«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқының бірлігі күні алғаш рет 1996 жылы аталып өтілді. Биыл 25 жыл қатарынан тойланайын деп отырған мереке еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтудағы маңызды факторға айналды. Әлем біздің этносаралық татулыққа негізделген моделімізді және ұлт бірлігін нығайту жөніндегі күш-жігерімізді әрдайым жоғары бағалайды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сын құру идеясын тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жария етті. 2007 жылы Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріліп, Парламент Мәжілісіне де­путат сайлау құқығын алды, бұл оның саяси-басқарушылық рөлін айтарлықтай арттырды. Бү­гінде ол мемлекеттік ұлттық сая­сат жүргізудің құралы болып табылады, оның қызметі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносара­лық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қазақстан халқының үштен бірі – түрлі этностардың өкілдері. Олардың Қазақстанның жетістік­теріне қосқан үлесі баршаға мә­лім, сондықтан біз осы әлеуетті арттыруға тиіспіз. Бұл, әсіресе, эт­никалық топтардың жинақы тұ­ратын жерлеріне қатысты. Өзге этностардың дәстүрлерін, тілде­рін, мәдениетін сақтау және дамы­ту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблея­сының жаңа төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында: “Мұнда тұратын барлық ұлттар, этникалық топтар шын мәнінде біртұтас ұлт болып табылады. Шетелде бізді “қазақтар” деп біледі, өйткені, біздің мемлекетіміздің атауында дәл осы сөз естіледі”, – деген болатын.

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 27 облыстық және 187 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2020 жылы 2000-нан астам іс-шара өткізіліп, оларға 250 мың адам қатысты. Этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл миссиясын Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестері табысты орындауда. Бүгінгі күні облыста 129 кеңес жұмыс істейді, олар 5000 адамды қамти отырып, 191 іс-шараны іске асырды, 4022 проблемалық мәселені қарады, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың басшылары үшін 18 ұсыным әзірленді. Бұдан бөлек, өңірімізде 47 аналар кеңесі табысты жұмыс істеуде, олар өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды, мейірімділік пен ізгілікті қалыптастыруға атсалысуда.

Барлық аудандарда медиа­ция кабинеттері ашылды. Ассамблеяның медиация кеңесі жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Татуластыру рәсімдерін 274 медиатор, оның ішінде 241 – қоғам­дық және 33 – кәсіби медиатор жүзеге асырады. Олар бір жыл ішінде 123 адамға кеңес берді, 53 медиативтік рәсім өткізіп, еріктілерді медиация технологияларына оқыту және жанжалдарды реттеуге бағытталған 57 іс-шара ұйымдастырды.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті сақтау ісіндегі тағы бір тиімді тетік болып табылады. Мұнда сегіз этно-мәдени орталықтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы-ның 25 жылдығын атап өтуге арналған этностардың Мәдениет күндері ұйымдастырылды. Құрамында 2 республикалық, 8 облыстық және 3 аудандық БАҚ-тың 13 журналисі бар облыстық ассамблеяның журналистер клубы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-сараптама алаңына айналды.

Ассамблея қамқорлығымен облыста жыл сайын “Ауыл – ел бесігі”, “Салт-дәстүр”, “Қазақтану”, “Болашақ үшін естелік”, “Қайырымдылық керуені”, “Өз еліңді тану”, “Ұлт рухы” және т.б. жоба­лар іске асырылуда. “Мың бала” республикалық ғылыми-ағарту конкурсы тұрақты негізде өткізіледі, оның мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйрету. Достық үйінде “Ситуативный казахский” әдістемесін қолдану арқылы қазақ тілін үйренуге ықпал ететін “Мәміле” пікірталас клубы да өз жұмысын бастады.

Карантин шаралары кезінде этномәдени бірлестіктер, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалы мұқтаж адамдарға қол ұшын берді. Ассамблеяның “Қайырымдылық керуені” республикалық жобасы аясында 431 іс-шара өткізілді, әлеуметтік осал топтағы 10000 тұрғынға (мүгедектерге, еңбек ардагерлеріне, жалғыз тұратын, көпбалалы аналарға) көмек көрсетілді. Ассамблея базасында еріктілер штабы құрылды. Онда 60-тан астам ерікті жұмыс істеді. Карантин кезінде штабтың телефонына 1500-ден астам өтініш келіп түсті.

Облыстық ассамблея “Мың алғыс” акциясын қолдап, Құрбан айт мейрамы қарсаңында медицина қызметкерлері мен көпбалалы отбасыларға 2 млн. 320 мың теңгенің азық-түлігін жеткізіп берді. “Біргеміз!” жалпыұлт­тық акциясы және “Қайырымды­лық керуені” аясында су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына қол ұшын созды. Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері жалпы сомасы 7 млн. 865 мың теңгенің көмегін көр­сетті.

Ресей Федерациясының көршілес өңірлерімен ынтымақтастық байланыстамыз. Ассамблея өкілдері онлайн конференция­ларға, Түмен, Омбы, Қорған облыстарының ұлттық-мәдени орталықтарымен кездесулерге қа­тысады. Сондай-ақ, онлайн формат­та Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы, Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ұлы дала елінің басқа да көрнекті қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар өткізіліп, әрбір этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысты.

Қазақстанның көпэтностығы – бұл біздің күшіміз әрі байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек. Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, оның ертеңі үшін ортақ жауапкершілікті сезінуіміз қажет.

Жангүл ЖОЛМҰҚАНОВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp