«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан­да 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Төрт бірдей тауарлы-сүт фермасы салынуда. Осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстар туралы орталық коммуникациялар қызме­тінің өңірлік филиалында өткен брифинг барысында аудан әкімі Ағзам Тастеміров айтты.

Ауданның негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Қазір ау­данда көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын. Агроқұрылымдар 21 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізуге келісім жасаған. Былтыр 197 жаңа техника алынса, биыл да сонша көлемде сатып алынбақшы. 48 елді мекенде тұра­тын мың шақты отбасы сиыр сүтін табыс көзіне айналдырды. Ал ірі шаруашылықтар алдағы екі жылда 12,5 млрд. теңгенің жобаларын іске асырмақшы.

– Жеті жоба биыл жүзеге асырылады. Оларға 5 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталады. “Астык-Привольное”, “Возвышен­ка-СК”, “УК Әділ” серіктестіктері мен “Колос” фермерлік қожалығының 4 тауарлы-сүт фермасы және үш ауыл шаруашылығы өнімін өндіру кәсіпорны пайдалануға беріледі. 2022 жылы “Адани Агро” серіктестігі 300 басқа шақталған бордақыдау алаңын іске қосуды жоспарлап отыр, – деді аудан әкімі Ағзам Тастеміров.

Кәсіпкерлік саласын дамыту үшін шағын бизнес иелері “Бастау” жобасы бойынша 65 млн. теңгенің грантын және 302 млн. теңгенің шағын несиесін алса, “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша 1,9 млрд. теңгенің он бір жобасын іске асырды. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланған ау­дан тұрғындары 1,3 млрд. теңге көлемінде мемлекет қолдауына ие болды.

– Былтыр ауданда 15 ауылдың ішкі жолдарын жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Үстіміздегі жылы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша тағы сегіз ауылдың жолы жөнделеді. Ауыл көшелері жарықтандырылуда. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін былтыр сегіз елді мекенде 200 млн. теңгеге су құбырлары жөнделді. Үстіміздегі жылы Тоқсан би ауылында 440 млн. теңгеге су тарату жүйесінің құрылысы басталады. Ал он шақты ауылдағы тозған құбырларды ауыстыруға 200 млн. теңгеден астам қаржы бағытталады, – деді аудан әкімі.

2020 жылы ауданда 14 мың шаршы метр баспана салынды. Биыл тағы 15 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оңтүстіктен көшіп келетіндерге 48 үй тұрғызылады. Соңғы 2 жылда аталмыш ауданда 17 білім беру ошағы жөнделген. Биыл жеті мектепте күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді де назардан тыс қалдырмады. Аудандық емдеу мекемесіне ауданаралық аурухана мәртебесі берілмек. Ол үшін мұнда балалар бөлімі ашылып, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу аппараты алынған. Өткен жылы тамақтану блогы, гараж, жуу блоктары, Ломоносов және Целинный ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөнделді. Сонымен қатар аудандық аурухананың компьютерлік томография кабинеті, терапевтік, босану бөлімшелері мен Андреев, Рузаев дәрігерлік емдеу мекемелеріне де күрделі жөндеу жүргізілмек. Алайда ауданда дәрігер тапшы. Қазір мұнда кардиолог пен үш учаскелік дәрігер жетіспейді.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp