«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының дәстүрлі және кәсіби музыка өнерінің келбет-болмысы, өсу-есею жылдары Ах­мет Жұбанов есімімен тығыз бай­ланысты. Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония, Қазақ Ғылым ака­демиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Қазақстан компози­торлар одағы – Ахмет Жұбанов­тың тікелей бастамасымен, қол­дауымен, қуатты да шуақты ең­бегінің арқасында дүниеге келген рухани орындар.

Қазақ елі өзінің төлтума мәде­ниетінің арқасында әлемнің өрке­ниетті деген мемлекеттерінің қа­та­рынан орын алатынын, біздер, бүгінгі ұрпақ, тәуелсіздікке қол жеткізген шақта білдік. 10 000 дәс­түрлі әні, 5 000 дәстүрлі күйі бар туған халқының музыка өнерін ке­меңгер Ахмет Жұбанов өмірінің шамшырақ-қағидасы етіп, ХХ ға­сырда адамзат өркениетінің тө­ріне шығаруда бар саналы ғұ­мы­рын сарқа жұмсады. Баба­ла­ры­мыз тұлпарының тұяғымен Ұлы дала төсіне жазып кеткен әуездік шежіре-мұрасын түпнұс­қалық қа­сиетінде ұрпағына тұ­тастай жет­кі­зіп, рухани тірегіне ай­налдыр­ды.

Ахаңның өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған үлкенді-кі­шілі еңбектер аз жазылған жоқ. Дегенмен, бұл жанның өмір сүріп, өскен-өнген ортасы, етене жақын араласқан достары, әріптестері, рухани ұстаным-қағидасы, оны тол­қытып тебіренткен мәселе­лер, көксеген мақсат-арманы әлі де ашылмай келеді. Демек, тұл­ғаның ішкі жан сарайына терең үңіліп, ұлттық музыка ғылымы мен іліміндегі, композиторлық шы­ғармашылығындағы күрделі де ұлы жолының мәні мен сәнін ашу отандық өнертану маманда­ры­ның басты міндеті. Ахаңның ұл­ты­мыздың өнері мен мәдение­тіне қосқан үлесі телегей теңіз бол­ған­дықтан, біздер оның аруа­ғының алдында мәңгілік қарыз­дармыз.

Өткен ғасырдың 25-40 жылда­ры қазақ халқы үшін адам айт­қысыз азап жылдары болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қолдан жасалған ашаршылық қасіре­тінен 2 миллионнан астам адам құрбан болса, артынан, елім, же­рім деп еңіреп туған ұлт зия­лылары айуандықпен азапталып, өлтірілді. Осындай қара түнек заманда өмір сүріп, мейілінше нәтижелі еңбек еткен Ақаңның басынан 1953 жылдың сәуіріне дейін қиындықтың қара бұлты сейілген емес. Бір сәт ойла­найықшы, егер “феодализмің ас­паптары” домбыра мен қобыздан оркестр құрып, “барымташыұры” Құрманғазы туралы кітап жазған, “ұлтшыл” Ахмет Жұбанов 1938 жылы “жапон империализмінің шпионы” атанып атылған, өзінен алты-ақ жас үлкен туған бауыры Құдайбергеннің тағдырын қай­та­ласа ше?! А. Жұбановтың Ленин­град қаласына арнайы барып, Ал­матыға қызметке орналастырған, “Қыз Жібек” операсының авторы, белгілі композитор Евгений Бру­силовский 1951 жылы Ахаңа қарсы ұйымдастырған қоғамдық айыптау жиындарының ұйтқысы болғаны тарихтан белгілі болып отыр. Міне, осының салдарынан Ахаң Абай атындағы опера теат­рының жетекші дирижерлығынан, Құрманғазы атындағы консерва­торияның директоры қызметінен, Қазақ КСР ғылым академиясы­ның сектор меңгерушісі, доктор, ака­демик, халық әртісі лауазым­дарынан айырылды. Әбден қажыған адамға енді қолданатын ақырғы соққы, оны сот арқылы түрмеге жапты­рып, үнін біржола өшіру еді. Туған халқы Ахаң сынды арда ұлынан мәңгі айы­рылып, қанатынан ма­йы­рылатын кезең туды! Сталин­дік қанды қол алқымынан алып тұншықтырған шақта, Ахаңның Мәскеу қаласын­да оқып жатқан балалары Ғазиза мен Болатқа барып бас сауға­лаудан басқа амалы болмады. “Батырды ұзақ со­ғыс қартайта­ды”, – депті Қожа­берген жырау. Міне, оның мейі­лінше жемісті еңбек еткен шағы осынау зар заманға тұспа-тұс келіп, бар интеллектуалдық, шы­ғармашы­лық күшін айтыс-тартыс­та өткіз­ген Ахмет Жұбанов өз еңбегінің мәйегін тати алмаған­дығы – шын­дық. Бұл көрініс оның ұлы заман­дастары Қаныш Иман­тайұлы Сәт­баевқа да Мұхтар Омарханұлы Әуезовке де тән болатын.

Қазақстан композиторлар ода­ғының қолжазба қорында Ахмет Қуанұлының өз қолымен жазған өмірбаяны сақталған. Онда басы­нан өткізген өмірлік һәм шығар­машылық кездерін деректі де нақ­тылы түрде баяндаған. Біз де Ахаң жазған ізбен жүріп, жорта жазылған кейбір оқиғаларға тоқ­талыңқырап, оларды толық­тыра түсуді жөн көрдік.

А. Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Орал облысы Темір үйезі Темір-Орқаш болысындағы Қу­суақ­там мекенінің №8-ші ауы­лында (қазіргі Ақтөбе облысы, Те­мір ауданы) дүниеге келді. Қуан­ның шаңырағы бақыт-береке қон­ған, көпбалалы құтты отбасы бол­ған. Жұбан келіні Бибішынар –Тә­ңірбергенқызы 14 құрсақ көтерген ана. Отағасы Қуан болса, үлкен парасат иесі болған адам. Ол ба­лаларының қазақ тұрмысында қа­лыптасқан үй, мал шаруасы дәс­түрінен гөрі оқу-біліммен айналысқанын қалаған. Арабша сауаты бар Қуан қазақ жеріне күштеп жер аударыл­ғандармен етене араласып, орыс тілін жақсы меңгерген. Ол қазақ арасында алғашқылардың бірі болып, егін шаруашылығымен айналысқан.

Болашақ академик өзін музы­каға, өнерге баулып, өмірлік ба­ғыт берген алғашқы ұстазы Құ­сайын Әжіғалиевтің есімін ерек­ше ілтипатпен атайды. “Ол үлкен білімдар, өлеңдер жазатын, скрип­када, мандолинада, бала­лайкада, домбырада ойнайтын, аздап ноталық сауаты бар және озық ойға ниеттелген адам бола­тын” – дейді. Балғын Ахметтің әдебиет пен ғылым әлеміне ал­ғашқы құлшынысын оятқан Уфа медресесінің шәкірттері – ағасы Құдайберген мен оның жақын досы Жиенғали Тілепбергеновтің есімдері ерекше аталады. Олар жазғы каникул кезінде Ахметпен бірге ауыл балаларын қазақ, араб, парсы тілдеріне оқытып, са­уаттарын ашады. Құдайберген мен Жиенғали бірлесіп “Мақпал-Сегіз” дастаны негізінде пьеса жазып, соны және Мұхтар Әуе­зовтың “Еңлік-Кебегін” ауыл сах­насында қойған. Жалпы табиға­тынан аса зерек, асқан дарын иесі ағасы Құдайбергеннің інісі Ахметке деген ықылас-ниеті, ықпалы ерекше болған. Інісінің ұлттық қасиетінің берік қалыпта­суына, кәсіби музыкант маман­ды­ғын таңдап алуына бағдар беріп, көмек көрсеткен – осы Құдайберген ағасы. Соның айқын дәлелі ол 1929 жылы Ле­нинград қаласында А.Енукидзе атындағы шығыс тілдері инс­ти­тутының аспирантурасында оқып жүргенде, інісін осы қаладағы консерваторияға жетелеп әкеліп, оқуға түсіруі еді.

1919 жылы Ақтөбе облысында сүзек ауруы халықты жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл траге­дия Жұбановтар шаңырағын есеңгіретіп кетті – әкесі Қуан осы дерттен шейіт болды. Сүйікті әкеден, сол жылғы жұтта бар малынан айрылған отбасының бас көтерері – буыны қатпаған балаң жігіт Ахмет еді. Ол басында бір ауылдың, келесі жылы үш ауылдың кеңес хатшысы қызме­тін атқарып, тіршілік қамы үшін соқамен жер жыртып, егін екті, шөп шапты, жағар отын жинады, мал өсірді… Міне, ол осылай 13 жасында әкесінің орнын басып, Жұбанов­тар отбасының бас кө­терері, асы­раушысы, қамқор­шысы болды. Оның осы қасиетін Ахаң атақты ғалым, композитор, белгілі қоғам қайраткері болғанда шәкірттері, достары, әріптестері көрді. Қыс­қаша айтсақ, ардақты атамыз қо­лы ашық, жүрегі кең, нағыз атым­тай жомарттың өзі еді!

А. Жұбанов өміріндегі елеулі жарқын құбылыс – 1928 жылы Ақтөбе қаласында партактив кур­сында оқыған кезі, осы жерде Варшава кон­серваториясының түлегі, кәсіби жоғары білімі бар скрипкашы П.Чернюкпен кез­десуі. Бұл адам оның музыкалық сауатын ашты: сольфеджио, гармония, музыка теориясы және скрипка аспабын­да ойнаудан жүйелі тәлім беріп, болашақтағы музыка өнерінің ұлы қайраткері жүріп өтер “тар жол, тайғақ кешу” жолына түсірді. Бұған қоса бо­лашақ композитор математика, физика, химия орыс тілі мен әде­биеті, тарих пәндерін өз бетімен оқып, экстернді ем­тихан тапсы­рып, жақсы көрсет­кіш­пен орта мек­тепті тамамдады.

Міне, осындай құштарлықпен білім алған Ахметті 1929 жылы ағасы Құдайберген Ленинград консерваториясына әкеліп гобой аспабы бойынша профессор Па­вел Ниманның сыныбына тү­сірді. П. Ниман болса, консерватория­дағы ұстаздық қызметімен қоса, Ленинград қаласындағы атышу­лы Андреев атындағы орыс ха­лық аспаптары оркестірінің көркемдік же­текшісі және бас дирижеры бола­тын. Кәсіби өнер­дің биік шыңын меңгеруге құлаш ұрған, білімге әбден шөліркеген Ахмет Жұба­нов осы ұжымның барлық репе­тицияларына қаты­сып, ондағы ды­быстық-интона­ция­лық иірім­дер құдіреті, әр ас­паптың пар­титурада басқа­ла­рымен қосыл­ғандағы өзара қауы­шу сіңімділігі, негізгі тақырыптың қуаттылық-эмоциялық әсерлігі, әуенді гар­мо­ниялық, полифо­ниялық дамы­тудың тәсілдері, қақтығыс драма­тур­гиясының пәрменділігін табу жолдары, ды­быс интонациясы­ның қым-қиғаш артикуляция­ла­ры… бәрі-бәрі сезімтал Ахметті ерекше әсер­лендіріп, қызықты­рып, қиялын самғатты. “Қазақ ән­дерін, күй­лерін неге осындай етіп алпауыт оркестр үнінде шырқат­пасқа, шарықтатпасқа! Шексіз, шетсіз дала кеңістігінде туған ха­лық әндері мен күйлері осындай аумақты, тылсым да қуатты үнге сұранып тұр емес пе! Қаншама аспаптар үні бір дирижердың патшалығында, уысында, нақ­ты­рақ айтсақ, таяқшасының ұшына қонған ғажап өнер. Жеке батыр болып асқақтайтын домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен сырнай­дың үндерін бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас етіп оркестрге то­ғыту – болашақта атқарылатын біздің игілікті істеріміз-ау!” – деген ой Ахаң көңілінің көк дөнені бо­лып шапқылады…

А. Жұбановтың Ленинград кон­серваториясында оқыған (1929-1932) жылдары өмірінің ең сәу­лелі де бақытты кезеңі деп ба­ғалауға болды. Ұшқыр ойлы, сер­гек сезімді Ахаңа орыс музыка өнерінің небір атақты ғалым­дары, жетекші мамандары, ұстаз­дары, атап айтқанда, полифо­ния­дан – Х. Кушнарев, гармониядан – Ю. Тюлин, инструментовкадан – М. Чернов, музыка тарихынан – А. Оссовский және Б. Асафьев (атақты “Бақшасарай бұрқағы” балетінің авторы), музыкалық әде­биеттен – З. Эвальд, КСРО халықтары музыкасынан – Е. Гип­пиус, акустикадан – А. Римский-Корсаков дәріс берді. Оның музы­калық ғылымға, оның ішінде фольклорға деген көңіл қошеметі осы кезде ауды. Консерватория­дан басқа Ленинградтың тарихи-лингвистикалық институтындағы лекцияларды үзбей тыңдаушысы болған құлшынысы оны КСРО Ғылым академиясының фоноар­хивіндегі материалдармен жұ­мыс істеуіне жол ашты. Бұл жер­де фольклорлық музыкалық шы­ғармаларды нотаға дәлме-дәл түсіру техникасын жетік меңге­руге қолы жетті. Бес жылдық консерватория курсын төрт жылда үздік тамамдаған Ахметке, осы қаладағы Өнертану академиясы­ның аспирантурасына, оның му­зыка бөліміне жолдама берілді. Бұл оқу орнында музыка зерттеу, жалпы әлеуметтік және филосо­фиялық-экономикалық пәндер­ден басқа неміс, француз тілде­рін құлшыныспен меңгере бас­тайды. Ленинград қаласында оқып жүрген бүкіл Орталық Азия кеңістігінің жалғыз өкілі – А.Жұ­бановтың ендігі арманы қазақ жастарына мемлекет тарапынан жаппай музыкалық білім беру мүмкіндігін туғызып, жүйелі түрде бұл саланың кәсіби мамандарын даярлау жұмысы еді.

Осы мақ­сатта ол 1932 жылы “Му­зыка әліппесі” пе­дагогикалық оқу құра­лын жарыққа шығарды. Бұл қа­зақ тіліндегі тұңғыш әдісте­мелік кітап болды. Міне, Ахаңның 25 жыл бір сәтке кідірмей, тыным таппай жасаған еңбек жолы осы “Әліппе­ден” басталды. ХХ ғасыр­дың 60-шы жылдары қазақ кәсіби өнері халықаралық аренаға шы­ғып, үлкен абырой мен атаққа ие болса, соның басында кемеңгер Ахмет Қуанұлы Жұбанов болға­нын мақтана айтуымыз керек.

Ленинград қаласында оқып жүрген Ахмет Қазақстанға Ста­линнің Голощекиннің қолымен жасап жатқан ашаршылық қасі­ретін жақсы білді. Сондықтан 1933 жылы ақпан айында Қазақ өлкелік комитетінің Оқу-ағарту халық комиссары Сейтқали Мең­дешевтің Алматыда жарты жыл бұрын ашылған музыкалық театр техникумға жұмысқа шақырғанда бірден келісімін берді. Туған хал­қының басына түскен қасіретті өнер арқылы же­ңілдетіп, оның егі­ліп, езіліп кеткен еңсесін көтергісі келді. Ленинград Өнертану ака­демиясы оған бір жылға акаде­миялық демалыс бер­генімен, оның ақтық деміне дейінгі бар өмірі өзінің туған елінде, үнемі қарбалас жұмыс үстінде өтті.

Ахаң Алматыға келе салысы­мен мұндағы білім беру жүйесін жедел дамытуға күш салды. Ол үшін дәріс берер кәсіби ма­мандарды жинау, қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеу-дамыту каби­нетін ашу және бұған дейін диа­тоникалық құрылымда, дыбыс­тары әлсіз, диапозон көлемі қыс­қа болып келген домбыра мен қо­быз аспаптарының әуендік қа­сиетін, жасалатын материалдар сапасын жетілдіретін шеберхана ашу жұмыстарын қолға алу керек болды. Ахмет Жұбанов техникум директоры Сағыр Камаловпен бірлесіп, Халық Комиссарлары ке­ңесіне түбегейлі мәселелер кө­терген баяндамалық жазба жол­дады. 1933 жылдың 29-шы сәуірінде аталған лауазымды би­лік органының қаулысы шығып, Қа­зақтың ұлттық музыкалық театр техникумының материал­дық-техникалық базасы айтар­лықтай нығайтылды. Ұстаздық қыз­метке композиторлар Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди мен Борис Ерзакович, музыкалық аспаптар жасау шеберлері Борис және Мануил Романенколар ша­қырылды, дарынды халық та­лант­тары Әміре Қашаубаев, Ма­нарбек Ержанов, Иса Байзақов, Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұ­хитов, Ғанбар Медетовтің орын­дауларында халық әндері мен күй­лері нотаға түсірілді. Сол кез­дегі елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі музыка­лық театр техникумында дом­быра мен қобыз сыныбының ашылуы болды. Мысалы, бұған дейін қы­зыл белсенділердің көз­қарасын­да домбыра “фео­дализм­нің идея­лық қаруы”, ал қо­быз “шама­низм апиыны” болып, тек еуро­палық музыкалық аспап­тарды техникум шәкірттеріне үй­рету мә­селесі қойылған болатын. Бірақ өз ісіне ұқыпты, ұстанымы тастай берік Ахаң осы екі аспапта ой­найтын 17 оқушыдан ансамбль құ­рып, репертуарына ұтымды да ұт­қыр шығармалар енгізіп, оны Оқу-ағарту халық комиссары қыз­мет­келерінің назарына ұсын­ды. Осы­лай алған бағытының дұрыс екен­дігіне көздерін жеткізді.

Ахаңның жоспарында ендігі ат­қарылатын жұмыс – кеңейтілген халық аспаптарынан толыққанды оркестр құру еді. 1934 жылдың маусым айында бұл ойы іске асы­рылды: аталмыш ұжым Бүкілқа­зақ­стандық халық өнері қайрат­кер­лері слетінде халық күйлері “Кеңес”, “Қарабас”, “Би күйі”, “Ай­жан қыз” және халық әндері “Бал­құрай” мен Сегіз серінің “Қарға­шын” тұңғыш рет орындап, ор­кестр үнінің қазақ музыкасына етене жақын екендігі дәлелденді. Сондықтан 1934 жылдың 25-ші маусымы Алматы музыкалық-драма техникумы жанында құ­рыл­ған ҚазЦИК атындағы ор­кестр­дің мұрагері, бүгінгі акаде­миялық Құр­манғазы атындағы қазақ ха­лық аспаптары ор­кестрінің дү­ниеге келген күні бо­лып есеп­телінеді.

1935 жылы үкімет қаулысымен құрылған Қазақстандағы бірінші концерттік ұйым – филармония­ның құрамына Халық аспаптары оркестрі еніп, оның директоры болып А.Қ. Жұбанов тағайын­далды. Осы жылы халық оркестрі тұң­ғыш рет Шымкенттің қорға­сын-мырыш зауытында, Ащысай шахтерлері, Атырау мұнайшы­лары, Каспий балықшылары ал­дында өнерлерін көрсетіп, олар­дың шексіз ризашылығына бө­ленді.

Қазақ музыка өнерінің ғажа­йып құдіреті танылған сәт 1936 жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасы болды. Мұнда ком­позитор Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” пен “Жалбыр” опералары көрсетіліп, алғашқы КСРО халық әртісі атағына ие болып, жұл­ды­зы жанған бұлбұл Күләш апамыз туралы орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданованың “Чудо!” сөзі осы тұста айтылды. Екінші “чудо” А. Жұбановтың басқаруын­да құрамында 40 орындаушы бар ҚазЦИК атындағы қазақ халық асаптары оркестрінің Декаданың қорытынды концертінде өнер көр­сетуі еді. Құрманғазының “Сары арқа”, “Адай”, “Серпер”, “Бал­бырауын”, “Көбік шашқан”, Дәу­леткерейдің “Қосалқа” күй­лері және халық әні “Қызыл би­дай” әні (орындаушы – Жамал Омарова) шабытты серпінмен ше­гіне жеткізіле орындалды. Әрине, оркестр музыканттары­ның музы­калық сауаты болма­ған­дықтан, туындылар нотасыз ойналды. Бі­рақ дирижер талан­тының құдіреті арқасында Ұлы да­ланың жусан иісі аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұя­ғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қиқуы… бәрі-бәрі қазақ музыкасының жаны, таңы, сәні, болып театр сах­насынан көрініс тапты! Сталиннің өзі қа­тысқан бұл концерт ғаламат қасі­ретті басынан кешкен қазақ еліне рухани серпіліс әкелді. Ах­мет Қуанұлы болса, “Құрмет бел­гісі” орденімен және “Республи­каның еңбек сіңірген артисі” құр­метті ата­ғымен марапатталды.

1939 жылы Қазақстан Компо­зиторлар одағы құрылды. Бұл ұйымның дүниеге келуіне Мұқан Төлебаев, Евгений Бруси­лов­ский, Латиф Хамидимен бірге Ах­мет Қуанұлының да қосқан үлесі ерекше болды. Ол атақты халық композиторлары Естай Беркім­баев, Кенен Әзірбаев, Манарбек Ержанов сынды ХХ ғасырдың сал-серілерін одақ мүшелігіне алудың маңызын түсінді. Өкініш­тісі сол, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында, бұл тамаша дәстүр өзінің әдемі жалғасын таппады, яғни Әблахат Еспаев, Шәмші Қал­даяқов, Әсет Бейсеуовтер сынды нағыз композиторлар, жоғары му­зыкалық білімі жоқ деген сылтау­мен бұл шығармашылық ұйым­нан тыс қалды.

Барлық басшылық, ұстаздық, ғылыми қызметтерінен босатыл­ған Ахмет Қуанұлы ендігі жерде бар күшін композиторлық еңбекке жұмсайды. Осы тұста композитор қаламынан 50 шақты әндер, ро­манстар, “Абай”, “Исатай-Махам­бет” симфониялық поэмалары, фортепьяноға арналған 10 тәжік, 8 қазақ биі, қобызға, виолон­чель­ге арналған “Ария”, “Романс”, “Күй”, “Көктем”, “Вальс” туынды­ла­­ры, “Амангелді”, “Райхан” ки­нофильмдеріне, “Абай”, “Махам­бет-Исатай”, “Сары”, “Бақыт та­ңы”, “Азат қыз”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” драмалық спек­такль­дарға жазылған музыкалары бірі­нен соң бірі ағылып туындап жатты.

Ахмет Жұбанов пен оның түй­дей құрдасы, әріптесі, Қазақ­станның халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ком­позитор Латиф Абдулхайұлы Ха­мидимен бірлесіп жазған 4 актілі “Абай” операсы – ұлттық опера өнерінің классикалық жауһар туындысы. Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша “Абай” операсы 1942 жылы басталып, 1943 жылы Абайдың басты ария­сы, Ажар мен Айдардың дуэті, “Қарлығаш” хоры Орта Азия рес­пуб­ликаларының Екінші музыкалық Декадасында көрсетілді. Абайдың ариясын Ришад Абдул­лин, Айдарды – Әнуәрбек Үмбет­баев, Ажарды – Күләш Байсейі­това орындады. Ұлттық музыка өнеріне үлкен бедел әкелген бұл өнер додасы, өзінің мағынасы жағынан Мәскеу декадасынан кейінгі аспанды шаққан найзағайдай әсер еткен оқиға болды. Ол қазақ опера өнерінің Өзбек­стан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан республикаларынан әлдеқайда биік тұрғанын та­нытты. Бұл көрініске ерекше ша­быттанып қанаттанған компози­торлар оны 1944 жылдың қазан айында партитура күйінде толық бітіріп, осы жылдың 24 қараша­сында опера және балет театры­ның сахнасында қойылды.

Мен қазақ музыкасының клас­сигі, артына көптеген өлмейтін туындылар қалдырған, бауырлас татар халқының дарынды ұлы Латиф Абдулхайұлымен өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазақ радиосына музыкалық хабарлар циклын дайындау үстінде сыр­ласқан едім. Сонда Ләтекеңнің асқан қарапайымдылығына, құр­дасы, жан досы Ахаңа деген шексіз адалдығына, асқан мәде­ниеттілігіне тәнті болдым. “Бұ­рынғы өткен батырлардың, би­лер­дің, хандардың, әнші-күйші, жыраулардың бойындағы асыл қасиеттері бір Ахмет Жұбановтың бойынан табылатын” – деуші еді, жарықтық. Ахаң арқылы қазақ елін, қазақ жерін, қазақ музыка­сын жанындай жақсы көріп, осы құт мекенде өзінің рухы, мұрасы мәңгі қалатынын тебіреніп тол­ғайтын. Сонда “Абай” операсы­ның аяқталып, театрдың көркем­дік кеңесінде талқыланған сәтте айтқан мына бір сөзі есімде: “Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіре­пов, Евгений Брусиловский, Ва­силий Великанов, Қаныбек, Кү­ләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержа­нов, Ғарифолла Құрманғалиев, тағы басқа өнер және мәдениет қайраткерлері бірауыздан жа­ғымды пікірлерін айтып, “Абай” операсын қабылдау керектігін дауысқа салған кезде, бұған дейін үндемей отырған Бруси­ловский сөз алып, “опера жанры­ның тиісті компоненттері сіздер жазған операларыңыздың 13-ші актісінде іске асады”, – деп келте қайырғаны бар емес пе! Мен аң-таң болып, “Аха, операда 13 акті болмайды ғой” – десем, “Латиф, үндеме, артынан түсіндіремін”, – деді ол сыбырлап. Оңтайлы бе­рілген дауыстардың басым көп­шілігімен, “Абай” операсы ешқандай өзгеріссіз, түзетусіз сах­наға қойылуы туралы шешім қа­былданды. Көңіліміз көктемдегі күндей жадырап, жүрегіміз атша тулап, театрдың жанындағы сая­бақтың орындығына келіп жай­ғасқаннан соң Ахаңа Брусилов­скийдің жұмбақ сөзін түсіндіріп беруін сұрадым. “Әй, Латиф, сен қалай ғана түсінбейсің? Ол опера жазу сендердің қай жорықтарың, қолдарыңнан келген емес, ешқа­шан келмейді де! Қазақша айт­сам, көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама – дегені ғой оның!”, – деп жауап берді.

Міне, биыл “Абай” операсы­ның сахнадағы өміріне 77 жыл толып отыр. Әлі күнге дейін бұл туынды қаншама тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, мә­дени-рухани әлемінің асыл дү­ниесіне айналды! Бұдан кейін де Ахаң мен Ләтекеңнің шығар­машылық достығы жалғасын тапты, олар 1947 жылы Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша 4 актілі “Төлеген Тоқтаров” опе­расын дүниеге әкелді.

1951 жылы атақты компо­зитор, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қа­зақстанның халық әртісі Ахмет Қуанұлы Жұбановтың басына тағы да қара бұлт үйірілді. Бұл қысылтаяң шақтан ол қайтпас қайратымен, жасампаз, еселі де еңселі еңбегімен өтті. Оның “Ға­сырлар пернесі” (1958 ж.), “Құр­манғазы” (1960 ж.), “Мұқан Төле­баев” (1962), “Музыкадағы бірін­ші қадамдар” (1962 ж.), “Қазақтың халық аспаптары”(1963 ж.), “За­мана бұлбұлдары” (1963 ж.), “Ән-күй сапары” (1976 ж.), “Өскен өнер” (1985 ж.) сынды еңбектері сөзімізге айғақ. Бұл іргелі туындылар – ұлттық музыка өне­рінің алтын шежіресі, қасиетті сар­қылмас байлығы. Қазақ елінің төлтума музыка мәдениетін сақ­тап дамытуда жемісті де же­ңісті еңбек етіп абыройын асқақ­тат­қан, сол үшін тар жол, тайғақ кеш­кен Ахмет Қуанұлы Жұба­новтың есімі “Мәңгілік Елмен” бірге жасасып, туған халқының көңіл төрінде ұзақ уақыт сақта­лары хақ. Себебі оның өмір ғиб­раты, өзі жазғандай, “туып өскен үйі – домбыра, ән, күй, жыр”.

Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp