«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ағаштан түйін түйген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Балалық шағын елден жырақта өткізген Серхан Батайұлы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Оқу оқып, жақсы жұмыс істесе де, оның арманы атажұртқа оралу еді. Бұл арман ел Тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асты. Яғни, 1992 жылы көшіп келді. “Елге ел қосылса – құт” демекші, қандастарымызды құшақ жая қарсы алған жергілікті халықтың қуанышы мен ілтипаты ерекше еді деп еске алады кейіпкеріміз.

– Бастапқыда 25 отбасы Көкшетауға көшіп келдік. Жартысы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Біз сияқты жастарға баспана алуға мүмкіндік болмады. Кейін тұрмыстық жағдайларға байланысты отбасыммен елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазағы аз Қызылжарға қоныс аудардым. Сол уақытта ел экономикасы қиын кезеңдерді өткерді, – деп өткен кезеңді еске алған Серхан Батай көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін, өзінен басқа қос бауыры да Петропавлда тұратынын айтты.

Мамандығы құрылысшы, қолөнерге икемі бар азамат 2000-шы жылдардың басында жаңадан ашылған С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жұмысқа қабылданады. Театрда ағаш шебері ретінде жұмыс істеп, түрлі мүсіндер жасады, сахнаны безендіруге атсалысты. Кейін Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте еңбек етті. Бүгінде ол өнер мен білімді ұштастырып, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатында жас ұрпаққа еңбек пәнінен сабақ береді. Сабақ беріп қоймай, ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. “Шеберлік – шегі жоқ байлық” демекші, оның қолынан шыққан тамаша туындылар көздің жауын алады. Әсіресе, ұлттық аспаптардың ішінде домбыра, қобыз, жетіген мен үй жиһаздарынан астау, сандық, кебеже, дөңгелек үстел жасауда алдына жан салмайды.

Ағаштан түйін түйген азамат әр бұйымның жасалу ерекшелігіне тоқталып, қолөнер ептілікті қажет ететінін атап өтті. Мәселен, домбыраның қалыбын құрастыру – күрделі жұмыс. Материалды дайындап алғаннан кейін оны бір тәулік суда ұстап, кейін пешке салып қыздыру арқылы иіп, домбыра пішінін жасайтынын айтты.

Біздің назарымызды аударған бұйымның бірі – көрік. Теріден жасалған үрлеуіш бұйым бұрын зергерлік өнерде кеңінен қолданылған. Ерте кезде станок болмағандықтан, алтын, күміс, темірді балқытып, түрлі әшекей бұйымдарды көріктің көмегімен жасаған. XIX ғасырдан жеткен көне бұйымды Серхан Батайұлы Моңғолиядан алып келген. Ата-бабасының көзі болған көне жәдігерге көпшіліктің қызығушылығы ерекше.

– Тәуелсіздік болмаса, біз елге оралмас едік. Моңғолияда жүргенде “Қазақстан әйелдері” журналы, “Пионер” газетінен алыстағы елдің жағдайын біліп отыратын едік. Туған жерге деген сағынышымыз ерекше болатын. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы болғанымызға қуанамын, – дейді ол.

Серхан Батайұлы балаларының осы жерде білім алып, егемен елдің ертеңіне үлес қосып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Жары Күлмай Даханқызы екеуі үш баланы тәрбиелеп өсірді. Зайыбы Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өнер пәнінен сабақ береді. Оралхан, Сағындық есімді ұлдары – мемлекеттік қызметте. Олар да отау құрып, өз алдына үй болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Серхан Батай жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp