1991 жылдың 16 желтоқсанында әлем картасында жаңа мемлекет пайда болды. Бұл – қайта жаңғырған қазақ елінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Содан бергі 30 жыл тарих тұрғысынан алғанда көзді ашып жұмғандай қысқа сәт. Дегенмен, бұл көптеген қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.
Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Егемендіктің алғашқы жылдары Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі болғаны сөзсіз. Осы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға еніп, Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданып, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнады. Еліміз 1996-2000 жылдар аралығында көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институты орнады. Отандық бизнестің негізі қаланып, түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қор құрылды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, ұлы көшке жол ашылды. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Егемендігіміздің жетінші жылының жетістігі де жас мемлекет үшін ауыз толтырып айтарлықтай болғаны сөзсіз. 1998 жыл “Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы” деп жарияланғаны белгілі. Сол жылы ұлттық тарихқа қатысты ізденістер өріс алып, археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Халықтың тарихи санасын тереңдетуге, жаңаша қалыптастыруға жағдайлар жасалып, мәдени ізденістерге кең жол ашылды.
Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы “Қазақстан – 2030: барша қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты бағдарламалық Жолдауын таныстырды. Маңызды құжаттың мақсаты – елімізді халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет ету болатын. Қоғам аталмыш құжатқа үлкен үміт артты. Абырой болғанда, стратегия бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды. Ұзақ мерзімге жоспарланған жеті негізгі бағыт бөліп көрсетілді. Олар – ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның тұтастығы; қазіргі нарықтық қағидаларға сәйкес шетел инвестицияларының жоғары қарқыны және ішкі қорлардың көмегімен экономиканы одан әрі көтеру; денсаулық, білім беру мен қазақстандықтардың әл-ауқаты; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекетті нығайту. Бұл басымдықтар мемлекет бюджетін қалыптастыруға ықпал етті, стратегияның әрбір тармағы жылдық, үш және бесжылдық жоспарларды жүзеге асыруға байланысты нақты әрекеттерді көздеді. Сонымен зейнетақы, жәрдемақы мен бюджеттік қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеу, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарды несиелендіру, ауыл мектептерін компьютерлендіру сияқты мәселелер алдағы міндеттер болып белгіленді.
Бұл жыл тарихта ел астанасының Алматыдан Арқаға көшуімен есте қалды. 1998 жылдың 6 мамырында “Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы” Жарлыққа қол қойылды. Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап күрделі мемлекеттік ахуал қалыптасты. Сондықтан өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарау керек болды. Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа астананы Ақмола шаһарына көшіруінің саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Астананың егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді. Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыстары қатысты. Астана көші басталар тұста әр аймақ мемлекеттік орган қызметкерлерінің отбасылары үшін көппәтерлі екі үй салып беруді міндетіне алды.
Бастапқыда Ақмоланы аз уақыттың ішінде астана ету мүмкін еместей көрінген. Қала құрылысы жобаларына Түркиядан, Израильден, Италиядан және басқа көптеген елдерден келген инвесторлар белсене қатысты. Қазақстан компаниялары да ерекше белсенділік көрсетті. Жаңа астана алғашқы күндерден бастап-ақ қазақстандықтарды өзіне тарта бастады. Алғашқы жылы бұл қалаға 14 мың адам көшіп келген екен. Одан әрі де қала халқының саны өсе берді.
Тоқсаныншы жылдары бүкіл әлемге алапат зардаптар әкелген азиялық қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасына да әсер еткені белгілі. Ұлттық экономиканы қорғаудың шұғыл шараларын қабылдай отырып, мемлекет жүйелі әрекеттер жасауы тиіс еді. Сондықтан Үкімет экономиканы дамыту үшін алғышарттар жасау және ынталандыру, тактикалық міндеттерді жүзеге асырды. Қазақстандықтар үшін өмірлік маңызы бар салаларды апатты жағдайға ұрындырмау үшін алдын алу шаралары жасалды. Өйткені бұл салалардағы дағдарыс халыққа тым ауыр тиер еді. Алдағы уақытта зейнетақы мен жалақы бойынша берешектерді жою, жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында халықты ауқымды қоғамдық жұмыстарға тарту, қысқы уақытта жылу мен электр энергиясын берудегі іркілістерді жою, ауыл тұрғындарынан әділ бағамен кемінде 1 миллион тонна астық сатып алу мәселелері тұрды.
1998 жылы елімізде зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын ұлғайтты. Бұл ретте елімізде 1998 жылға дейін қолданыста болған ынтымақты зейнетақы жүйесін сол күйінде сақтап қалу экономикадағы және соған сәйкес республиканың әлеуметтік саласындағы дағдарыстық құбылыстардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін еді. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып жоспарлы түрде зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады. Зейнетақы реформасын іске асырудың негізгі мақсаты – зейнетақы жарналарының дербестендірілген есебі арқылы еңбек үлесінің зейнетақыға сәйкес келетін қаржылық жағынан тұрақты және әділетті жүйесін қалыптастыру болды.
1998 жылы Қызылжар өңірінде де атқарылған іс аз емес. Жұмыс берушілердің еңбекақы және әлеуметтік қорғау органдарының зейнетақы бойынша берешегі арта түсті. Ақшалай қаражат тапшы болды. Салдарынан заттай есеп айырысу белең алған болатын. Осындай әдіспен жұмыссыз жүрген азаматтардың 140 миллион теңгеден астам түрлі берешегі өтелген. Бұған қоса жұмыс берушілер жұмыспен қамтуға көмектесу қорына берешектерін астықпен, халық тұтынатын тауарлармен, түрлі заттармен де өтеп келген болатын.
“Тіл туралы” заңның қабылданғанына бір жыл толған еді. Сол кезде заңның 25-бабындағы уәкілетті мемлекеттік орган туралы нақты талаптарды орындау үшін Литва еліндегідей тіл инспекциясын құру туралы бастама көтеріледі. Еліміздің ұлтжанды азаматтары тіл мәселесіне қатысты мақалалар жазып, жұртқа үндеу жасады. Бұл жылы Қызылжар өңірінде орын алған елеулі жаңалықтардың бірі – 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік және басқа ұлттық тілдердің қызметі мен дамуының облыстық бағдарламасының бекітілуі. Аталмыш бағдарламада мемлекеттік тілді дамытуға баса көңіл бөлінген. Мәселен, алдағы екі жылдың ішінде өңірдегі қазақша оқытып, тәрбие беретін мектептер, кластар, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жүйесін жоспарлы дамыту міндеті қойылған. Сондай-ақ аталмыш мерзім ішінде қала және аудандар әкімдерінің аппараттарында, облыстық мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделген.
Егемендіктің жетінші жылында ауыл шаруашылығы саласының жағдайы біртіндеп дұрыстала бастағанды. Алайда облыс аумағында жемазықтың жеткіліксіздігінен және түрлі аурулардың салдарынан біраз мал шығынға ұшырады. Мәселен, облыстық статистика департаментінің мәліметінше, 1998 жылы өңірде барлығы 448,9 мың ірі қара, оның ішінде 226,5 мың сауын сиыр, 148,7 мың шошқа, 214,2 мың қой мен ешкі, 98,9 мың жылқы болған. Бұған 2,6 миллион құсты қосыңыз. Бірақ бұл 1997 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама аз. Себебі малдың өлім-жітімі айтарлықтай көбейген. Облыстық газетте жарияланған “Мал басы азаюда” атты мақалада нақты деректер келтіріледі. “… тек өткен қаңтар айында ғана облыс бойынша 2,2 мың ірі қара, 2,7 мың шошқа және 2 мың қой мен ешкі шығынға ұшыраған. Әсіресе, басқаларға қарағанда малдың өлім жітімі Айыртау, Ақжар, Мамлют, Тайынша және Уәлиханов аудандарында көп болып отыр”, – делінген мақалада.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында электр жарығының жиі сөнуі халықтың наразылығын тудырғаны белгілі. Бірақ бұл мәселе де біртіндеп шешімін таба бастады. Сол кезде облыс әкімі болған Даниял Ахметов қолға алған кешенді шаралардың нәтижесінде шалғайдағы ауылдарға да жарық барды. Павлодар облысындағы Ақсу ГРЭС-інен алынатын электр қуатының бағасы қымбаттау болғаны рас. Дегенмен, жарық беру мәселесін түпкілікті шешуді алдына мақсат етіп қойған өңір басшысы жүргізілген келіссөздердің арқасында бір киловатт электр қуатының құнын 4 теңгеден 3 теңге 50 тиынға дейін төмендетуге қол жеткізді.
Егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздегі орын алған экономикалық қиын жағдайға қарамастан барлық салалар қайта жанданды. Соның ішінде спорт саласын дамыту мәселесіне де басымдық берілгенді. Бұл жылы республикалық және әлемдік деңгейде бірнеше ірі жарыстар өткен болатын. Солардың ішінде Жапонияда өткен ХVІІІ қысқы Олимпиаданың орны бөлек еді. Төрткүл дүние назарын тіккен бұл додаға Қазақстан 60 спортшы апарған. Бұл сында ел намысын қорғағандар арасында екі солтүстікқазақстандық болды. Олар өңірімізге белгілі конькиші – Вадим Шақшақбаев пен Владимир Клепин. Бұл – Вадим Шәмілұлының жаһандық жарысқа үшінші рет қатысуы еді. Петропавлдық спортшы 500 метрде сынға түсіп, 24 орынға ие болды. Жерлесіміз үшін бұл жаман көрсеткіш емес.
1998 жылы көптеген бастамалар қолға алынды. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың төрт мемлекет басшысының кездесуінде бірыңғай Кеден кеңістігін құру туралы бастама көтергенін айта кеткен жөн. 1 маусымда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылып, 28 маусымда “Ұлттық қауіпсіздік туралы”, 9 шілдеде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңдар қабылданды. 18 қыркүйекте Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік және мемлекетттік қызмет академиясы өз жұмысын бастады. 29 қазан күні Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркия президенттері Анкарада кездесіп, Каспий және Орталық Азия мұнайын “Шығыс-Батыс” дәлізі арқылы нарыққа тасымалдау туралы декларацияға қол қойды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.