«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАПТАҒАН ҚАТЕНІ ТҮЗЕТУГЕ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗБЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өлең сөздің бір құдіреті – оның бір шумағына немесе бір-екі жолына тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні еркін сыйып, ойыңды оқырманға қысқа да нұсқа ұшқыр жеткізетіндігінде. 2012 жылы облыстық “Soltústık Qazaqstan” газетінің бірінші бетіне қаладағы қателердің фотосуреттерін тізіп, өлең шумақтарымен астарлап жариялағанмын. Сол көрсетілгендердің көбі осы күнге дейін өзгерген жоқ.

Кеңес одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің аты-жөнін әлі күнге дейін дұрыс жаза алмай жүрміз. Мәселен, шығыстағы жаңа шағынаудандағы көшенің тақтайшаларына орысша “Дусухамбетов” деп тек фамилиясы ғана әрі қате жазылып, ол көп жылдан бері қаламыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің дәл қасындағы көшенің ұзын бойында бадырайып ілулі тұр. Осыны көрген оқушылар кімді танып, қандай білім алады? Тағы бір батыр жерлесіміз Ысқақ Ыбыраевтың да есімін бірде Исках Ибраев, бірде Искак Ибраев деп құбылтып жазғанын көзіміз көрді.

Петропавл қаласында Жамбыл атындағы ұзын көшенің шеткі қып-қысқа жалғасында “Нель Болатбаев көшесі. Улица Неля Болатбаева” деп жазылған тақтайшалар көптен бері ілулі тұр. Ал марқұмның құлпытасында: “Ніл Әдғәмұлы Болатбай” деп қазақша ең дұрыс нұсқасы жазылған. Ұзақ жылдар Шал ақын ауданын (1962-1970 ж.ж.), одан кейін облысымызды (1970-1986 ж.ж.) қайраткерлікпен басқарған Ніл Әдғәмұлы Болатбаев осы абыройлы қазақша аты-жөнімен елдің есінде сақталған. “Құжаттарында осылай жазылған” деп тілдер басқармасы шарасыздық танытумен ғана шектелді. Қаламыздағы қаншама жылдар “Чокан Валиханов, Джамбул Джабаев” деп орысшадан өзгерте алмаған аттарды енді “Шоқан Уәлиханов атындағы көше” және “Жамбыл көшесі” деп жарқыратып жаза алғанда, бұдан басқаларды қазақшаға өзгертуге шамамыздың келмегені қалай?

Петропавл қаласындағы вокзалдан басталатын көше атауында “б” мен “п” әріптері алма-кезек ауысып, қазақшасы “Сәтбаев” немесе “Сәтпаев” деп ала-құла жазылған тақтайшаларды оқыған қонақтар не ойлайды екен? Осы көшенің басында “Жұмабек Тәшенев” деп есімі қашалып жазылған қазақтың біртуар ұлына орнатылған ескерткіш тұр. Дәл қасындағы №20 қазақ мектебіне осы мемлекет қайраткерінің аты беріліп, бірақ білім ошағының маңдайындағы тақтайшада “Тәшенов” деп жазылған.

Қаладағы мемлекет қорғауындағы ескі үйлерде орналасқан қос мекеменің бірінің маңдайшасындағы: “Северо-Казахстанская областная коллегия адвокатов” дегенді: “… адвокат коллегиясы” қылып қазақша көптік жалғаусыз аударыпты. Дұрысы: “…адвокаттар коллегиясы” болу керек еді. Ал екінші маңдайшасындағы: Филиал “Петропавловская городская юридическая консультация Северо-Казахстанской областной коллегии адвокатов” дегенді: “Петропавлдық қалалық …” деп артық үш әріп қосып қойыпты. “Петропавл қалалық…” деген дұрыс болатын еді. Екі ұжымның атауларының аудармасындағы ақаулар сауаттылық деңгейімізді көрсетіп тұрғандай.

Қаланың ортасындағы “Театральная көшесі, 42” деп жазылған тақтайшасы бар көшеде Романовтар әулетінің (1613 ж.-1913 ж.) патшалық құрған 300 жылдық құрметіне 1915 жылы кірпіштен салынған екіқабатты зәулім үй бар. Осы ғимараттың алдыңғы оң жақ бетінде: “Қазақстан Республикасы. Романовское училищесі. 1913-1915 жылдары. Ескерткіш мемлекет қорғауында” деп жазылған тақтайша бірден көзге түседі. Қазақша аудармасы “Театр көшесі” болып, “Романовское” емес “Романов училищесі” деп жазылуы керек еді.

Облыс аумағында орналасқан мұсылман жұртшылығының ескі қорымдары мен жаңадан ашылған қабірстандардағы құлпытастардың қазақша жазуларындағы жіберілген қателерді көргенде ішкі жан дүниең ауырады. Марқұмдардың ұрпақтары жарқыраған базилит, гранит және мәрмәр сияқты қымбат тастарға тапсырыстар бергенде мәтіндердің дұрыс жазылуына, әсіресе, марқұмдардың азан шақырып қойған есімдерінің еш қатесіз болуы керектігіне аса мән бермейтіндігін көптен байқап жүрмін. Мысалға, 2019 жылғы тамыз айында бауырымдай болған сыйлы азаматты жерлеу рәсіміне қатысып, ауладағы дайындап қойған бет ағаштағы: “ … Дурумбекович” деген жазуды оқыдым. Жабдықты атқарушы немересіне атасының азан шақырып қойған шын аты – Дәуренбек, сол себепті қазақша ең дұрыс нұсқасы: “Дәуренбекұлы” деп түсіндіріп бақтым. Марқұм жерленгеннен кейін басындағы “Дәуренбекұлы” деп дұрысталған жазуды оқығасын барып, көңілім орнына түсті. Осы сияқты қаншама есімдердің өрескел бұрмалануының негізгі себептерінің бірі – туған кездерінде қазақы аты-жөндерін жеке құжаттарында жазуда кеткен қателердің кесірі, яғни қазақшаға сауатсыз хатшылардың іс-әрекеті. Соның салдарынан қаншама қандасымыз зейнеткерлікке шығарда түрлі кеңселер мен соттардың табалдырығын тоздырып, қате жазылған аты-жөндерін зорға дегенде түзеткендерін көрдік.

Ана тілімізді орыс тілінің ыңғайына ылғи жығып беріп, тілім-тілімін шығарып жатса да, үндемеуге әбден үйреніп, сезім мүшелеріміз ештеңені сезбейтіндей дағдыланып кеткен сияқтымыз. Осы олқылықтардың бәрі кезінде талай рет өткір сыналып, айтылған, жазылған. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін өзіміз құнттамасақ, аты-жөндеріміз бен мекеме атауларын дұрыстап жаза алмасақ, сырттан біреу келіп істеп бере ме?

Қайрат ДҮЙСЕНБІ,

Солтүстік Қазақстан тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының заң кеңесшісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp