«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛГІСІЗ БАТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес Одағының Батыры Хусаин Деникаев туралы тарихи деректер өте аз, тіпті жоқтың қасы. Жауынгердің туыстары осы уақытқа дейін батырдың майдан даласында із-түссіз жоғалып кеткенінен ғана хабардар болып келген еді. Бірақ 2018 жылы Отан үшін от кешкен жауынгердің ұрпақтары оның талай рет ерлік жасап, көптеген қаруластарының өмірін құтқарғанын білді.

1942 жылдың соңында кескі­лес­­кен ұрыстардың бірінде жа­ралы жауынгер Хусаин Деникаев жау қолына түсіп қалады. Тұтқын ретінде – “Собибор” концла­гері­не айдалады. Бұл жер қолға түс­кен Кеңес әскері жауынгерлерін ас­қан қатыгездікпен қинаған өлім мен қорқыныштың, арпа­лыс­тың мекені болатын. Тұтқын­дар­дың концлагерьден өз бетте­рінше бо­сап шығуы мүмкін емес еді. Жаудың қолына түсіп қалға­нына қарамастан Хусаин Дени­каев фашистерге қарсы жа­сы­рын ұйым құруға атсалысады. Аштық пен езгіге, қиыншылыққа, ұрып-соғуға барынша төзіп, ал­ғашқы күннен тұтқыннан босап шығудың жолын ойластырады. Алдымен топ өкілдері Мұса Жә­лелдің барлау бөлімімен хабар­ласады. Пайдалы ақпаратпен ал­масып, лагерьде бүлік шығаруға дайындық басталып кетеді.

1943 жылдың көктемі бола­тын. Көтеріліске дейін жасақ өкіл­дері азды-көпті қару жинап алды. Топтың әр мүшесіне ла­герьдің күзетін жою бойынша нақ­ты тапсырмалар берілді. Бүлік­ші­лер көтеріліске оңтайлы уа­қыт­та шықты. Лагерь күзетін­дегі­лердің бір тобы еврей отбасыла­рын газ камерасына қамаса, өз­ге­лері жаңадан жеткізілген әс­ке­ри тұтқындарды қабылдаумен болған. Хусаин Деникаев қамау­дағы барлық сыбайластарына бе­лгі береді де, алдымен өзі бас­тап оқ атып, күзеттегі сақшылар­ды жояды. Осылайша ша­ғын топ лагерьдің кү­зе­тін қырып салып, қару-жарақ­ты иеленеді. Кескілескен ұрыста 60 шақты топ өкілі мен офицер­лер қаза болға­нына қарамастан олар концле­герьді басып алып, барлық тұт­қынды босатқан.

Темір тордың арғы жағынан аман шықан 450-ден астам тұт­қынның 300-і фашистерге қарсы күресті жалғастыру үшін парти­зан отрядтарына қосы­ла­ды. Өз­ге­лері Польшаның қа­лың орман­дарында бой таса­лай­ды. Пар­ти­зандарға ба­рар жолда қару-жа­рақпен сай­лан­ған әскери тұтқын­дар гитлер­лік­тер­дің ұсақ гарни­зон­дарын да тал­қандап, жеңіске жетіп отыр­ды. Бұл кезде Карпат тауларын­да атақты Ковпак бір­лестігінің пар­ти­занда­ры жау қор­шауында қа­лып қо­йып, кескілес­кен шай­қас жүргізіп жатқан еді. Идел-Урал батальо­нына қосы­лып, пар­ти­зандарға дер кезінде жеткен лагерь тұт­қындары жау­дың көзін жойып, майдандас­тарын өлім­нен ара­ша­лап қалды. Кешікпей Ху­саин Де­никаев пен оның “Со­биборда” тұтқында бол­ған жол­дастары 70-ші армияның қата­рын толық­тырды.

1945 жылы Хусаин Деникаев Польшаны азат етуге қатысты. Жауынгерлер өз өмірін құрбан етсе де, артқа шегінбей, жауды шептен әрі қарай жіберген жоқ. Қаңтардың ортасында осындай кескілескен ұрыс барысында өз батальонымен бірге Хусаин Де­никаев вермахттың 50 шақты тан­кісін жойып, ерлікпен қаза тапты. Міне, осы ұрыстан кейін қайтпас қа­йсар жігіт Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынылған. Май­дан даласында ерлікпен қа­за тапқан батырға Польша мемле­ке­тінің Ұлы Отан Соғысы шай­қастарындағы ержүректік пен батырлық ордені де беріледі. Ал оның денесі Польшаның сол­түстік батысындағы ауылдардың біріндегі зиратқа жерленген.

Қаhарман тұлға­ туралы тың деректер арада ондаған жылдар өт­кеннен кейін ғана белгілі бол­ды. Татарстан­ның астанасы Қа­зан қаласында Ұлы Отан соғы­сы­ның Батырла­рына арналған ме­мо­риал бар. Хусаин Дени­каев­тың есімі – Кеңес Одағының Ба­тыры атанған 236 татар жа­уын­герімен бірге қаша­лып жазы­лыпты. Бұл туралы батырдың туыс­тарына “Книга памяти” ме­мо­риалдық ке­шеннің қызметкер­лері хабарлап­ты. Атал­ған ұйым 1941-1945 жыл­дары соғыста қа­за тапқандар мен із-түссіз жоғал­ғандар жайлы мә­ліметтерді, рес­ми құжаттарды іздестіреді. Ху­саин Деникаев ту­ралы ақпарат осындай іздеу жұ­мыстарының барысында анық­талса керек. Жер­лесіміздің не­мере інісі, Пет­ропавл қаласының тұрғыны – Нұр­мехамет Исма­гилов жауын­гер ағасы жайлы деректі 20 жыл іздегенін айтады.

– Хусаин Деникаев 1918 жы­лы Омбы губерниясында Аптула де­ген ауылда дүниеге келген. Бұл ауыл – Иван Грозныйдың қу­ғы­ны­нан қашып, осы жерде қо­ныс тепкен татарлардың мекені екен. Атасы контрреволюционер ата­нып, 1937 жылы атылып кет­кені­не қарамастан, Хусаин адал қызмет етті. Жастайынан қиын­шы­лық көріп, “Новый путь”, “Ком­му­нар” колхоздарында бел жаз­бай, тер төкті. Ал соғыс бастал­ғанға дейін Хусаин Деникаев Орынбор педагогикалық инсти­ту­тын та­мам­дап, ұстаз болды. Осы уни­ве­рситетте оқып жүріп, тә­жірибе­ден өту үшін Петро­павлға да ат ба­сын бұрыпты. Башқұрт респуб­ли­касын­да­ғы Болтаев орта мек­тебінде алды­мен мұғалім, кейін осы білім ошағының директоры бол­ған, – деп еске алды Нұр­мехамет Ис­магилов.

Мектепте жұмыс істеп жүріп, ол жергілікті газетке ауылдың өмі­рі мен тұрғындары, социализмді құру туралы мақалалар мен очерктер жазған. 1940-41 жыл­дары өз еркімен әскер қатарына алынған. Отанды жаудан қорғау үшін Волхов май­данының саяси бөліміне жол тарт­қан жауынгер Ржев қала­сы­ның түбіндегі шай­қас жайлы, Қызыл әскер офи­церлерінің ер­лігі туралы мақа­лалар жарияла­ғаны белгілі. 1943 жылы анасы Зүлхия оның соғыста із-түссіз кеткенін естиді. Майданда төрт ұлын жоғалтқан ананың қайғы­дан жанары суал­ған екен.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp