Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында аудан әкімдерінің есеп беру брифингтері жалғасуда. Бұл жолы Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов баяндама жасады.
aТимирязев ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Мұны аудан әкімі Нұрлан Кеңесовтің баяндамасынан байқауға болады. 2021 жылғы бюджеттің алғашқы төрт айының жоспары 119 пайыз асыра орындалып, аудандық және облыстық бюджет кірістері 360 млн. теңгені құрады. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Соңғы үш жылда мемлекеттен мұндағы шаруаларға 10 млрд. теңгеден асатын көмек көрсетілген. Есесіне былтыр бұл саладағы жалпы өнім 39.3 млрд. теңгені құрады. 2020 жылы 330 мың тонна шамасында астық жиналса, биыл көрсеткіш одан жоғары болуы тиіс. Ол үшін қажетті дайындық жасалып, сапалы тұқым себілуде.
– Агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Аудан бойынша мал басы көбейді. Өткен 4 айда 961 тонна ет, 3870 тонна сүт пен 1 млн. данадан астам жұмыртқа өндірілді. 2021 жылы бірнеше маңызды жоба жүзеге асып, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер 500 басқа дейін қой сатып алмақшы. Қазір “Байкен Агро”, “Ишимское Агро” серіктестіктері 400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермаларын салуда. Қос кәсіпкерге қажетті жер учаскелері берілді, – деді Нұрлан Кеңесов.
Мал фермаларымен қатар ауданда тұрғын үйлер де салынуда. Өткен жылы “Еңбек” бағдарламасы бойынша Тимирязев және Жарқын ауылдарында оңтүстіктен көшіп келушілерге 46 үй тұрғызылған. Ал биыл Ақсуат, Ақжан, Дзержинское, Дмитриевка, Дружба мен Степнойда тағы 40 үйдің құрылысы басталыпты.
– 2020 жылы Тимирязев ауылында жабық хоккей кортының құрылысы басталған болатын. Бұл маңызды нысан алдағы тамызда тапсырылады. Ал қыста онда алғашқы сайыстарды өткізе аламыз. Сонымен қатар “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Осылайша аудан орталығында біртұтас спорт кешені пайда болып, тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға баулуға мүмкіндік туады, – деді аудан басшысы.
Тимирязевте ауызсу мәселесінің біртіндеп шешіліп жатқаны қуантады. Аудан бойынша 182 шақырым су құбыры тартылған. Нәтижесінде 18 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Былтыр алты ауылда сумен қамту сапасы жақсарған. Ал биыл 10 елді мекенде жаңадан су мұнарасы мен тарату бекеттері салынбақ. Жұмыстардың бірқатары биыл, қалғаны келесі жылы тындырылады. Қазір елді мекендерде орталықтандырылған тіршілік көзі су сорғыштармен берілуде. Ал жаңа мұнаралар ауызсу мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік туғызады.
Аудан әкімінің айтуынша, жолдарды жөндеу бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2020 жылы “Волошинка – Сергеевка – Тимирязево” бағытындағы республикалық тасжолдың жеті шақырымы орташа жөнделді. Облыстық маңызы бар “Тимирязево – Ақсуат – Мичурино” күре жолының 3 шақырымы да түбегейлі жөнделіп, су өткізу құбырлары орнатылыпты. Белоградовка мен Мичурино арасындағы 5 километр жол да жаңа кейіпке енген. Аудандық жолдарды жөндеуге бағытталған 1,4 млрд. теңгеге сегіз ауылға баратын 83 шақырым жол жаңартылыпты.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.