, жылаған, – деп ақын жырлағандай, Олжас Кәрімовтің (аты-жөні өзгертілді) өмір жолы да қуаныш пен қайғыға, өкініш пен үмітке толы. Әркімге ой салатын тағдыр иесінің жан сырын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Олжас КӘРІМОВ, 27 жаста:

Мен 12 жасыма дейін әкем мен ше­шемнің махаббатына бө­ле­ніп өскен ба­қытты бала бол­дым. Бірақ, құдай менің бағымды көпсінді ме, әлде, тағдырдың жазуы солай болды ма, жаман ау­рудан анам қайтыс болып, әкем екеуміз ғана қалдық. Екі әпкемнің екеуі де тұрмыста, бірі алыста тұрса, кішісі – Әсел көрші ауылда еді. Әйелі жоқ үйдің тірлігінде мән болушы ма еді, әкем екеуміз бір күн тоқ, бір күн аш, жүдеу-жадау күн кештік. Үлде мен бүлдеге бө­леніп, ішкенім алдымда, ішпеге­нім артымда, еркетотай өскен мен үшін бұл жағдай азаппен бірдей еді. Күйіміз кетіп, мүлдем жабыққан сәтте қатты қиналып, әкем өзін қоярға жер таппайтын. Әупірім­деп жүріп 9-сы­ныпты аяқтаға­сын, оқуымды жал­ғастыруға құлқым да, мүмкін­дігім де болған жоқ. Қыздың аты – қыз емес пе, көп ұзамай Әсел бізді өз үйіне көшіріп алды. Әкем жай да момын адам еді, қыз бен күйеу­балаға кіріптар болғасын мүл­дем жүні жығылып қалды. Әпкем­нің екі ұлы бар екен. Бірі менімен тетелес, екіншісі бі­рер жас кіші. Екеуінен көрген қорлығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әпкем ту­ған балаларын аяп, ша­руаға мені жұмсай­тын. Бірде қора тазалап жүргенде жиенде­рім­мен сөзге келіп қалдым. Екеулеп мені жерге жығып салды да, аямай ұрды. Ба­сым­нан тиген соққының зардабын әлі тартып жүрмін. Кө­зім қарауытып, құлағым шыңыл­да­­ғанда өзімді қоярға жер таппай қаламын. Оның үстіне талма ау­руы пайда болды. Бірақ әлгілер жәбір көрсетуін қоймады. Кейде шыдамай бұрын өзіміз тұрған ауылға кетіп қалатын едім. Көрші-қолаң, таныс адамдарды сағалап барамын ғой баяғы. Бір түйір нан үшін жұмысқа же­гілемін. Біреудің отынын жарып, екіншісінің шөбін үйіп, қора-қопсысын тазалап, та­ма­ғымды тауып жүрдім. Әйтеуір күндер өтіп жатты. Менің мына жағдайымды көрген әкем шыдай алмады білем, бірде бар шын­дық­ты жайып салды. Шешем марқұм екі қыздан кейін бала көтере ал­мағасын мені асырап алған екен. Ал өзімнің туған әке-шешем мен ержеткен шаңыраққа жамаға­йын екенін айтты. Әкем жылап оты­рып ту­ған ата-анам, бауырларым бар еке­нін, со­ларды тауып алсам ғана мына қор­лықтан құтыла­ты­нымды айтқанда, біреу құлақ-шекем­­нен салып жібергендей, есімнен танып қала жаздадым. Бірақ мені керек қылмаған, біреуге бере салған ондай әке-шешенің маған да қажеті жоқ деп шештім.

Таныстардың ақыл-кеңесімен қалаға жұмыс іздеп барғаным­мен, оқу-тоқуы жоқ жас баланы кім керек қылсын? Базарда арба сүйреп, күніне 2-3 мың теңге та­бамын. Тұратын жер болмаған соң жертөлелерді паналауға ту­ра келді. Тағдырлары әртүрлі, үй-күйі жоқ мен сияқты панасыз жан­дар онда да аз емес екен. Сөйтіп жүргенде ащы суға үйір бола бас­тадым. Арақ ішкеннің адам­дық­тан алыстайтыны белгілі емес пе, талай келеңсіз оқиғаларға тап бол­дым. Бірақ құдайдың маған көзі түзу екенін сез­дім. Талай жыл көрген қорлығым мен аза­бымның өтеуін жуырда берді. Жертөле­дегі жас жігітке жаны ашыды ма, әлде шаруаға жұмсауға ыңғайлы деді ме, кім білсін, әй­теуір ылғи азын-аулақ ақшаға жалдап жү­ре­тін мосқал тартқан ер адам мені өзі­мен бірге алып кетті. Әбден жүдеп-жадаған, ашыққан мен бір аптадай өз-өзіме келе алмадым. Құдайға қараған адам екен. Ас-ауқат беріп, моншаға түсірді. Қолаңса са­сыған киімдерден құтылдым. Адам кейпіне келсем де, жетімнің мұңы зіл батпан екенін кім түсінсін. Ішкі арпалыс, уайым, тағдырға өкпе-наз іштей жегідей жейді. Бір күні шы­дай алмай, өзіме мейірбандық таныт­қан үй иесіне басымнан өткен жайт­ты баяндап бер­дім. Ол менің ту­ған әке-шешемді тауып, қа­уыш­тырды. Қазір әуелі құдайдың, екін­ші, осы жарылқаушымның ар­қасында туғанда­рым­мен бірге­мін. Бірақ бір әттегенайы, оларды жақын тартып, бауырыма баса алмай жүрмін. Бір тылсым күш еркіме жібермей, кері итеріп тұ­рады. Өкпе ме, әлде, асырап ал­ған әке-шешеме деген сағыныш па, оны өзім де білмеймін. Мен отбасының сүт кен­жесі екенмін. Үш әпкем мен 2 ағам болған, үлкен ағам қайтыс бо­лып, анам қайғыдан қан жұтып отыр.

Өзімді неге бөтендерге берге­нін анам­ның өз аузынан естідім. Мен туған жылы елдегі жағдай да нашарлап, жоқшылық қос бүйір­ден қысқан ауыр заман келіпті. Анам­ның айтуынша, механи­за­тор болып жұмыс істейтін әкем ай­лап, жылдап жалақы ал­мапты. Сол кездегі қиындыққа төзе ал­маған әкем арақты судай сіміріп, үйдің берекесін әбден қашырған екен. Түнімен ішетіні аздай, таңер­тең басы ауырып, арақ іздеп кететін әдетінен бертін ғана ары­лыпты. Осылай ішерге тамақ, киерге киім таппай отырғанда анам байғұс алтыншы сәбиін – ме­ні өмірге әкеліпті. Біздің отбасы­мыздағы қиын жағдайды естіген нағашыла­рымның бірі “баланы бізге бер, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсі­реміз” деп анама қолқа салады. Сәбиін асырай алмаймын деп қорықты ма екен, әлде ұлын үлде мен бүлдеге орайтын шығар деп үміттенді ме, әйтеуір анам мені өз қолымен туыстарының бауырына са­лады. Кейін біз басқа жаққа көшіп кет­кеннен кейін көз жазып, хабарсыз қалыпты. Иә, менің жоғалтып қайта тапқан отбасым осы. Қазір бұған дейін оларды неге ізде­мегенімді өзім де түсін­бей­мін. Олар қабыл­дамаса қай­те­мін деген ой да болған шы­ғар? Есімді енді жиғандаймын. Бірақ жүре­гім тынши қоймады. Ішкі ре­нішті ұмыта алар емеспін. Кейде ата-анам менен неге безінді де­ген сауалға жауап таппай қина­ламын. Қандай қиындық көрсе де, ата-анам мені басқаға бер­меуі керек еді ғой. Өмі­рімнің күл-талқаны шыққан мен енді кімге керекпін? Ойымда осындай сан сауал сапырылысып жатса да анама ауыр сөз айтып, жүрегін жа­ралағым кел­мейді…

Мен ақыры ата-анамды кешір­дім. Жа­ңылмайтын жақ, сүрін­бей­тін тұяқ жоқ. Біл­местікпен қателік жасаған шығар. Әр адам бақытты болуға лайық. Мен де, бәлкім, өз бақытымды табармын. Адамдар өмірде менің ата-анам сияқты қателеспесе екен деген оймен қо­лыма қалам алдым. Қиын­дықтар өтпелі екенін ұмытпайықшы.

Дайындаған Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp