«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылға су резервуары қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық “Soltústık Qazaqstan” газетіннің №40 санында “Суға зәруміз” деген мақала шыққан болатын. Онда Мағжан Жұмабаев ауданындағы Достық ауылының тұрғыны Индира Рақымова елді мекендегі ауызсудың сапасына шағымданды. “Нұра топтық су құбыры” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” облыстық филиалы бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруді жөн санайды.

Біздің мекеменің мамандары ауылдарға жеткізілетін суды зарарсыздандырып, технологиялық талаптарға сәйкес тазарту жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, судың нормативтік көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау үшін өндірістік зертханаларда ай сайын тексеріс жүргізіледі. Біздің кәсіпорын тек магистральдық құбыр жолдарындағы судың сапасына ғана жауап беретінін атап айтқан жөн. Ал ауылдардағы мұнараларда сақталған тіршілік көзінің тазалығына кепілдік бермейді.

Бүгінгі таңда Достық ауылына ауызсу Булаев топтық су құбырынан жеткізіледі. Жергілікті “Алтын жер СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл суды темір бөшкеге құйып, тұрғындарға сатады. Өкінішке қарай, тексеріс барысында бұл ыдыс санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Тасымалдаушы бөшкені жуып-шайып, зарарсыздандыруға міндетті. Яғни, ҚР СНжЕ 4.01-02-2009 талаптары бұзылған. “Есіл су” филиалының басшылығы атынан “Алтын жер СК” ЖШС-не ауызсу тасымалданатын ыдысты тиісті реагентпен шаю және зарарсыздандыру бойынша ұсыныс жіберілді.

Сондай-ақ, Авангард ауылдық округі әкімдігіне ауыз-судың сапасына қатысты бірнеше рет хат жолданды. Достық ауылын екі тәулікке жететін сумен қамтамасыз ететін арнайы резервуар салу қажеттігі жөнінде ұсыныс берілді. Жергілікті билік өкілдерінің тұрғындар мәселелерін бейжай қалдырмайтынына сенімдіміз.

Никита ЗАБАВИН,

“Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының бас инженері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp