Қалдыровтар – Қызылжар өңіріне есімдері етене таныс әулет. Көпшілік ұлттық нақышта жасалған астау мен ожау, шара секілді көркем әрі сапалы бұйымдарды сол кісілерден алуға тырысады. Өйткені оюы әсем, пішіні көркем ұлттық бұйымдар тек кәдесый ғана емес, қолдануға да қолайлы. Шеберлер әулетінің кенжесі Болатбектің шығармашылығы ағаларынан асып түспесе, кем емес. Ол тіпті, соңғы кезде ұсталық өнерімен қоса суреткерлік қырымен де таныла бастады.
Жуырда Болатбектің өзімен сұхбаттасудың сәті түсті. Жай кездесу ғана емес, шеберханасына кіріп, жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Шығармашылық адамдарының жұмыс істейтін жеріне бөтендерді кіргізуі некен-саяқ. Шабыты оянатын, түрлі идеялар туатын қастерлі жер. Жақын танымайтын, аурасы ауыр адамдарды жіберуге құлықсыз болатыны содан.
Қаланың іргесіндегі Прибрежный ауылының шет жағындағы үйдің ауласында тұрғызылған бөлек ғимарат бірден көз тартады. Ішіне кіргеннен-ақ бір таныс иіс мұрынды қытықтай жөнелді. Кәдімгі ыстың иісі. Ауылда өскен балалар біледі, шошаланың ішіне кіргендей болдым. Шебер қолынан қашауы түспей, кезекті туындысына кіріскен екен.
– Бұл – менің күнделікті наным ғой, – дейді жымиып. Болатбек – алты ағайындының ішіндегі ең кенжесі. Ағаларына көмектесіп жүріп үйренген екен бұл істі. Жұмысын істей отыра, өз өмірі туралы баяндауға кірісті.
– Алғашында ағаларым жасаған бұйымдарды тегістеу, лактау секілді жеңіл-желпі жұмыстарды атқардым. 13-14 жасымда өз қолыммен алғаш рет адамның мүсінін жасадым. Өзіме ұнады, әйтеуір. Сосын біртіндеп, кесе, ожау секілді ұсақ-түйекке кірістім. Бәрі керемет болды деп айта алмаймын. Бәрі де уақытпен, тәжірибемен келеді. Ағаларымның жасағанын көріп, көңілге тоқып отырдым. Қазір бір-бірімізге бәсекелеспіз.
– Ағаларымнан озсам дейсіз ғой, – деймін ашыла түссін деп.
– Қалай айтсам екен. Бәсеке болмаған жерде іс жүрмейді. Озсам екен, менікі жақсырақ болса екен деген іштей бәсеке болады. Онсыз өнер жоқ деп есептеймін. Біз алтау едік, үлкен ағам қайтыс болды. Әрқайсымыздың отымыз бөлек болғанымен нәпақамыз бір жерде, осы қолөнер саласындамыз, бір қазанда қайнап жатырмыз.
– Қызылжарлықтар сыйлы қонақтарға тарту жасағысы келсе сіздердің бұйымдарыңызды іздеп жүреді. Сыры неде?
– Біздің осы салада жүргенімізге көп болды ғой. Клиент үшін тартыстың өзі қызық. Әрі өңірге есіміміз белгілі, өзіміздің брендіміз қалыптасты. Облыс қана емес, ел бойынша да тұрақты сатып алушыларымыз бар. Әрі көрмелерге жиі қатысамыз. Жасаған бұйым халықтың назарына ұсынған кезде көз тартарлықтай, басқалардың жанында ұялмайтындай болғаны жақсы ғой. Клиенттеріңнен айырылмас үшін “халтура” жасамайсың. Бәрі сапалы, бірінен-бірі өтетіндей болуы керек.
– Бренд демекші, алтауыңыз, кешіріңіз, бесеуіңіздің жасағандарыңызды қалай айырасыздар?
– Ұқсайды бір-біріне. Халықтың сұранысы бойынша астаудың құлақтарына қыранның, жылқының, қойдың басын ойып жасаймыз. Оюларымыз да ұқсас. Бірақ мен мысалға оюды үш айналдырамын, ағам бір рет қана қайырады. Бір көргенде біркелкі секілді. Бірақ түсінетін, біздің жұмысымызбен таныс басқа шеберлер бірден ажыратады. Мынау Болатбектікі, мынау Айдарбектікі деп танып жатады.
– Бұл оюлар нені білдіреді? Жай ирек емес, қошқармүйізге келетін сияқты…
– Жоқ. Қошқармүйіз емес, күннің нұры, шуағы деген дұрыс шығар.
– Көрме туралы айттыңыз ғой, жиі барасыздар ма? Жалпы, көрмеге қатысу бір күннің ғана жұмысы емес, оған тыңғылықты дайындалу керек. Қатысқандарыңыз үшін қолдау бола ма?
– Иә, дұрыс айтасыз, ол жиналып алып бара салатын жер емес. Оған ертерек қамданамыз, тек астау, ожау ғана емес, басқа да бұйымдарды көрсеткіміз келеді. Былтыр және биыл пандемияға байланысты ешқайда шыққан жоқпыз. Оның алдында көрмеден қалмайтынбыз. Басқа шеберлермен танысасың, тәжірибе алмасасың дегендей. Бірақ ұйымдастырушылар көрме өткесін бізді ұмытып кетеді. Талай айттық. Бұйымдарымызды қоятын арнайы бұрыш та сұрадық. Әзірге, ешқандай қолдау жоқ.
– Қажетті ағаштарды орманға барып өздеріңіз таңдайсыздар ма? – дедім есік алдында жатқан кесілген ағаштарға көзім түсіп.
– Бұрынғыдай орман кезіп, ағаш таңдау жоқ қазір. Кесілгенін сатып аламыз, жуанын, бұтақтары азын таңдаймыз. Астаудың пішінін келтіріп жонғаннан кейін кептіреміз. Бұрын ағашты қайнатып алатынбыз, қазір ол тәсілді қойдық. Ағаш жақсы болса қажеті жоқ, уақыт зая кетеді.
– Бір бұйымды әзірлеуге қанша күн керек, уақытыңыздың көбін осы шеберханада өткізетін сияқтысыз ғой? – дедім. Бұлай сұрауыма бөлменің бұрышындағы кереует түрткі болды. Шебер бір күліп алып:
– Айттым ғой жаңа ғана, бұл – мені асырап отырған кәсібім болғаннан кейін уақытымның көбі осында өтеді. Тапсырыстар көп болады, сол кезде бел шешпей еңбек етеміз. Бір астауды жасауға 2-3 апта керек, ағашты кептіру ұзаққа созылады. Оны қарап отыру керек, көп тұрса қаңсып кетеді. Қайыңның ыстықта бұратылып қалатыны бар. Негізгі материалымыз осы қайың мен терек қой, жөке ағашы да қолайлы, бірақ ол біздің жақта өспейді.
– Жұмыстың нәтижесі мына қашауға да байланысты шығар?
– Әрине, бұл жай ғана сайман емес, қолыңның жалғасы десе де болады. Әлбетте, қымбаты да бар, арзаны да бар. Арзанның жілігі татымайды дейді, ондай сапасыз дүниемен сапалы бұйым жасау деген бос әурешілік. Сосын бағасына қарамастан қолға жағатынын аламыз.
Қабырғаны жағалай іліп қойған кескіндерге көзім түсті. Негізінен адамның бейнесі. Керемет өнер туындысы деп айта алмайсың, бірақ қарасаң көз тоқтататындай. Осыны байқап қалған сұхбаттасым:
– Қолым бос кездегі ермегім ғой, кейде ағаштың бедеріне қарап отырып, бірдеңеге ұқсатамын да соны жасаймын. Бұл маған мына астаулардан гөрі көбірек ләззат сыйлайды. Сондықтан уақыт тауып, түрлі композициялар жасауға көштім. Үйде ілулі тұр, қаласаң көрсетейін.
– Әрине, – деп келісе кеттім. Болатбектің шығармашылығымен тереңірек танысу – өзімнің де басты мақсатым. Мынау ұсыныс іздегенге табылған болды. Бұған дейін әлеуметтік желілерден ғана көргенмін.
Қонақ бөлме кішігірім галерея сияқты. Кабырғада жылқының 2-3 суреті ілінген екен. Жайылымда жүрген бір үйір жылқы. Көз алдыма жайлау келді. Көк майса шалғында жайылып жүр. Тіпті оттаған малдың бытыр-бытыр еткізіп шөпті жұлғанына дейін елестеп, жылқының тері мен жусан, қурайы аралас иісі де мұрнымды қытықтап өтті. Осы бір ғажап қиялдан үй иесінің дауысы сергітті. Болатбек бұрышта тұрған астауларын көрсетіп жатыр екен. Екі құлағына жылқының басын салған сопақ астау, дөңгелек табақ пішіндесінің екі жағына қойдың басының кескіні бейнеленген. Мұндай заттарды жиі көріп жүргендіктен, назарым тұрақтамады. Өзі айтқандай оюына қарадым. Иә, мынау Болатбектің жасағаны. Күн нұры тектес иректі үш қайырыпты. Өз туындысына риза болған шеберге тән қалыппен, астауларын бір сипап қойды. Ал менің көзім тағы да қабырғада ілулі тұрған композицияға ауып кетті. Бір сәт жансыз бейнеге қарап, арбалып қалғандаймын. Көзін тарс жұмып алған бақсыны көрдім алдымен. Қолында қобыз. Өзі тартқан күйге елтіп, бұл жалғанды ұмытып кеткендей. Бас киімінде қалықтап бара жатқан әлде бүркіт, әлде сұңқар бейнеленген. Оң қапталында ат үстіндегі шабандоз, сол жағында домбыра мен қобыз. Шаңырақ, қамшы және жылқы. Көп жылқы.
– “Қараторғай” деп атадым.
– Не себепті?
– Ұқсаттым, Ақан серіге, Құлагерге, сосын осылай атадым.
Шебердің бұл шешімімен іштей келіспесем де, авторға қарсы сөз айту әбестік еді. Меніңше, бұл туындысын “Дала аңызы” немесе “Құдірет” деп атағаны дұрысырақ секілді ме? Кім білсін? Болатбектің жалпы өмірге, өнерге деген өз көзқарасы ерекше. Өз ұстанымы бар, соған сәйкес шешім шығарады. Қалай дегенмен де, осы салаға ат бұруының өзі біздің өлке үшін жаңалық екені рас. Өйткені дәл қазір Қызылжар өңірінде ұлттық қолөнер саласы әлі де тәй-тәй басқан бала күйінде. Көрсең көз тоймайтын, әрі бір тылсым әлемге жетелейтін туындыларды қимасам да уақыттың тығыздығынан (шеберге де, журналистке де уақыт жетпей жатады) қоштасып сыртқа беттедік.
Иесін көріп, үйшіктен керіліп шығып келе жатқан сұр тазыны байқап қалдым.
– Аңшылыққа да әуестігің бар ма, – дедім қызығушылығымды жасыра алмай.
– Аңшы дегенде, анау айтқандай кәсіби аңшы емеспін, тазы жүгірткенді жақсы көремін. Ертеректе бір рет аңға шыққаным бар, атқан оғым қоянның сирағына тиген екен, қансырап қиналып жатқанын көргенде жаным түршігіп кетті. Содан бері қолыма мылтық алған жоқпын. Тазымды ертіп алып, орманға шығамын, жолымыз болса қоян, құр ұстайды. Болмаса табиғатта серуендеп қайтамыз. Жаңағы панноның ағашын да орман кезіп жүргенде тауып алғанмын. Қолыма алып қарағаннан кейін идея келді де, осы дүние шықты.
Бүгіндері күнделікті қолданыстағы пластигі, қалайысы, шыныдан жасалғаны бар ыдыс-аяққа үйренгеніміз соншалық, оның пайда зиянына бас қатыра бермейміз. Пластиктен жасалғандары арзан әрі көп сынбайды. Мәселен, шыны немесе қыштан жасалғанының денсаулыққа әжептәуір қаупі бар. Ал зияны жағынан меламин ыдыстар қауіпті. Өйткені бұл химиялық зат ыстық тиген кезде формальдегид бөледі. Пластиктен жасалғандары да сондай. Тіпті, қалайы мен тот баспайтын болаттан жасалған қасық-шанышқы да түрлі дәмдеуіштер тигенде өзара реакцияға түсіп, кері әсер етеді. Сондықтан бұлардың көбін Еуропа елдерінде сатуға тыйым салынған. Шетелдің фильмдерін қарасаңыз әр ұлттың өзіне тән ыдыстарын байқайсыз. Түріктер өздерінің құмырсқабел кесесімен шай ішсе, қытай, жапон, кәрістер қасық пен шанықшы орнына қос таяқшаны қолданады. Өзбектер өздері қыштан жасаған табақ, кеселерін ұстайды. Бұлардың бәрін де күнделікті тұрмыста қолданады. Ал біз болсақ өзіміздің төл ыдысымызды қонақ келгенде ғана шығарамыз немесе сән үшін ғана қоямыз. Болатбек Қалдыров та осыған қатты қынжылатынын жасырмады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.